Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны өте көп. Оларды әмбебап болуға үйреткен – заманы. Ұлт мәселесі талқыға түскен заманда елді қалай болмасын біртұтас қылуды мақсат еткен Алаштықтардың есімі еске оралғанда, Ахмет атамызға соқпай кету – үлкен сын. Бар ғұмырын халық жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы халықтың тілі мен өзіндік мәдениеті қалыптасқанда ғана елдің ертеңі жарқын боларына үлкен сенім білдірді. Ұлт болмысын сақтап қалу үшін әрбір салаға өлшеусіз үлес қосты.
Қыркүйектің 5-ші жұлдызында Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген туған күніне орай Ақтөбе облысының соттары түрлі тарихи-әдеби және мәдени шаралар ұйымдастырып, тіпті оның өлеңдерін оқып, челлендж ұйымдастыруда. Мұндай шаралардың басты мақсаты – ұлт ұстазының ұрпақтарына оның өмір жолы, шығармашылығы және атқарған қызметі туралы мағлұмат беріп, қазақ тілінің әліппесін шығарған Ахмет Байтұрсынұлын мадақтау, келер ұрпаққа үлгі ету болатын.
Өткен жылы да Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өту мақсатында «Ұлт ұстазы — Ахмет» атаулы әдеби кеш ұйымдастырылған болатын.
Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлға – дарынды ақын, ғалым-публицист, түркітанушы, аудармашы, педагог, қоғам қайраткері. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы болған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін жоғары деңгейде атап өту үшін шаралар алынып, Ақтөбе облысының соттары түрлі шараларды жылма-жыл ұйымдастырып келеді.
Ақтөбе қаласындағы бұрынғы №24 орта мектебіне 2022 жылдың 18 шілдесінде Ақтөбе облысы әкімінің №232 қаулысымен Ахмет Байтұрсынұлы аты берілгендіктен, осы мектептің ұжымын арнайы шақырған болатынбыз.
Ахмет Байтұрсынұлының атын атын мадақтау мақсатында мектеп жанында құрылған «Таңшолпан» хор үйірмесінен ұлттық нақышта ән айтып, кешімізді музыкалық сүйемелдеуге шақырдық.
Ахмет Байтұрсынұлы Торғай даласының тумасы, 1872 жылы 5 қыркүйекте Жангелді ауылы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген.
Ахмет – ұлттың ұстазы, халық жанашыры. Ахметтің артында қалдырған еңбектері, келешек ұрпақтың аманаты, жемісі. Бүгінгі ұрпақ А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзеу керек деп есептеймін. Оның өмір жолы ауыр да, азапты болды. Аласапыран кезеңде Алаш жұртына түзу жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың өз үлесін алып беруді көздеді. Көкірек көзі ашық, көңілі көлдей қазақ жастары Ахмет атамыздың артынан еріп, ақылын тыңдап, автономия құрды. Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақ зиялылары қазақтың шекарасын бекітіп, керегесін кеңейтіп, әдебиетінің іргесін қалады.
Ахмет атамыз жайлы жазбау, Алаш ұрпақтарына үлкен сын. Оның ерлігі, азаматтығы, адалдығы, отансүйгіштігі талай азаматтың бойына шабыт беріп, жанына қуат сыйлады. Ахмет ақырғы сәуле көзден жылт еткенше қазақ деп, Алаш деп өтумен болды. Бұл сөзімізді Сәкен Сейфуллиннің «Өзге оқыған қайраткерлер атақ қуып жүргенде, ұйқыдағы қара халықтың жоғын жоқтап, мұң —мұқтажына көңіл бөлген Патшалық Ресей заманында бір ғана тұлға болды, ол — Ахмет Байтұрсынұлы болатын», — деген сөзі ағасына деген шынайы пейілмен айтылған інілік көзқарас болатын. Сол кезеңдегі бар ауыртпашылықты арқасына артып, бойына қазақилықты сіңірген Ахмет атамыз – бүгінгі ұрпақтың кемеңгері. Оның әр істеген ісі, әр сөзі келешек ұрпақтың санасында мәңгілік оттай жанып тұрмақ. Әр қазақ Ахметтің аманаттаған сөзін арқалап, жетер жеріне дейін жеткізері анық.
Ахмет – ұлттың ұстазы, халық жанашыры. Ахметтің артында қалдырған еңбектері, келешек ұрпақтың аманаты, жемісі. Бүгінгі ұрпақ А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзейді. Оның өмір жолы ауыр да, азапты болды. Аласапыран кезеңде Алаш жұртына түзу жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың өз үлесін алып беруді көздеді. Көкірек көзі ашық, көңілі көлдей қазақ жастары Ахмет атамыздың артынан еріп, ақылын тыңдап, автономия құрды. Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақзиялылары қазақтың шекарасын бекітіп, керегесін кеңейтіп, әдебиетінің іргесін қалады.
ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы — өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Ол өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспеншілікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның туған тіліне деген құрметі жоғары болды. Оны бәрінен биік қойды.
Назарларыңызға Ахмет Байтұрсынұлының ең құнды әрі нақ айтқан тіл туралы тағылымдарын ұсынамын.
- Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
- Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
- Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
- Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.
- Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс.
- Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.
Қазақ халқының асыл да дана перзенті, ана тіліміздің жанашыры А. Байтұрсынұлы айтқанындай, туған тіліміз — тұғырымыз, екенін әсте ұмытпайық. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі үстем болып, ол мемлекетіміздің ең маңызды тірегіне айнала берсін.
Осы орайда Ақтөбе облыстық сотының қабылдау бөлімінің инспекторы Полатбай Айдана Шайхиисламқызының Ахмет атасына шығарған өз өлеңін ұсынамын:
Ұлт ұстазы – Ахмет
Қазақ үшін қақсайып, қағылған қара қазықтай,
Берген білім қараңғыда жол көрсеткен жарықтай.
Әліппенің әр тарауын әлек етіп жеткізіп,
Ана тілді ардақтаттың, «ұлы ұстаз» боп шарықтай.
Ұйқы бермес «Маса» болып, ояттың қалың жұртыңды,
Қайыспадың көрсең-дағы сүргін салған қуғынды.
Ашыңдар! деп көздеріңді, жалған жолда жөн беріп,
Елдің өшкен санасында лап еткізіп отыңды.
Қуғын – сүргін, жиырма ғасыр, отыз жеті жылдары
Репрессияның жайлауында қайтпас қайсар атылды.
Жарты ғасыр өтсе ғана әділдік оты жаңғырып,
Ақталды ер, жан дем алып, есімің елге оралды.
Әліппе мен төте жазу сананы ашып, нұр етті,
Зерттеп сонша дүниені, тың деректер сыр етті.
Алашында «Алашым!» деп, ел діңгегін көтерсең,
Елің бүгін «Ахметім» деп, мақтан тұтып, жыр етті.
,
Жұртшылық жақсы білуі тиіс, Байтұрсынұлы әйгілі Қарқаралы петициясы авторларының бірі болды. Осы арыз-тілекте жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне Қазақ елінің мүддесіне сай өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстау еркіндігі, күні өткен Дала ережесін қазақ мүддесіне сай заңмен ауыстыру және басқа да мәселелер көтерілді. Дәл осы кезден Байтұрсынұлының саяси қызметі басталды деуге болады.
Оның алғашқы кітабы — «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Осы кітаптың өзінде отаршылдықтың зорлық-зомбылық, елдің тұралаған халін тұспалдап болса да жеткізді.
Ол қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап жаңа үлгі ұсынған реформатор. Оның «Оқу құралы» қазақ жазуының тұңғыш әліппелерінің бірі.
Ахмет жазғандай ұлттық құндылықтарымызды болашаққа дәріптейтін оқулықтар көп болған жағдайда ғана елдің ертеңі жарқын болмақ. Ал, ұлттық болмысынан айрылған елдің ертеңі бұлыңғыр. Өз заманында елінің бағы үшін туылып, елінің жоғын түгендеумен өтетін есіл ерлер қашанда туылары сөзсіз. Бірақта, Ахмет қазақта жалғыз. Оның жазған бір мысал өлеңінің өзі бір ұрпаққа қырық жыл азық боларлық үлгі, қайталанбас өнеге.
Қорытындылай келгенде, А.Байтұрсынұлының есімі тарихта қазақ тіл білімі мен әдебиетінің және қазақ журналистикасының негізін қалаушы ретінде, сондай-ақ, қазақ жазуының реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, ақын, аудармашы, педагог, ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде мәңгі қалмақ.
Асыл мен жасықтың, саф алтын мен сары жездің айырымын ажырата білетін ұрпақ Ахметтің жасаған көзсіз ерліктеріне, ғылыми ізденістеріне, ғаламат аудармаларына, отты көсемсөздеріне ғылыми тұрғыдан лайықты бағасын береді деп сенеміз !
Гүлзия Мақсатқызы, Ақтөбе облыстық сотының мемлекеттік тілді дамыту бас маманы


