Мемлекеттің ұлылығы — ең алдымен оның Ата заңы мен ұлттық тілінің үстемдігінде. Ана тіліміз жай ғана қатысым құралы ғана емес, тәуелсіздіктің рухани сәулеті, ұлттың тарихи жады мен қоғамдық бірегейлікті қалыптастыратын негізгі құндылықтарымыздың бірі. Бұл құндылық тарихтың сынынан өткен, ата-бабадан қалған аманат ғана емес, болашақ ұрпаққа қалдыратын ең бағалы құқықтық әрі рухани мұрамыз. Сондықтан бұл туралы сөз қозғау – тек ішкі сөйлеу мәдениетін талқылау ғана емес, мемлекеттің бомысы мен қоғамның құқықтық санасы туралы терең толғаныс. Қазақстан үшін бұл мәртебе – Ата Заңымызда бекітілген құқықтық норма ғана емес, тәуелсіз мемлекеттің табиғи іргетасы. Мемлекеттік тілімізді заңмен бекітуге болады, дегенмен оны қоғамның жүрегіне бұйрықтың күшімен енгізу мүмкін емес. Шынайы мәртебе құжатта қаншалықты жазылғанымен емес, адамның күнделікті өмірінде, кәсіби қызыметінде, білімінде, ғылымында және қоғамдық қарым-қатынасында қаншалықты табиғи қолданыста болатынымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жағдай – белгілі бір деңгейде қалыптасқан, бірақ әлі де үлкен мүмкіндіктері бар үдеріс үстінде. Мемлекеттік тіліміз «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік басқару, сот және әкімшілік іс жүргізу салаларында толыққанды қолданылады. Менің ойымша, болашақ туралы сөз болғанда ең маңызды сұрақ; «Оны қанша адам біледі?» дегеннен гөрі, «Ол қоғам үшін қаншалықты қажет?» деген сауал болуы тиіс. Өйткені кез-келген қатысым құралының өміршеңдігі оның қажеттілігімен өлшенеді: егер ол ғылымда қолданылса – ғылымда, шаруашылықта болса – экономикада, технологияда болса – цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Ал егер құқықтың, заңның және әділеттің арқауына айналса – оның мемлекеттік өміріндегі орны мәңгіге нығаяды.
Сот жүйесінің ішінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот – мемлекеттік тілдің әділет пен адам тағдырына тікелей ықпалын сезінетін ерекше кеңістік. Мұнда қаралатын істердің артында тек құқықтық нормалар емес, тікелей адамдардың тағдыры, отбасылық мәселелер мен жасөспірімдердің болашағы тұрады. Азаматтық отбысылық дауларда отбасы іргесі сөгіліп, екі жақ өрекпіп тұрған сәтте мемлекеттік тілдің сауаттылығы мен орнықтылығы тараптардың бірін-бірі дұрыс ұғынуына, психологиялық шиеленісті азайтуға және заңның әділдігіне көз жеткізуге тікелей ықпал етеді. Мемлекеттік тілде айтылған әрбір сөз тараптарға заңның мән-мағынасын дәл жеткізіп, екі жақты мүмкіндігінше ымыраға келтіруге берік негіз қалайды. Кәмелетке толмағандарға қатысты немесе олар жасаған қылмыстық істерде жасөспірімнің өзіне тағылған айыпты, өзінің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ со актісінің мазмұнын мемлекеттік тілде терең түсінуі – оның өз қателігін ұғынуына, қайта тәрбиеленуіне және заң үстемдігіне деген сенімінің орнығуына зор әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік тілді кәсіби тұрғыда терең меңгеру – күрделі заңдылықтар мен құқықтық терминдерді азаматтарға нақты, жүйелі әрі сауатты жеткізе білудің жалғыз кепілі.
Заманауи технологиялдардың дамуы да мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Электрондық сот төрелігі, құқықтық ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект мемлекеттік тілдегі құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыра алады. Бұл үшін қазақ тіліндегі сапалы құқықтық деректер қорын қалыптастырып, цифрлық жүйелердің мемлекеттік тілдегі мәтіндерді дұрыс түсінуі ме өңдеуіне жағдай жасау маңызды. Алайда тілдің болашағын тек технологиямен байланыстыруға болмайды. Технология тілдің жаңа ортадағы мүмкіндігін кеңейтсе, ал оның өміршеңдігін қоғамның өзі қалыптастырады. Осыған орай мемлекеттік тілдің болашағы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен бүгінгі іс-әрекетімізге назар аударған жөн. Бүгін сапалы жазылған әрбір сот актісі, сауатты қолданылған әрбір құқықтық термин және мемлекеттік тілде қалыптасқан әрбір кәсіби ой ертеңгі тілдік ортаның негізін қалайды.
Қорытындылай келе, менің пайымдауымша мемлекеттік тілдің болашағы өздігінен қалыптаспайды. Оны бүгінгі ұрпақтың білімі, кәсіби жауапкершілігі және тілге деген құрметі қалыптастырады. Тілге деген құрмет оны сапалы қолдану, дамыту және келесі ұрпаққа кемел түрде жеткізу. Сот саласында мемлекеттік тілдің бүгінін сапалы қалыптастыру арқылы оның болашағына жол ашу біздің кәсіби міндетіміз деп білемін.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы Н.Өмірбай


