
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №79 мекемесінде 10 тамыз – Абай күніне орай жазасын өтеп жатқан сотталған азаматшалар арасында рухани-танымдық бағыттағы ерекше форматтағы кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның арнайы қонағы – Атырау облысының белгілі айтыскер ақыны Серікбол Панабердиев болды.
Кездесу подкаст форматында өтіп, еркін пікір алмасу алаңына айналды. Әңгіме барысында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, оның халқына қалдырған мол рухани мұрасы кеңінен сөз болды.
Серікбол Панабердиев Абайдың қара сөздеріне тоқталып, ондағы адамгершілік, білім, еңбек, мінез-құлық, талап пен жауапкершілік туралы терең ойлардың мәнін түсіндірді. Ақынның қара сөздерінің қазіргі қоғам үшін де өзектілігін атап өтіп, Абай айтқан тағылымды ойлардың адам тәрбиесінде алатын орнына ерекше назар аударды.
Подкаст барысында «Қазіргі қоғамға Абай керек пе?», «Абайдың қара сөздері бүгінгі адамға не береді?», «Абай мұрасынан адам өз өміріне қандай сабақ ала алады?» деген мазмұндағы сұрақтар төңірегінде пікір алмасу жүргізілді. Сотталған азаматшалар да өз ойларын ортаға салып, Абай шығармаларынан алған әсерлерімен бөлісті.
Кездесудің тағы бір ерекше сәті – ұлттық өнердің ұлықталуы болды. Серікбол Панабердиев домбырамен Абайдың өлеңіне жазылған әнді орындап, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Қоңыр домбыра үні мен Абайдың сырлы сөзі астасып, кездесудің мазмұнын аша түсті.
Сонымен қатар, сотталған азаматшалар да Абайға деген құрметтерін шығармашылық арқылы жеткізді. Бірқатар қатысушы Абайға арнаған өз туындыларынан өлең шумақтарын оқып, жүрекжарды ойлары мен ақынға деген құрметін білдірді. Бұл олардың шығармашылық қабілетін танытып қана қоймай, рухани ізденіске деген қызығушылығының бар екенін көрсетті.
Кездесу барысында Абайдың адамды өзін-өзі тануға, білім мен еңбекке ұмтылуға, жақсы мен жаманды ажырата білуге шақырған ойлары кеңінен талқыланды. Ұлы ақынның мұрасы уақыт өткен сайын өз маңызын жоймай, керісінше, әр буынға ой салып, адамды ізгілікке үндеп келе жатқаны атап өтілді.
Іс-шара соңында қатысушылар Серікбол Панабердиевке мазмұнды әңгімесі мен өнері үшін алғыс білдіріп, мұндай рухани кездесулердің адамға ой салып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал ететінін жеткізді.
Абай күніне арналған бұл кездесу – ұлы ақын мұрасын дәріптеу ғана емес, адамның өзіне есеп беріп, өткеніне ой жүгіртіп, болашағына дұрыс бағыт таңдауына ықпал ететін тағылымды рухани алаң болды.
Абай сөзі – уақытпен бірге жаңғыратын, адамды ізгілікке бастайтын мәңгілік мұра.


