Вице-президенттің міндеті тек өкілдікпен шектеле ме? Жаңа Конституцияда бұл қызметке қандай өкілеттік берілгені және билік сабақтастығы қалай реттелгені белгілі.
Қазақстанның жаңа Конституциясында вице-президент институты қайта енгізілді. Бұл лауазымға кандидатураны Президент ұсынады, ал тағайындау үшін Құрылтайдың келісімі қажет.
Вице-президенттің негізгі міндеті қандай? Оны кім тағайындайды? Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның рөлі қандай? Ал қазір бұл қызметке кім тағайындалатыны неге қоғамның басты сұрақтарының біріне айналды?
Осы сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жаңа Конституция мен қолданыстағы заңнама нормалары негізінде жауап іздеп көрді.
Вице-президентті кім тағайындайды?
Жаңа Конституцияның 49-бабына сәйкес, Қазақстанның вице-президентін Президент Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен берілген келісімі арқылы тағайындайды.
Яғни кандидатураны Мемлекет басшысы ұсынады, ал соңғы шешім Құрылтайдың келісіміне байланысты. Вице-президент халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланбайды.
Конституция бойынша вице-президентті қызметтен босату да Президенттің құзыретіне жатады.
Вице-президент немен айналысады?
Конституцияда вице-президенттің негізгі функциясы нақты көрсетілген. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.
Сонымен қатар Президент вице-президентке өзге де өкілеттіктер бере алады.
Бұған дейін конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің халықаралық қатынастардағы Қазақстан мүддесін білдіруі, сондай-ақ қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатуы мүмкін екенін айтқан еді.
Вице-президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады, – деген Ержан Жиенбаев.
Бұл ретте жаңа Конституцияда вице-президент Премьер-министрдің орынбасары ретінде қарастырылмаған. Премьер-министр Үкіметке басшылық етеді, ал вице-президенттің негізгі қызметі – Президент атынан өкілдік ету және Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындау.
Президент қызметінен кетсе, билік кімге өтеді?
Вице-президент институтының маңызды функцияларының бірі – билік сабақтастығын қамтамасыз ету.
Президент өз еркімен отставкаға кеткен, денсаулығына байланысты міндеттерін тұрақты түрде атқара алмаған, қызметінен кетірілген немесе қайтыс болған жағдайда Президенттің өкілеттігі алдымен вице-президентке өтеді.
Егер вице-президент денсаулығына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Президент өкілеттігін қабылдай алмаса, бұл міндет Құрылтай төрағасына, ал ол да қабылдай алмаған жағдайда Премьер-министрге өтеді.
Яғни конституциялық тәртіп мынадай:
Вице-президент → Құрылтай төрағасы → Премьер-министр.
Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда Құрылтай жеті күн ішінде жаңа Президент сайлауын жариялауы тиіс. Сайлау Құрылтайдың тиісті шешімінен кейін екі ай ішінде өткізіледі.
Ал Президенттің міндетін уақытша атқаратын тұлға Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамасын көтере алмайды және Құрылтайды тарата алмайды.
Вице-президентке қандай талап қойылады?
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес, вице-президент болып:
• Қазақстан Республикасының тумысынан азаматы;
• кемінде 40 жастағы;
• мемлекеттік тілді еркін меңгерген;
• соңғы 15 жыл Қазақстанда тұрақты тұрған;
• жоғары білімі бар азамат тағайындала алады.
Сонымен қатар вице-президент өкілді органның депутаты бола алмайды, өзге ақылы қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшесі болуға құқығы жоқ.
Вице-президент не үшін қажет?
Вице-президент институтын енгізу кезінде оның қажеттілігіне қатысты түрлі пікір айтылды. Негізгі түсіндірмелердің бірі – билік сабақтастығы мен мемлекеттік басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз ету.
Мәжілістің бұрынғы депутаты, Заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ бұған дейін вице-президенттің жеке мемлекеттік органды басқармайтынын, Президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік функцияларды атқаратынын айтқан.
Оның пікірінше, институттың негізгі мақсаты – билік ауысқан жағдайда тұрақтылықты сақтау және басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз ету.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та вице-президент лауазымына қатысты түрлі пікір бар екенін айтып, бұл институттың билік жүйесін нығайтуға бағытталғанын атап өткен.
Вице-президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады, – деген Мемлекет басшысы.
Мұндай лауазым шетелде де бар
Вице-президент институты Қазақстан үшін ғана тән модель емес. Мұндай лауазым әртүрлі саяси жүйелердегі бірқатар мемлекетте бар.
Мысалы, АҚШ-та вице-президент Президентпен бірге сайланады және Сенатқа төрағалық етеді. Үндістанда вице-президент сайланады әрі штаттар кеңесі – Раджья Сабханың лауазымы бойынша төрағасы болып саналады.
Сондай-ақ вице-президент лауазымы Аргентина, Бразилия, Әзербайжан, Ангола және басқа да мемлекеттердің саяси жүйесінде бар.
Алайда әр елдегі оның мәртебесі мен өкілеттігі әртүрлі. Қазақстандағы модельдің ерекшелігі – вице-президенттің Президентпен бірге сайланбайтыны және оның кандидатурасын Мемлекет басшысы ұсынып, Құрылтайдың келісімімен тағайындалатыны.
Қазір рәсім қай кезеңде?
2026 жылғы 28 тамыздағы жағдай бойынша вице-президенттің нақты кандидатурасы ресми түрде жарияланған жоқ.
Президенттің «келесі аптада немесе он күн ішінде белгілі болады» деген сөзі – кандидаттың есімі қашан жариялануы мүмкін екеніне қатысты болжам. Ал заңдық тұрғыдан тағайындау рәсімі бұдан бөлек бірнеше кезеңнен тұрады: Президент кандидатураны ұсынады, Құрылтай келісім береді, содан кейін Президент тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Қолданыстағы Конституциялық заңда, егер кандидатураны енгізу кезеңі Құрылтайдың уақытша болмауына немесе сессиялар арасындағы кезеңге тап келсе, Президенттің кандидатураны Құрылтай жұмысы басталғаннан немесе кезекті сессия басталғаннан кейін 20 күн ішінде енгізу тәртібі де белгіленген.
Қазақстанда вице-президент бұрын болған ба?
Иә, Қазақстан тарихында вице-президент институты бұрын да болған.
1993 жылғы Конституцияда вице-президент лауазымы қарастырылды. Алайда ол кезеңдегі оның мәртебесі мен сайлану тәртібі қазіргі модельден өзгеше болды.
1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін вице-президент институты мемлекеттік басқару жүйесінен алынды. 1995 жылғы Конституцияның күші 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатылды.
Сондықтан қазіргі вице-президент институтын 1990-жылдардағы модельдің дәл қайталануы деп қарауға болмайды.
Сонымен қысқаша әрі нақты түсіндірер болсақ, жаңа Конституция бойынша вице-президент:
• Президенттің ұсынуымен Құрылтайдың келісімі арқылы тағайындалады;
• халықтың тікелей дауыс беруімен сайланбайды;
• Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді;
• Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
• Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның өкілеттігін қабылдайтын бірінші тұлға болады;
• вице-президент өкілеттігін қабылдай алмаған жағдайда билік Құрылтай төрағасына, одан кейін Премьер-министрге өтеді.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымдағы алғашқы сессиясы бүгін, яғни 28 тамызда өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында айтылған.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымдағы бірінші сессиясы 2026 жылғы 28 тамызда сағат 11:00-де Астана қаласында шақырылады.
Аталған сессияда Мемлекет басшысы елдің Вице-президентін жариялауы мүмкін деген болжам бар.


