МЕКТЕП – ОҚУШЫНЫҢ ТЕК БІЛІМ АЛУ ОРТАСЫ ҒАНА ЕМЕС, СОНЫМЕН ҚАТАР ОНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ, КОММУНИКАТИВТІК МӘДЕНИЕТІ, ӨЗІН-ӨЗІ ҚОРҒАУ ДАҒДЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕЛУІ ҚАЛЫПТАСАТЫН МАҢЫЗДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ.
оңғы жылдары білім беру жүйесінде буллинг мəселесі ғылыми жəне практикалық тұрғыдан кеңінен талқылануда. Дегенмен, бұл құбылыс кейбір жағдайларда қарапайым балалар арасындағы келіспеушілік, əзіл-қалжың немесе уақытша жанжал ретінде қате бағаланып келеді. Алайда буллингтің ерекшелігі – оның кездейсоқ немесе бір реттік жанжалдан айырмашылығы, жүйелі түрде қайталанатын, белгілі бір мақсатқа бағытталған жəне қатысушылар арасындағы күш теңсіздігіне негізделген психологиялық, физикалық немесе əлеуметтік қысым көрсету əрекеті болып табылатындығында. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы «Баланы жəбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын бекіту» туралы № 506 бұйрығында буллинг келесідей түсіндіріледі: «… — қорлау сипатындағы жүйелі (екі жəне одан көп) əрекеттер, қудалау жəне (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір əрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мəжбүрлеуге бағытталған əрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе масс-медиа жəне (немесе) телекоммуникация желілері жəне (немесе) онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған дəл сол əрекеттер (кибербуллинг)»[1]. Қазіргі білім беру жүйесі білім алушылар арасындағы буллингтің алдын алудыңғ жүйелік қажеттілігі бар, əрі стратегиялық маңызды мақсаты ретінде қарастырылады. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сыртқы ортаның қарқынды дамуы жағдайында бұл мəселе ерекше өзектілікке ие. Қазіргі таңда буллинг адамзат қоғамындағы ең өзекті əлеуметтік мəселелердің бірі болып табылады. Бұл құбылыс тек мектеп жасындағы балалар арасында ғана емес, сонымен қатар студенттік ортада жəне түрлі ұйымдардың еңбек ұжымдарында да кеңінен кездеседі. Осыған байланысты буллинг жеке тұлғаның психологиялық саулығына, əлеуметтік бейімделуіне жəне тұлғааралық қарым-қатынасына теріс əсер ететін күрделі əлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде қарастырылады. Буллинг баланың қауіпсіз білім алу құқығын бұзып, оның психологиялық жағдайына, оқу мотивациясына жəне əлеуметтік бейімделуіне кері əсер етуімен сипатталады. Сонымен қатар қазіргі цифрлық ортада буллинг мектеп қабырғасымен шектелмей, əлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тəулік бойы жалғасуы мүмкін. АҚШ-тың мектеп қызметкерлерінің ұлттық қауымдастығы буллингті бір немесе бірнеше оқушының басқа оқушыға қасақана зиян келтіру мақсатында жүйелі түрде қайталанатын вербалды немесе вербалды емес мінез-құлық үлгілері ретінде анықтайды [2]. Баланың даму кезеңінде мектеп оның өміріндегі негізгі əлеуметтік орта болып табылады. Дəл осы ортада бала алғаш рет құрдастарымен тұлғааралық қарым-қатынас орнатып, əлеуметтік өзара əрекеттестіктің алғашқы тəжірибесін жинақтайды. Сонымен қатар, мектеп кезеңі достықтың қалыптасуымен қатар, өз көзқарасын қорғау, өз құқықтары мен мүдделерін сақтау сияқты маңызды өмірлік жағдайлармен бетпе-бет келетін уақыт болып саналады. Алайда, барлық балалар өздеріне бағытталған қысым мен агрессияға тиімді қарсы тұра алмайды. Соңғы жылдары мектеп ортасында буллингтің таралу деңгейі айтарлықтай артып, білім беру жүйе сіндегі өзекті əлеуметтік-психологиялық мəселелердің біріне айналып отыр. Бұл құбылыс, əсіресе жасөспірімдер арасында кеңінен байқалады. Өйткені жасөспірімдік кезең тұлғаның əлеуметтік мəртебесін айқындауға, құрдастары арасында белгілі бір орын алуға ұмтылатын психологиялық тұрғыдан күрделі əрі тұрақсыз даму кезеңі болып табылады. Өзінің қабілеті мен жағымды жеке қасиеттері арқылы құрдастарының назарын аудару əрдайым оңай бола бермейтіндіктен, кейбір жасөспірімдер өздерінің басымдылығын көрсету немесе əлеуметтік беделін арттыру құралы ретінде сыныптастарын қорлауға жəне қудалауға жүгінеді.
Мектеп оқушылары арасындағы буллингтің алдын алу жұмыстарын жүргізер алдында буллинг формаларын, оларға түрткі болатын себеп-салдарды анықтау мақсатында буллингтің бірнеше формада кездесетіні анықталды. Олар: — физикалық (итеру, ұру, затын тартып алу жəне т.б.); — вербалды (мазақтау, кемсіту, қорқыту, лақап ат қою жəне т.б.); — əлеуметтік (топтан шеттету, байкот жариялау, сөйлеспеу, жалғыз қалдыру); — кибербуллинг (əлеуметтік желі, чат, мессенджер немесе онлайн ойындар арқылы жасалады). Аталынған буллинг формаларына сай оның пайда болу салдары да əр-түрлі болатыны анық. Буллингтің пайда болуына бір ғана себеп əсер етпейді. Кей мектепте себеп сыныптағы бақылаудың əлсіздігімен байланысты болса, екінші жағдайда отбасылық қатынас, үшінші жағдайда оқушының өзін дəлелдеу қажеттілігі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Мектептегі буллинг зерттеулері, көбінесе отбасыларда физикалық жазалар қолданылатын немесе отбасы мүшелері балаға белгілі мəселелерді шешу үшін физикалық күш қолдануға үйрететін, отбасылық қатынаста сүйіспеншілік пен жылулықтың, мəселелерді шешуде ата-анадан қолдау таппайтын оқушылар, көп жағдайда басқа оқушыларды қорлау ға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Мінез-құлқында үнемі агрессияны көрсететін оқушылар, əдетте ересектерге қоздырушы мінез-құлық көрсетеді немесе қарсы тұрады, олар қоғамға жат жəне мектептегі мінез-құлық ережелерін бұзуға бейім келеді. Қорқытудың құрбаны болған қатысушылар əдетте мазасызданады, өзіне сенімді емес, сақ жəне өзін-өзі төмендігінен зардап шегеді, оларды қорқытатын топпен кездескенде сирек қорғанады немесе кек алады. Оларға əлеуметтік дағдылар мен достар жетіспеуі мүмкін жəне олар көбінесе əлеуметтік оқшаулануда. Кейбір оқушылар өзіне сенімсіздігін жасыру үшін өзгелерді төмендетуге тырысады. Агрессордың сырттай мықты көрінуі оның ішкі тұрақтылығының белгісі болмауы мүмкін. Керісінше, өзін дəлелдеуге, топ ішінде бедел жинауға, назар аудартуға ұмтылу буллингке итермелейді. Жəбірленуші ретінде көбіне тұйық, жаңа ортаға бейімделуі қиын, сыртқы келбеті, сөйлеуі, оқу үлгерімі, əлеуметтік жағдайы немесе мінез-құлқы өзгешелеу балалар таңдалуы мүмкін [3, 10-б]. Сонымен, оқушылар арасындағы буллингтің туындауына ықпал ететін негізгі факторларға мыналар жатады: — жеке тұлғаның агрессивті мінез-құлық көрсетуі, виктимдік ерекшеліктері, конформдылығы, сондай-ақ буллингке ұшырауы ықтимал құрбанның болуы; — топтың əлеуметтік-психологиялық ахуалының қолайсыз болуы, антиəлеуметтік топтық əрекеттердің орын алуы, топтың жеткілікті деңгейде қалыптаспауы жəне оның мүшелері арасында құндылықтық-бағдарлық бірліктің болмауы. Көп жағдайда буллингтің құрбаны белгілі бір ерекшелігімен көзге түсетін тұлға болады. Бұл ерекшелік ұлтына, дене бітіміне, бойына, сыртқы келбетіне немесе əлеуметтік жағдайына байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда өз мінез-құлқымен буллерлердің назарын аударатын балалар да құрбанға айналады. Оларға үнемі шағымданатын, өзгелерден ерекшеленуге тырысатын немесе тым сезімтал балалар жатады. Мінез-құлықтағы ауытқулардың негізгі себептері ретінде тұлғаның психологиялық кешендері, қорқыныштары жəне балалық шақтағы психологиялық жарақаттары қарастырылады. Сондықтан білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу жəне оның таралуына жол бермеу маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Буллингтің алдын алу мен оған қарсы əрекет етуде педагогтердің, мектеп психологтарының жəне білім алушылардың қырағылығы ерекше маңызға ие. Буллингтің тағы бір маңызды қыры – оқиғаға куə болатын адамдардың немқұрайлы көзқарасы. Мұндай жағдайлар тəжірибеде жиі кездеседі – оқушылар қорлау, кемсіту, күш көрсету жəне көпшілік алдында масқаралау əрекеттерін көргенімен, көп жағдайда оған араласпайды. Бұл көбінесе өздерінің де буллингтің құрбанына айналып қалуынан қорқумен түсіндіріледі. Сонымен қатар, буллинг үдерісіне бақылаушы ғана емес, қорлауды қолдайтын немесе оған жанама түрде ықпал ететін тұлғалар да қатысады. Сонымен, буллинг бір ғана оқушының мінезінен туындамайтынын анықтай келе буллинг себептері мен салдарын кестеге (1-кесте) салдық: Мектептегі буллингтің түрлерін, себеп-салдарын анықтағаннан кейін, алдын алу шараларын жоспарлау кезеңіне ерекше мəн берілген дұрыс. Буллингтің алдын алу шараларын сапалы жүзеге асыру мақсатында алдымен мектеп ұжымы, атааналар мен құқық қорғау органдары арасында тығыз байланыс орнауы маңызды. Жоспарды мектеп əкімшілігі, ата-аналар комитетінің төрағалары мен құқық қорғау органы қызметкерлері бірлесе отырып құруы қажет. Мектеп ортасында буллингтің алдын алу жұмыстарын жоспарлауда төменде көрсетілген нормаларды ескеру керек: — тек оқушылар ұжымындағы өзара қарым-қатынас мəселелерін ғана емес, сонымен қатар білім алушының əлеуметтік ортасын, отбасылық жағдайын, тұлғалық ерекшеліктерін жан-жақты талдау жəне оларды түзетуге бағытталған педагогикалық əрі тəрбиелік шаралар; — буллингтің туындау себептерін жоюмен ғана шектелмей, білім алушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту, тиімді коммуникация мəдениетін қалыптастыру, эмпатияны, толеранттылықты жəне өзара құрметті дамыту; — жеке тұлғаға бағдарланған білім беру қағидаттарына негізделген жəне жасөспірімдердің жеке психологиялық ерекшеліктерін ескеретін инновациялық əлеуметтік-педагогикалық технологияларды қолдану; — буллинг белгілі бір даму кезеңдерінен өтетін əлеуметтік құбылыс болғандықтан, əлеуметтік педагогтың оның пайда болуынан бастап өршуіне дейінгі барлық сатыларында алдын алу жəне түзету жұмыстарын ұйымдастыруға дайын болуы; — буллингтің профилактикасы баланың жеке тұлғалық жəне əлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін кешенді диагностикалық жұмыстарды қамту; — білім беру үдерісін психологияландыру, педагог пен білім алушы арасында сенімге негізделген өзара қарым-қатынасты қалыптастыру, қолайлы психологиялық ахуалды қамтамасыз ету; — жасөспірімдердің құқықтық, əлеуметтік жəне психологиялық құзыреттерін дамытуға ықпал ететін сапалы əрі кешенді білім беру ортасын қалыптастыру. Буллингтің əлеуметтік-педагогикалық профилактикасы – жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктерін диагностикалауға, қалыптастыруға жəне дамытуға бағытталған кешенді педагогикалық үдеріс. Мінез-құлықтағы ауытқуларды түзету жұмыстарының тиімділігі көптеген факторларға тəуелді. Олардың қатарына білім беру үдерісіне қатысушылардың алдын алу жұмыстарының сапасы, білім алушылардың қызығушылықтары, қажеттіліктері мен бейімділіктерін ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ отбасыішілік қарым-қатынастарды жанжақты талдау жатады. Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу жұмыстары жүйелі, мақсатты жəне кешенді сипатта ұйымдастырылуы тиіс. Профилактикалық іс-шаралар буллингке қатысу қаупі бар білім алушылармен жеке жұмыс жүргізуді, сондай-ақ білім беру ұйымының барлық субъектілерін – білім алушыларды, педагогтерді, ата-аналарды жəне психологиялық қызмет мамандарын қамтитын топтық жұмыстарды қамтуы қажет. Осындай кешенді тəсіл ғана білім беру ортасында қауіпсіз психологиялық ахуалды қалыптастыруға жəне буллингтің алдын алу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Пайдаланылған əдебиеттер
1. Баланы жəбірлеудің (буллингтің) профилактикалық қағидаларын бекіту туралы: Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығы / https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200031180
2. Ожиёва Е.Н. Буллинг как разновидность насилия. Школьный буллин. Научная индустрия европейского континента: сборник докладов конференции Белгород: Руснаучкнига, 2008. 3. Г. Жуматова, Н. Байжуманова, Т. Чаусова Буллинг жəне кибербуллинг – əлеуметтік-педагогикалық проблема ретінде // Вестник КазНПУ имени Абая. Серия: Социологические и политические науки. – 2023. – Т. 82. – №. 2. – С. 5-13.


