Маңғыстау облысында 11,3 миллион теңгеге қатысты азаматтық дау соттың үш сатысына дейін жетті. Бірінші сатыдағы сот талапкер Нұрбек Мұсабаевтың пайдасына шешім шығарса, апелляциялық алқа бұл шешімді толықтай бұзған. Енді азаматтың соңғы үміті – кассациялық сотта. Даудың түйіні – қарызға берілді делінген 11 миллион 300 мың теңге және оны растайтын қолхат. Түсінікті болу үшін таратып айтсақ, Мұсабаев Нұрбек Қайратұлы, бірнеше жыл бұрын өзіне тиесілі қомақты соманы әлдекімдердің арбауына түсіп бергенін, әлі күнге қайтара алмағандықтан сотқа жүгінгенін айтады. Редакциямызға шағымы айтылған бейнежазбасы мен құжаттарын жіберген азамат, “Алаяқтарға арбалып, өзіме тиесілі қомақты қаражаттан айырылдым. Осыған байанысты Маңғыстау облысы, Маңғыстау аудандық сотында шағымым қаралып, аудандық сот менің талап арызымды негізді деп тапқан еді. Қарсы тараптан менен алған қаражатты тауып беруге міндеттеп шешім шығарған-тын. Алайда, олар аппеляциялық сотқа жүгінген екен, ол сот менің құқықтарымды бұза отырып шешім шығарған. Яғни сот менің қатысуымсыз істі қарап, шешім шығара салған. Бұл қалай сонда?” — деп ашулы.
Бізге келген құжаттарға қарасақ, іс материалдарында көрсетілгендей, талапкер Нұрбек Мұсабаев жауапкер Серік Ташекеновке белгілі бір сомада қаражат бергенін айтып, оны сот арқылы өндіріп алуды талап еткен. 2025 жылғы 10 қарашада Маңғыстау аудандық соты талапты қанағаттандырып, жауапкерден талапкердің пайдасына 11,3 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылдайды. Алайда іс мұнымен аяқталмайды. Жауапкер сот шешіміне апелляциялық шағым түсіреді. 2026 жылғы 4 ақпанда Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді бұзып, Мұсабаевтың талабын қанағаттандырудан бас тартады. Сонымен қатар дауға негіз болған қолхат жарамсыз деп танылады.
Қолхат қысыммен жазылды ма? Істегі ең маңызды мәселенің бірі де осы. Жауапкер қолхатты өз қолымен жазғанын жоққа шығармайды. Алайда оның қысыммен жазылғанын алға тартқан. Алайда, талапкер тарап бұл уәжбен келіспейді. Кассациялық шағымда қолхаттың қысыммен жазылғанын растайтын жеткілікті дәлел ұсынылмағаны да көрсетілген.
Талапкердің адвокаты полиция органының жауабына сүйеніп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қысыммен қолхат беруге қатысты шағымы қанағаттандырусыз қалдырылғанын алға тартады. Ендеше, егер қысым фактісі дәлелденбесе, апелляциялық сот қолхатты қандай негізбен жарамсыз деп таныды деген мәселе көтеріп отыр, Мұсабаевтың қорғаушысы.
Ақша қалай берілген?
Бұл істің тағы бір күрделі тұсы – қаражаттың берілу тетігі. Шағымда жауапкердің 2025 жылғы 17 сәуірде Шетпе елді мекеніндегі WhatsApp тобында төмен пайызбен несие берілетіні туралы хабарлама жариялағаны көрсетілген. Талапкер осы ұсынысқа сеніп, қаражат бергенін айтады. Материалдарда ақшаның үшінші тұлға арқылы алынғаны жөнінде де дерек бар. Талапкер тарапының нұсқасы бойынша, қаражатты жауапкердің өзі алған, ал алғашқы қолхатты басқа адам жазып берген. Кейін жауапкердің өзі қолхат рәсімдеген.
Бір іс – екі түрлі сот қорытындысы
Бұл істің қоғам назарын аудартатын тұсы – бір фактілер мен дәлелдерге екі сот сатысының екі түрлі құқықтық баға беруі. Бірінші сатыдағы Маңғыстау аудандық соты талапкер ұсынған дәлелдерді зерттеп, 11,3 миллион теңгені өндіруге негіз бар деген қорытындыға келген. Ал облыстық соттың апелляциялық алқасы керісінше шешім шығарып, бірінші сатыдағы шешімді бұзған. Нұрбек Мұсабаев мұндай шешіммен келіспейтінін, өзіне тиесілі қаражатын даулай алмай жүргендіктен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан және Жоғарғы Сот төрағасына үндеу жолдап, істің объективті әрі жан-жақты қаралуына назар аударуын өтініп отыр. Өз үндеуінде азамат соттан қандай да бір тараптың пайдасына шешім шығаруды емес, істегі барлық мән-жайға тәуелсіз құқықтық баға беріліп, сот төрелігінің әділдігі қамтамасыз етілуін сұрайтынын атап көрсетеді.
Ендігі шешім – кассациялық сотта
Қазір дау кассациялық сатыға жеткен. Құжатта кассациялық шағымды қарау 2026 жылғы 9 қыркүйекке белгіленгені көрсетілген. Талапкер тарапы апелляциялық қаулының күшін толық жойып, 2025 жылғы 10 қарашадағы Маңғыстау аудандық сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрап отыр. Әрине, іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны тек сот береді. Десе де бұл іс бір азаматтың 11,3 миллион теңгесінің тағдырынан да ауқымды мәселені алға шығарып отыр. Бірінші сатыда заңды деп танылған талап апелляцияда неге толығымен өзгерді? Қолхаттың қысыммен жазылғаны қандай дәлелдермен расталды? Жалпы дәлел бар ма? Бірдей материалдар негізінде екі соттың қарама-қайшы қорытындыға келуінің құқықтық себебі неде? Бұл сұрақтарға енді кассациялық сот жауап беруі тиіс.
Өйткені сотқа жүгінген азамат үшін мәселе тек ақшаны қайтаруда емес. Ең бастысы – дәлелдің салмағы, заңның үстемдігі және сот шешіміне деген сенім. Ал, «Заң және тәртіп» қағидатының нақты өлшемі де – азамат өз құқығын қорғау үшін сотқа келгенде, оның ісінің тәуелсіз, жан-жақты және заң талаптарына сай қаралуы. Біздің редакция да бұл істі назарында ұстайды.


