Кез келген құқықтық мемлекеттің беделі әділ заңдардың қабылдануымен немесе соттардың тәуелсіздігімен ғана өлшенбейді. Құқықтың шынайы күші сот шешімдерінің нақты әрі уақытылы орындалуынан көрінеді. Егер сот шешімі орындалмаса, азаматтың бұзылған құқығы толық қалпына келді деу қиын. Сондықтан атқарушылық іс жүргізу – сот төрелігінің заңды жалғасы ғана емес, құқық үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі институттардың бірі. Оның тиімділігі азаматтардың мемлекетке және сот билігіне деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Қазақстанда атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру бағытында соңғы жылдары көптеген реформалар жүргізілді. Жеке сот орындаушылары инс титуты енгізілді, цифрландыру үдерісі жүріп жатыр, ақпараттық жүйелер арқылы мəлімет алмасу мүмкіндігі кеңейді. Дегенмен тəжірибе көрсеткендей, жүйеде əлі де шешімін күткен мəселелер бар. Бүгінгі таңда басты міндет – атқарушылық іс жүргізуді тек мəжбүрлеу құралы ретінде емес, сот шешімін тиімді жəне əділетті орындауға бағытталған заманауи жүйе ретінде қалыптастыру. Қоғамда жиі көтерілетін мəселелердің бірі – борышкерлердің банк шоттарына қойылатын шектеулер. Əсіресе азаматтардың жалақысы немесе зейнетақысы толық көлемде бұғатталып қалатын жағдайлар көп талқыланады. Аталған мəселені жекелеген сот орындаушысының əрекетімен ғана түсіндіру толық объективті болмайды. Бұл қолданыстағы құқықтық жəне техникалық тетіктердің ерекшеліктерімен де байланысты. Сот орындаушысы борышкердің барлық екінші деңгейлі банктердегі шоттарына бір ғана қаулымен тыйым салу туралы қаулы шығарады. Алайда ол сол сəтте қай шотқа жалақы, зейнетақы немесе əлеуметтік төлем түсетінін əрдайым анықтай алмайды. Бұдан бөлек, банк жүйесінде жаңа ашылған шоттарға қатысты да техникалық қиындықтар бар. Бұрын шығарылған қаулы жаңартылған кезде азаматтың күнделікті қажеттілігіне пайдаланатын шоты қайтадан шектеуге түседі. Мұндай жағдай қоғамда сот орындаушысына деген түсініспеушілікті туындатады. Бұл мəселенің тиімді шешімі – əлеуметтік маңызы бар төлемдерді қорғаудың арнайы құқықтық механизмін енгізу. Жалақы жəне зейнетақы алуға арналған арнайы қорғалған шоттардың құқықтық мəртебесін нақты белгілеу мəселесін қарастыру орынды. Мұндай жағдайда сот шешімінің орындалуы тоқтамайды. Өндіріп алу борышкердің табысынан заңда белгіленген тəртіппен жүргізіледі. Яғни, өндіріп алу заңда белгіленген тəртіппен жалғасады, ал азаматтың ең төменгі тұрмыс қажеттілігіне арналған қаражаты қорғалады. Ақпараттық жүйелердің толық интеграциясы – тиімді орындаудың негізі. Қазіргі заманда атқарушылық іс жүргізудің тиімділігі ақпаратқа тікелей байланысты. Сот орындаушысы борышкердің нақты жұмыс орнын, табыс көзін жəне қаржылық жағдайын неғұрлым жылдам анықтаса, өндіріп алу да соғұрлым тиімді жүргізіледі. Соңғы жылдары ақпараттық жүйелер едəуір жетілдірілгенімен, олардың өзара ықпалдастығын одан əрі дамыту қажеттілігі сақталып отыр. Кейбір жағдайларда сот орындаушысы үшін қажетті мəліметтердің түрлі ақпараттық ресурстарда шашыраңқы орналасуы өндіріп алу рəсімінің жеделдігіне əсер етеді. Мысалы, жүйе көбіне міндетті зейнетақы жарналары туралы ақпаратқа сүйенеді. Бірақ еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шыққан əскери қызметшілер немесе арнайы санаттағы азаматтар жұмысқа орналасқан жағдайда олардың қызметі əрдайым осы мəліметтер арқылы анықталмауы мүмкін.
Сонымен бірге мемлекеттік цифрлық жүйелерде қажетті ақпарат бар. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде азаматтардың жұмыс орны туралы мəліметтер қалыптасады. Сондықтан атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін осы деректермен интеграциялау қажет. Бұл сот орындаушысына борышкердің нақты жұмыс орнын анықтап, өндіріп алуды ең алдымен табыс көзінен жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл тек сот орындаушысының жұмысын жеңілдету емес. Ең бастысы – атқарушылық шаралардың азаматтардың құқықтарына барынша аз шектеу келтіретін, бірақ сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ететін əділетті тетіктерге айналуында. Атқарушылық іс жүргізудегі маңызды бағыттың бірі – өндірілген қаражаттың қозғалысы. Өндірілген қаражаттың қауіпсіздігі – сенімнің мəселесі. Сот шешімі бойынша өндірілген қаражат өндіріп алушыға уақытылы əрі толық жетуі тиіс. Өйткені азамат немесе ұйым сот арқылы өз құқығын қорғап қана қоймай, оның нақты орындалуын күтеді. Қазіргі кезде өндірілген қаражаттың жеке сот орындаушыларының депозиттік шоттары арқылы өтуі белгілі бір тəуекелдер туғызатыны құқық қолдану тəжірибесінде байқалады. Бас прокуратура жүргізген тексерулер барысында өндірілген қаражатты уақытылы аудару жəне оның сақталуына байланысты мəселелер зерделеніп, бұл бағыттағы тəуекелдер Парламент Мəжілісінде де көтерілді. Аталған жағдайлар өндірілген қаражат қозғалысының ашықтығы мен бақылауын одан əрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты жеке сот орындаушыларымен де өндірілген қаражатты əділет органдарының орталықтандырылған депозиттік жүйесі арқылы басқару мүмкіндігін қарастыру қажет. Мұндай тетік қаражаттың сақталуына кепілдік беріп, өндіріп алушының құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік туғызады. Атқарушылық іс жүргізудегі ең күрделі бағыттардың бірі – ірі көлемдегі берешектерді өндіру. Мұндай істерде қаржылық талдаудың маңызы ерекше. Тəжірибеде сот орындаушыларымен заңда көзделген атқарушылық əрекеттер нəтиже бермеген жағдайда борышкерлерді Қылмыстық кодекстің 430-бабының талабына сай қылмыстық жауапкершілігін қарауды сұрап ішкі істер органдарына ұсыныс жолданады жəне аталған орган құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ұсыныстардың барлығын дерлік кері қайтарып жатады. Нəтижесінде атқару құжаттары орындау мүмкіндігі болмауына байланысты өндіріп алушыларға жəне сотқа орындаусыз қайтарылады. Əсіресе заңды тұлғаларға қатысты істерде қарапайым іздестіру шаралары жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі кəсіпкерлік субъектілерінің қаржылық операциялары күрделі, активтері əртүрлі нысанда орналасады, кей жағдайда мүліктің қозғалысын анықтау арнайы білімді талап етеді. Сондықтан ірі көлемдегі берешектер бойынша қаржылық талдау жəне аудит жүргізу тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыру орынды. Мұндай тексеру барысында:кəсіпорынның нақты қаржылық жағдайы; активтердің қозғалысы; үлестес тұлғалармен мəмілелер; мүлікті шығару белгілері; берешекті өтеу мүмкіндігі жан-жақты зерттелуі тиіс. Егер сот шешімін орындаудан қасақана жалтару, активтерді жасыру немесе мүлікті басқа тұлғаларға шығару белгілері анықталса, мұндай жағдайларға құқықтық баға берілуі қажет.
Сот актісін орындамаудың барлық жағдайы бірдей емес. Əсіресе ірі көлемдегі берешектер бойынша борышкердің активтері үлестес тұлғаларға шығарылуы, күрделі қаржылық операциялар жүргізілуі немесе мүліктің нақты қозғалысын анықтау қажеттілігі туындайтын жағдайлар кездеседі. Мұндай істерді тергеу қаржылық құжаттарды, бухгалтерлік есепті жəне активтердің қозғалысын терең талдауды талап етеді. Сондықтан осы санаттағы істер бойынша қаржылық-экономикалық талдау жүргізу тəжірибесін күшейту немесе мұндай істерді тиісті қаржылық-экономикалық талдау жүргізу тəжірибесі бар тергеушілердің қарауына беру мəселесін талқылау орынды болар еді. Сонымен қатар атқарушылық құжаттарды орындамай қайтару институты да жетілдіруді қажет етеді. Əрине, барлық жағдайда өндіріп алуға мүмкіндік бола бермейді. Бірақ əсіресе ірі сомалар бойынша «мүлік анықталмады» деген қорытындыға келмес бұрын берешектің пайда болу себептері, қаражаттың қозғалысы жəне борышкердің əрекеттері толық зерттелуі тиіс. Сот шешімін орындаудан қасақана жалтару жағдайларына құқықтық ықпал ету тетіктері тиімді əрі бірізді қолданылуы тиіс. Сот шешімін орындау – тек мемлекеттік органдардың немесе сот орындаушысының міндеті емес. Бұл – борышкердің де заң алдындағы міндеті. Сот актісін адал əрі уақытылы орындау құқықтық мəдениеттің маңызды көрсеткіші болып табылады. Ал сот шешімін орындаудан негізсіз жалтару сот билігінің беделіне жəне құқықтық тəртіпке кері əсер етеді. Сондықтан адал орындау мəдениетін қалыптастыру құқықтық саясаттың маңызды бағытының бірі болуы тиіс. Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру тек құқық қолдану тəжірибесімен немесе цифрлық жүйелерді дамытумен шектелмеуі керек. Заңнаманың сапасы, құқықтық терминдердің бірізділігі жəне мемлекеттік тілдегі құқықтық мəтіндердің дəлдігі де құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Құқықтық жүйенің тұрақтылығы қабылданған нормалардың мазмұнына ғана емес, олардың түсінікті əрі біркелкі қолданылуына да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда заңнамалық терминологияның жүйелілігі мен заң мəтіндерінің тілдік сапасына ерекше назар аудару қажет. Соңғы жылдары процессуалдық заңнамада терминология жаңартылып, Азаматтық процестік кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс жəне Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс сияқты атаулар орнықты. Алайда атқарушылық қызметті реттейтін негізгі заң əлі күнге дейін «Атқарушылық іс жүргізу жəне сот орындаушыларының мəртебесі туралы» деп аталады. Сонымен қатар заңның қазақ жəне орыс тілдеріндегі атауларының мазмұндық жəне терминологиялық үйлесімділігі де қайта зерделеуді қажет етеді. Мұндай мəселелерді құқықтық терминологияны біріздендіру тұрғысынан қарастыру заңнаманың тұтастығын қамтамасыз етуге ықпал етер еді. Сонымен қатар заң мəтіндерінің қазақ жəне орыс тілдеріндегі теңтүпнұсқалығы да тұрақты назарда болуы қажет. Құқық қолдану тəжірибесінде жекелеген нормалардың екі тілдегі редакцияларының мазмұны толық сəйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Мысалы, заңның 138-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында қазақ тіліндегі редакцияда «үйлерді бұзу» деген ұғым қолданылса, орыс тіліндегі мəтінде «снос» деген жалпы ұғым берілген. Мұндай айырмашылық құқықтық норманы əртүрлі түсіндіруге жəне құқық қолдану практикасында бірізділіктің бұзылуына алып келуі мүмкін. Сондықтан атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы кезең-кезеңімен құқықтық-лингвистикалық сараптамадан өткізіп, мемлекеттік жəне орыс тілдеріндегі мəтіндердің толық сəйкестігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл мемлекеттік тілдегі құқықтық терминологияның жүйелілігін нығайтып қана қоймай, құқық қолданудың бірыңғай тəжірибесін қалыптастыруға да ықпал етеді. Құқық үстемдігі сот залында басталып, атқарушылық іс жүргізуде аяқталады. Сондықтан сот шешімдерінің толық əрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету – тек сот орындаушыларының ғана емес, бүкіл құқықтық жүйенің ортақ міндеті. Сот шешімін орындау азаматтың немесе ұйымның бұзылған құқығын нақты қалпына келтірудің соңғы кезеңі болып табылады. Осы себепті атқарушылық іс жүргізудің тиімділігі мемлекеттегі құқықтық тəртіптің, заңға деген құрметтің жəне азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің маңызды көрсеткіші саналады. Бұл бағыттағы реформалар кешенді сипатта болуы тиіс. Бір жағынан, цифрлық технологияларды дамыту, ақпараттық жүйелерді толық интеграциялау, өндіріп алу рəсімдерінің ашықтығын арттыру қажет. Екінші жағынан, азаматтардың əлеуметтік құқықтарын қорғау, өндірілген қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ірі көлемдегі берешектерді өндірудің тиімді тетіктерін қалыптастыру жəне заңнаманың сапасын жетілдіру маңызды. Осындай кешенді тəсіл ғана сот шешімдерінің орындалу сапасын арттырып, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайтуға жəне құқық үстемдігі қағидатын нақты өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Нұрлан ЖАРМАХАНБЕТ, құқық магистрі


