Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында азаматтың жеке сот орындаушысына электрондық аукцион арқылы мүлікті өткізу нәтижелерін ресімдеуге байланысты берген талап қоюы бойынша әкімшілік іс қаралды.
Сот анықтағандай, талап қоюшы электрондық аукционда автокөлікті жеңіп алып, оның құнын толық көлемде төлеген. Алайда сатып алу-сату шарты сатып алушыға уақтылы әрі тиісінше жеткізілмеген.
Сот талқылауы барысында талап қоюшы жеке сот орындаушысына шарттың электрондық пошта арқылы келіп түспегенін бірнеше рет хабарлағаны және оны тиісті электрондық сервис арқылы QR-код көмегімен жолдаудың өзге цифрлық тәсілін пайдалануды ұсынғаны анықталды. Алайда жеке сот орындаушысы шартты ресімдеудің аталған тәсілін пайдаланбаған.
Кейіннен істі қарау барысында автокөлік талап қоюшыға берілді. Сонымен қатар, сот жеке сот орындаушысының мүлікті өткізуге байланысты рәсімдерді тиісінше ресімдеу және уақтылы орындау бөлігіндегі әрекеттеріне құқықтық баға берді.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 3-бабына сәйкес атқарушылық іс жүргізу атқарушылық әрекеттерді жасау мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың заңдылығы, уақтылығы мен ашықтығы, сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарында жүзеге асырылады.
Сот мүлік электрондық аукцион арқылы өткізілгеннен кейін жеке сот орындаушысы тиісті рәсімдерді тиісінше және уақтылы аяқтау үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті екенін атап өтті.
Бұл ретте жеке ұйғарымда кәсіби қызметті цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сот аукцион арқылы өткізілген көлік құралдарына қатысты шарттарды ресімдеу және оларға қол қою цифрлық құралдарды, оның ішінде QR-кодты пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін екенін анықтады. Алайда жеке сот орындаушысы мұндай тәсіл туралы хабардар болмағанын түсіндірген.
Сот тиісті салада кәсіби қызмет атқаратын маман өзінің өкілеттіктерін жүзеге асырумен тікелей байланысты цифрлық тәсілдер мен тетіктерді меңгеруге тиіс екенін атап көрсетті.
Бұл іс белсенді цифрлық трансформация жағдайында ерекше өзектілікке ие. Жаппай цифрландыру жағдайында жекелеген электрондық сервистерді формалды түрде меңгеру жеткіліксіз. Жеке сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу барысында туындайтын мәселелерді шешудің заңнамада көзделген және қолжетімді барлық цифрлық тәсілдерін білуге, сондай-ақ осы саладағы білімі мен кәсіби құзыреттілігін үнемі арттырып отыруға тиіс.
Егер қандай да бір цифрлық өзара іс-қимыл тәсілі белгілі бір себептермен тиісті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермесе, маман қажетті рәсімді уақтылы әрі тиімді аяқтауға мүмкіндік беретін өзге де заңды электрондық тетіктерді білуі және оларды қолдана алуы қажет.
Сондықтан жеке сот орындаушыларының цифрлық сауаттылығы мен кәсіби құзыреттілігін тұрақты түрде арттыру ерекше маңызға ие. Цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін білмеу азаматтардың құқықтарын уақтылы іске асыруға және қорғауға кедергі болмауға тиіс.
Істі қарау нәтижесі бойынша жеке сот орындаушысының электрондық сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартуға байланысты әрекеттері заңсыз деп танылды.
Анықталған бұзушылықтарға байланысты сот мән-жайларды тексеру және тиісті шаралар қабылдау үшін Түркістан облысының Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жеке ұйғарым жолдады.
Соттың жеке ұйғарымын Палата орындады. Онда көрсетілген талаптар мен тұжырымдар Түркістан облысының барлық жеке сот орындаушыларының назарына жеткізілді.
Қабылданған шаралар алдағы уақытта осындай бұзушылықтардың алдын алуға, атқарушылық іс жүргізудің сапасын арттыруға және жеке сот орындаушыларының өз кәсіби міндеттерін тиісінше орындауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаралған іс цифрландыру дәуірінде цифрлық құзыреттіліксіз кәсібилікке қол жеткізу мүмкін еместігін тағы бір мәрте көрсетеді. Жаңа электрондық сервистерді, цифрлық тетіктерді және оларды тәжірибеде қолдану тәсілдерін тұрақты түрде зерделеу жеке сот орындаушысының сапалы, уақтылы әрі тиімді қызметінің қажетті шартына айналып отыр.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы С.А. Кусембаева


