Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде Семей қаласының мәдениет және спорт саласының өкілінің қатысуымен сотталғандар арасында волейболдан турнир өткізілді.
Жарысқа әрқайсысы 8 ойыншыдан құралған 10 команда қатысты. Спорттық іс-шараға барлығы 80-нен астам сотталған қатысты.
Спорттық іс-шара салауатты өмір салтын насихаттау, сотталғандарды спортпен шұғылдануға тарту, сондай-ақ олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру мақсатында өткізілді.
Турнир барысында қатысушылар өздерінің дене дайындығын, командалық рухын және жеңіске деген жігерін көрсетті. Ойыншылар жарыс кезінде табандылық, өзара көмек және қарсыластарына деген құрмет танытты.
— Бұл турнир біз үшін уақытты белсенді әрі пайдалы өткізуге жақсы мүмкіндік болды. Біз командамен бірге жарысқа дайындалып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық. Мұндай іс-шаралар күнделікті өмірден бір сәт сергіп, командалық рухты нығайтуға және сүйікті спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Турнирге қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — деді жарысқа қатысқан сотталған.
— Сотталғандар арасында спорттық іс-шаралар өткізудің тәрбиелік жұмыста маңызы зор. Мұндай турнирлер дене шынықтыруды ғана емес, сонымен қатар тәртіпті, жауапкершілікті, өзара көмек пен басқа қатысушыларды құрметтеуді қалыптастыруға ықпал етеді. Сотталғандардың бос уақытын пайдалы өткізуі, өздерінің дағдылары мен қызығушылықтарын дамытуы маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар олардың алдағы уақытта қоғамға бейімделуіне де оң әсерін тигізеді, — деп атап өтті сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сотталғандар арасында осындай спорттық іс-шараларды өткізу тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мұндай жарыстар бос уақытты тиімді ұйымдастыруға, дене белсенділігін арттыруға, командалық рухты қалыптастыруға және жағымды өмірлік ұстанымдарды дамытуға мүмкіндік береді.


