Абай облысы бойынша әйелдер колониясында Спорт күніне орай үстел теннисінен турнир ұйымдастырылды.
Жарысқа мекемеде жазасын өтеп жатқан 200-ден астам әйелдің арасынан 20-дан аса сотталған қатысты. Төрт жасақтан іріктелген қатысушылар өзара бақ сынасып, шапшаңдық, дәлдік, ептілік және төзімділіктерін көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталған әйелдердің дене белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, І, ІІ және ІІІ орындар табысталды.
-Жүлделі орынға ие болғаныма қуаныштымын. Үстел теннисі шапшаңдықты, дәлдікті және зейінділікті талап етеді. Жарысқа қатысу мен үшін жақсы тәжірибе болды, – деді жарысқа қатысушы сотталған әйел.
-Біздің басты мақсатымыз – спорт арқылы сотталған әйелдердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың бойында тәртіп, сабырлылық, жауапкершілік және өз күшіне деген сенімділікті қалыптастыру. Осындай іс-шаралар олардың бос уақытын тиімді өткізуіне және оң бағытта дамуына ықпал етеді, – деді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы бойынша бөлім бастығы Гульбахрам Закимова.
Мекемеде спорттық және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне және оң мінез-құлық қалыптастыруына ерекше көңіл бөлінуде.


