7 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын басқару жүйесінде маңызды өзгерістер күшіне енеді. Енді салымшылар жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИБП) жинақтарының 100%-ына дейін бере алады. Бұл туралы қаржыгер, Qazaq Expert Club сарапшысы және EconomIQ Telegram-арнасының авторы Венера Жаналина BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
7 қыркүйектен бастап жеке басқаруға беруге болатын зейнетақы жинақтарының ең жоғары үлесі 50%-дан 100%-ға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар салымшылардың инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндігі едәуір кеңейеді, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, енді азаматтар қандай соманы жеке басқаруға беретінін өздері анықтап, бір немесе бірнеше ИПБ-ті, сондай-ақ олардың инвестициялық портфельдерін таңдай алады.
Салымшылар бір басқарушымен ғана шектелмейді. Олар бірнеше ИПБ-ті және бірнеше инвестициялық портфельді қатар таңдай алады, – деді Венера Жаналина.
Қаржыгердің айтуынша, 7 қыркүйектен бастап әрбір ИПБ үш түрлі инвестициялық портфель ұсына алады.
Әр басқарушы консервативті, қалыпты және тәуекелі жоғары инвестициялық портфельдерді ұсынуға мүмкіндік алады. Қазіргі жүйеде басқарушылар тек бір стратегиямен жұмыс істейді, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл портфельдер тәуекел деңгейі, инвестициялық құралдардың құрамы және күтілетін табыстылығы бойынша ерекшеленеді.
Салымшы үшін енді тек басқарушыны таңдау жеткіліксіз. Ол өзіне сәйкес келетін портфель түрін де дұрыс таңдауы керек. Стратегиялар арасындағы негізгі айырмашылық – акциялар мен облигациялар үлесінде, – деді Жаналина.
Ол акциялардың үлесі жоғары болған сайын ұзақ мерзімде табыс табу мүмкіндігі де артатынын, алайда жинақ құнының уақытша төмендеу қаупі де күшейетінін атап өтті.
Акциялар ұзақ мерзімде жоғары өсім беруі мүмкін. Бірақ олардың құны қысқа мерзімде айтарлықтай құбылады. Ал облигациялар, әдетте, анағұрлым тұрақты және болжамды табыс әкеледі. Дегенмен олар да тәуекелден толық арылмаған, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, инвестициялық стратегияны таңдағанда тек жоғары табысқа қызығу жеткіліксіз.
Таңдау күтілетін табыстылыққа ғана емес, зейнетке шығуға қанша уақыт қалғанына және адамның нарықтағы ауытқуларды қаншалықты көтере алатынына байланысты болуы керек, – деді ол.
Венера Жаналина қазіргі жүйеде тәуекел деңгейінің айырмашылығы Ki(12), Ki(36) және Ki(60) көрсеткіштері арқылы көрінетінін айтты.
Ki(12) портфелінде акциялардың үлесі шамамен 20%, Ki(36)-да – 60%, ал Ki(60)-та – 80%. Ki(12) барлық салымшыларға қолжетімді. Ki(36) – зейнетке дейін үш жылдан астам уақыты қалған азаматтарға, ал Ki(60) – зейнетке дейін 13 жылдан астам мерзімі бар адамдарға арналған, – деді ол.
Сарапшы бұл сандар жинақтарды басқаруға беру мерзімін білдірмейтінін ерекше атап өтті.
12, 36 және 60 деген көрсеткіштер салымшының ақшасы қанша уақытқа берілетінін білдірмейді. Бұл – портфельдің ең төменгі табыстылығы бағаланатын кезеңдер, – деді қаржыгер.
Сонымен қатар ол жаңа жүйеге қатысты маңызды жайтқа назар аударды.
Қазір жаңа стратегиялардың толыққанды статистикасы жоқ. Ki жүйесі тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келеді. Сондықтан алғашқы толық 12 айлық кезеңнің өзі әлі аяқталған жоқ, – деді Венера Жаналина.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ИПБ көрсеткіштерін талдауға мүмкіндік бар болғанымен, басқарушылардың рейтингін жасауға әлі ерте.
Бүгінгі нәтижелерді қарап, кімнің жақсы жұмыс істеп жатқанын белгілі бір деңгейде бағалауға болады. Бірақ қазірдің өзінде «ең үздік басқарушы» деген қорытынды жасау дұрыс емес, – деді ол.
Сарапшы 2024-2025 жылдардағы табыстылық көрсеткіштері қазіргі Ki стратегияларының нәтижесі емес екенін айтты.
Бұл көрсеткіштер ИПБ-тердің бұрынғы жұмыс тарихын көрсетеді. Олар қазіргі инвестициялық стратегиялардың тиімділігін толық сипаттай алмайды, – деді ол.
Сондықтан қаржыгер басқарушыны тек соңғы бір жылдағы табыстылыққа қарап таңдамауға шақырды.
Мен басқарушыны тек бір жылдағы ең жоғары табыстылық көрсеткіші бойынша таңдауға кеңес бермес едім, – деді Жаналина.
Оның айтуынша, салымшылар портфель құрамын да мұқият зерттеуі қажет.
Бірдей кезеңдегі ИПБ-терді салыстыру керек. Сонымен бірге олардың акциялар мен облигациялардағы үлесін, ETF пен инвестициялық қорлардағы қаражатын, валюталық құрылымын және комиссия көлемін қарау маңызды. Бұл мәліметтердің барлығы invest.enpf.kz платформасында жарияланып отырады, – деді сарапшы.
Ол жоғары табыстылық әрдайым сапалы басқаруды білдірмейтінін де ескертті.
Кейде жоғары табыс жоғары тәуекелдің нәтижесі болуы мүмкін. Сондықтан табыстылықтың өзіне ғана қарауға болмайды, – деді ол.
Қаржыгер тағы бір маңызды мәселеге тоқталып, ИПБ-тердің ең төменгі табыстылық үшін жауапкершілігі жинақтардың толық сақталуына кепілдік бермейтінін айтты.
Көпшілік басқарушы ең төменгі табыстылықты қамтамасыз етуге міндетті болса, онда жинақ ешқашан азаймайды деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес, – деді Венера Жаналина.
Оның түсіндіруінше, басқарушының нәтижесі нарықтық эталонмен салыстырылады.
Егер ИПБ белгіленген минималды деңгейден төмен түссе, ол теріс айырманы өтеуге міндетті. Бірақ егер нарықтың өзі теріс нәтиже көрсетсе, салымшы жинағы уақытша минуста қалуы мүмкін, – деді сарапшы.
Ол ИПБ-ті ауыстыру мәселесіне де тоқталды.
Басқа басқарушыға көшу немесе қаражатты Ұлттық банктің басқаруына қайтару құқығы бір жылдан кейін ғана пайда болады. Бірақ бұл стратегияны бір жылдан кейін міндетті түрде бағалау керек деген сөз емес, – деді ол.
Сарапшы ұзақмерзімді портфельдерді қысқа кезеңмен бағалауға болмайтынын айтты.
Кейбір портфельдер үшін бағалау кезеңі 36 немесе 60 айды құрайды. Сондықтан бір сәтсіз жыл басқарушының нашар жұмыс істейтінін білдірмейді, – деді Жаналина.
Оның пікірінше, көптеген салымшы өткен кезеңдегі жоғары табыстылықтың соңынан қуып, қателік жіберуі мүмкін.
Адамдар көбіне актив қатты өскеннен кейін соған ауысады, ал уақытша төмендеу кезінде стратегиясын өзгертеді. Мұндай әрекеттер инвестициялық нәтижені жақсартпайды, керісінше төмендетуі мүмкін, – деді ол.
Венера Жаналина жинақтардың 100%-ын ИПБ-ке беру мүмкіндігін сақтықпен қабылдауға шақырды.
100% беру мүмкіндігі – бұл ұсыныс емес, тек заңмен рұқсат етілген ең жоғары шек, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, егер адам стратегиялардың айырмашылығын толық түсінбесе немесе деректер жеткіліксіз деп санаса, асығыс шешім қабылдамағаны дұрыс.
Барлық қаражатты бірден беруге міндетті емессіз. Толық статистика қалыптасқанша күтуге немесе жинақтың белгілі бір бөлігін ғана жеке басқаруға беруге болады, – деді ол.
Қаржыгер салымшылар алдымен өз тәуекел деңгейін анықтап алуы қажет екенін айтты.
Алдымен өзіңізге қандай тәуекел деңгейі сәйкес келетінін және зейнетке дейін қанша уақыт қалғанын анықтаңыз. Содан кейін ғана сәйкес келетін ИПБ пен портфельдерді таңдап, олардың құрамын, нәтижелерін және комиссияларын салыстырыңыз. Осыдан кейін ғана қандай көлемдегі жинақты басқаруға беру туралы шешім қабылдаған жөн, – деді сарапшы.
Ол 7 қыркүйектен кейін салымшылардың жауапкершілігі де артатынын атап өтті.
Негізгі өзгеріс – салымшыға бұрынғыдан әлдеқайда көп еркіндік беріледі. Бірақ сонымен бірге инвестициялық қателіктің құны да өседі. Сондықтан бүгін ең жоғары табыс көрсеткен басқарушыны емес, тәуекелін түсінетін және ұзақ уақыт ұстай алатын стратегияны таңдау маңызды, – деп түйіндеді Венера Жаналина.
ИПБ-тердің табыстылығы мен инвестициялық стратегиялары туралы толық ақпаратты invest.enpf.kz платформасынан көруге болады.


