Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші: «ЖƏДIГЕРЛЕРДIҢ ЖОЙЫЛУЫ ЖЕРГIЛIКТI ХАЛЫҚҚА СЫН»

– Абылайхан мырза, ең алдымен, қазақ қоғамындағы «тас» ұғымының мəденифилософиялық мəні туралы айтып берсеңіз.

– Түркі-қазақ дүниетанымында тас – қарапайым геологиялық объект болумен қатар, ол мəдениет пен өркениеттің таспалы куəсі, мəңгіліктің метафорасы. Қазақ тілінде «тас жүрек», «тас түйін», «тасқа басылған жазу» сияқты тіркестердің болуының өзі тастың тек табиғи емес, символдық код екенін көрсетеді. Ежелгі дəуірлерден бастап тастар шаруашылық пен тұрмыстың құралы, əрі сакралдылық пен күштің материалдық бейнесі болды. Біздің классификациямыз бойынша, қазақ қоғамындағы тастар екі үлкен топқа бөлінеді: өңделмеген тастар, яғни жəй тастар, қасиетті тастар, балуан тастар жəне өңделген тастар – шаруашылық құралдары, мола тастары, таңбалы тастар, бітіктастар. Əсіресе, бұлардың ішінде «балуан тас» феномені – далалық күш мəдениетінің өзегі.

– Балуан тастың ерекшелігі неде?

– Балуан тастар қазақ қоғамында əлеуметтік институттың да қызметін атқарады. Оларды бірнеше типке бөлуге болады: жаттығу үшін көтерілген тастар, өтініш бойынша көтерілген тастар, бəсеке-ерегес тастары, сондай-ақ дау шешу үшін көтерілген тастар.

– Бес топқа жеке-жеке тоқталып өтсеңіз?

– Бірінші топ – жаттығу мақсатында көтерілген балуан тастар. Бұл – бүгінгі гантель мен штанганың «арғы тегі», ата-бабамыздың бұлшықетін шыңдап, дене қуатын арттырған қарапайым да ілкімді құрал болған. Мəселен, Ақтабан шұбырынды заманының ерен ерлері Қожан мен Мəнжі мұрасы дəл осы топқа жатады. Екінші топ – ойын-сауыққа арналған тастар немесе солардың бөлшектенген бөліктері. Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді алыптарымыз үстіне қойып ауыр балғамен ұрып сындыртқан немесе басқа да трюктер көрсеткен тастар осы санатта. Бұлар сахналық-далалық ойын-сауықтың, ерлердің қауым көзайымы болу дəстүрінің айғақтары. Қазір бұл үрдісті негізінен астаналық палуан Мұрат Нұрғазин атқарып жүр. Оның күні кеше Темірландағы Қажымұқан тойында істегенінің өзі неге тұрады! Үшінші топ – тілек-өтініш үшін көтерілген тастар. Қажымұқан бабамыз көтеріп, күні бүгінге дейін сақталған көптеген тас осы тізімде. Айталық, Баян ауыл жерінде тігінен қадалып тұрған даңқты үшкіл тас – халық тілегінің дəл көрінісі. Бұқара мұндай тастарды жүрекжарды тілек-мұратпен, ізгі ниетпен байланыстырады. Айта кетейік, жыл басындағы наурызда көтерілген Шəуілдірдегі Арман Сүлеймен балуан тасы да тілек-өтініш тасы! Төртінші топ – «кім күшті» немесе бəсеке мақсатында көтерілген тастар. Кенесары ханымыздың інісі Наурызбай мен Қоңырат Төлебайдың Созақта сынасқан атақты Қызыл тасы – осының жарқын үлгісі. Мұндай сынақта ер-азаматтың күш-қайраты ғана емес, оның қоғамдағы беделі, тіпті ел мен ел, жер мен жердің абыройы таразыға түскен. Бесінші топ – дау-дамай шешу үшін көтерілген мəміле тастары. Бұлар еларасындағы дауды əділ түрде шешудің құралы болған. Керей Көбегеннің Зайсан өңірінде қалмақтармен жер дауын шешкен Көкшұбар тасы, Күршімдегі Көкжал Барақтың «Қамал тасы» да сахаралық медиация мен əділдіктің мəңгі ескерткіштері болып қалған. Міне, осы бес санаттың əрқайсысы – халқымыздың күш тарихындағы жеке-жеке ашылған бет. Бірі – денсаулық пен күш философиясын, бірі – ойын-сауық салтын, бірі – тілек пен сенімді, бірі – ерлік пен намысты, ал бірі – əділдік пен бітімгершілікті нышаналайды. Осылардың бір бөлігі əлі де орнында тұр, бір бөлігі музей қорына өткен, ал енді бір бөлігінен тек қана естелік қалды.

– Бізді осылардың ішінде бесінші санат қатты қызықтырады. Шынымен де, қазақ қоғамында «тас» заң мен əділеттіліктің де символы болған ба?

– Дəл солай. Бұл жерде біз тастың тек физикалық салмағын ғана емес, əлеуметтік-символдық салмағын да көреміз. Ауыр тас көтеру – күш пен əділеттіліктің тоғысқан жері, терминдер тіліне салып айтқанда, «құқықтың дене арқылы ратификациясы» деуге болады. Мысалы, дауласқан екі ру «кім ауыр тасты көтерсе, соның сөзі өтімді» деп шарт қойып, зілбатпанды əділет көрсеткішіне айналдырған. Бұл жерде тас – көрер көзге сот шешіміне кепіл болды. Көтерді ме, ұтты, еңсере алмады ма, кінə өзінде, қай жеңгенінің дегені болады. Яғни, баршасы жария жəне елдің алдында дидарғайып! Бұра тартатындай еш себеп жоқ. Əлемдік антропологияда мұндай құбылыстар аз емес: жапондардың сумосында, гректердің олимпиадасында, кельттердің «Clach cuid fi r» (Ер қуаты тасы) тастарында да біз күш пен заңдылықтың бірлігін көреміз. Ал қазақ балуан тастары осы қатарға қойыларлықтай əнтек ерекше құбылыс. Бірінші мəнінде əлгіндегідей санаттардан болса, екінші бір мағынасында Еуразия даласындағы көптеген қантөгістер мен конфликтілердің алдын алған құқықтық мəдениеттің де өзіндік айғақ-ескерткіштері. Солай деп ауыз толтырып айта аламыз жəне мұның артында мықты тарихи аргументтер шоғыры тұр.

– Əлемдік тəжірибелерді, ерқуаты тасын да айттыңыз. Осы ретте Зейін Əліпбекке берген бір подкастыңызда айрықша атап өткен Гавай аралдарындағы Наха тасы туралы да айтып өтсеңіз құбақұп. Оны да құлағымыз шалды. Ол қазақ дəстүрімен қалай байланысады?

– Гавай аралдарындағы Хилода біржарым тонналық Наха тасы бар. Аңыз бойынша, бұл тасты көтере алған қаһарман ғана сол маңдағы аралдарға билігі жүретін легитимді патшасы бола алады. Егер жас алып тасты қозғалтса, ол елдің болашақ көсемі ретінде мойындалған. Көтере алмаса, оның жалпылама билікке құқы жоқ деп есептелген. Өз кезегінде көтергендердің ішінде ондағы тайпаларды бірлікке келтіріп, біртұтас мемлекет құрған Хамиамия көсем бар. Бұл дəстүр қазақтағы балуан тастардың «дау шешу» функциясымен тікелей параллель. Яғни, екі мəдениетте де тас – физикалық күшті бейнелеумен бірге, саяси легитимділіктің өлшемі. Бұл ұқсастық тас феноменінің адамзаттық масштабтағы сипатқа ие екенін дəлелдейді. Қазақ балуан тасы мен гавайлық Наха тасы – географиялық жағынан алыс, бірақ мағыналық тұрғыдан бір тамырдан нəр алған символдар.

– Бір сұрақ бір сұраққа керағар бола қоймас. Білгенге маржан: Өңделген тастардың ішінде мола тастары мен бітіктастардың маңызы қандай?

– Бұл тастар – мəдени жадының тас қа қашалған формасы. Қошқар тас, балбал тас, сандықтас сияқты тізбектеліп кете беретін ескерткіштер өлген адамның əлеуметтік статусын көрсетсе, бітіктастар – бүкіл түркі өркениетінің тарихын əлемдік деңгейде паш еткен мұра. Күлтегін жазбасы – соның ең əйгілісі. Демек, қазақ мəдениетінде тас – мəңгіліктің медиумы. Ол мəдениеттану ұғымымен тəпсірлегенде, ұрпақтар арасындағы тарихи-құндылықтар трансляциясының материалдық кепілі.

– Қазіргі жастар үшін жалпы осы мəдениеттің мəнін қалай жандандыруға болады?

– Ең алдымен, тастарды қайтадан мəдени тəжірибеге айналдыру қажет. Олар музей экспонаты ғана емес, жастардың тарихпен тілдесетін алаңы болуы керек. Екіншіден, тас феноменін тек əлеуметтік, яки спорттық жаттығу ретінде емес, мəдени код ретінде түсіндіру аса маңызды. Үшіншіден, қазақтың тас мəдениетін əлемдік контексте көрсету қажет. Осындағы балуан тас – əлемдік деңгейдегі ерекше өркениеттік прецедент.

– Жақында қазақстандықтарға «Əр ауылға – бір балуан тас» атты Үндеу жолдағаныңызға куə болдық. Бұл туралы да кеңінен білгіміз келеді.

– Иə, ортаға осындай ұран-сөз тастадық. «Əр ауылға – бір балуан тас» дегеніміз, ол – ата-баба аманатын жоғалтып жойылу, ұмыт болудан сақтап қалудың жаршысы. Мақсатымыз анық: «Балуан тас» атты асыл жəдігерлерді іздестіру, оларды тізімге алу, көзден таса болдырмай сақтау жəне кейінгі буынға таныту. Бұл жол – Тарғытай мен Мөде, Шыңғыс қағандар заманаларынан бері жалғасып келе жатқан ұзақ үдеріс, сақ пен ғұнның, түркі мен моңғолдың, соңында қазақ ұлысының алыптары мен батырларының қайрат-қажыры мен ерлігі сіңірілген, дала төсінде ғасырлар бойы үн-түнсіз жатқан мағлұмат капсулалары. Əсілінде, басқа анықтамалардың бəрін жинап қойып, тоқсан ауыз сөзді түйіп айтсақ, «Балуан тас» қазақ халқының байырғы күш өнерінің ХХ ғасырға дейін аман жеткен, теңдесі жоқ үлгісі. Талай жерде айтып өткенімдей, ел жиналған жерде, көпшіліктің көз алдында алпауыттар осы зіл тастарды көтеріп, жұрт алдында ерлігін дəлелдеп, ер намысын да, ел намысын да теңдей қорғап келді. Салмағы елу келіден бір жарым тоннаға дейін жететін, бəлкім одан да зор əрбір тас – жалаң жəдігер емес, оның ар жағында бір батырдың, бір өлкенің, бір ауылдың мақтанышының бұғып жатқаны тағы да шындық. Сол тастарды бір кездері көтерген немесе арқалаған қайратты қолдардың иелері – бүгінгі ұрпақтың түп атасы, алайда олардың есім-сойлары ұмытылып, құнды реликвиялардың өзі де жоқ болуға айналды. Өте өкінішті!

– Қазіргі буын «тарихи ескерткіш» дегенде сəулетті ғимараттар мен қашалған я құйылған мүсіндерді ғана елестетеміз…

– Расымен де, тас қашау, мүсін құю өнері əлі кемелденбеген заманда, көшпелі түркі халықтары кең дала төсінде табиғи тастарды белгілі бір оқиғамен байланыстырып, соны рухани белгіге, өткен заманның ақпарат тасушысына айналдырған. Бұл – біздің бабаларымыздың өзіндік «ескерткіш қалдыру технологиясы» десек, артық айтқандық болмас. Сондықтан қай балуан тас болмасын, ол жəй жатқан тас емес, Баба Түкті Шашты Əзиз бастаған, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сынды жүздеген əулие-батырдың қолтаңбасы, оның алақанының ізі сақталған асыл мұра.

– Осы арада «Қазақ күшінің картасы» жобасы туралы да айта кетсеңіз?

– Осы қасиетті мирас-мұраны келер ұрпаққа жеткізу үшін біз 2019 жылдан бейресми түрде, ал 2025 жылдың наурызынан бастап ресми деңгейде «Қазақ күшінің картасы» атты кең көлемді жобаны қолға алдық. Мұның түпкі мақсаты – еліміздің түкпір-түкпірінде сақталған балуан тастарды түгендеп табу, əрқайсысының толық тарихын жазып қалдыру. Есімдерімен байланысты батыр-палуандарды анықтап, осы мұраны Тəуелсіздік идеясының қөмекшісіне айналдырып, бүкіл ел-жұртқа мəлім ету, картаға түсіру. Жылдар бойғы ізденіс пен жүргізілген зерттеулердің нəтижесінде, «Білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» десек те, біз балуан тастардын мəн-мағынасы мен мазмұнын толық танып болдық. Əлгіндегі жіктеулер мен пайымдар да содан шығып отыр. Содан соң, біле білгенге, бұл – ғылыми жіктеу ғана емес, əр тастың артындағы тарихты дұрыс түсінудің, дұрыс тіркеудің жəне дұрыс насихаттаудың кілтін көпшілікке тапсыру ғой.

– Балуан тастар қазір барлық өңірде бірдей толық сақталмаған сияқты ғой?!

– Иə, жыл өткен сайын, ай өткен сайын, тіпті күн өткен сайын біз бір тастан айырылып жатырмыз. Біліп білмей, кейбірі құрылыс, үй немесе жол салу жұмыстары кезінде байқаусызда жойылып кеткен. Кейбірі жəй ғана «бос жатқан тас» деп есептеліп, орнынан жылжытылып, ізі жоғалған. Ал кейбір ауылдарда балуан тас туралы тек қарттардың жадында сақталған əңгіме ғана қалды – тас та жоқ, белгі де жоқ. Біз əр жолы жаңа тас табамыз, алайда сол сəтте-ақ басқа бір өлкеден тас жоғалғаны туралы хабар келеді. Мысалы, «Қазақ күшінің картасы» ресми жарияланған уақыттан бергі аралықтың өзінде-ақ біз екі киелі тастан айырылдық. Біріншісі – Жаңақорғанда трактор кобышымен үй іргетасына ұрылып, майдаланып, цементке құйылып кетті. Екіншісі – атақты «Дəлелхан палуан тасы», үстінен жол өткізіліп, асфальтталып, ұшты-күйлі жоғалды. Бұл – теңдессіз, аяусыз жарыс, ал уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр. Менің өз есебімше, балуан тастар күні бүгінге дейін өте аз жетті. Бүгінгі Қазақстан шекарасынан тыс, Ресей, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстандағы қандастарымыз мекендейтін өлкелерді қоса есептегенде, барлығы шамамен үш жүзге жуық қана тас бар.

– Шынымен де, бұл іске көпшілік болып атсалыспай болмайды екен!

– Мен – өзім, балуантасшы əріптестерім бұл жолда бірнеше жыл жүрдік. Аймақтан аймаққа сапар шектім, қарттармен əңгімелестім, мұрағаттарды ақтардым. Алайда, мойындауымыз керек – жалғыз-жарымның күші жеткіліксіз. Бір адамның, тіпті бір топтың мүмкіндігі бүкіл Қазақстанның кең-байтақ жерін түгел аралап шығуға жетпейді. Ал тас жоғалу үдерісі күте тұрмайды. Біз баяу қозғалсақ, тарих бізден бұрын финишке қарай марафоншыдай екпіндеп жүгіріп барады. Сондықтан бүгін ашық айтамын: бұл шаруа – жалғыз кісінің емес, бүкіл ұлттың ортақ ісі болуы тиіс. Үндеуде айттым емес пе, «Жалғыздың жағы жоғалса да табылмас, көптің оғы жоғалса да табылар» дегендей, «Əр ауыл – бір-бір балуан тасқа» қамқор болса, соның өзі зор табыс! Кейбір өңірлерде билік иелерінің, қалталы, мүмкіндігі мол азаматтарымыздың бұл іске деген немқұрайдылығына тап болғанымыз тағы рас. Облыс, аудан, ауыл əкім-қаралары, мəслихат төрағалары мен депутаттары «Менің ісім емес» деп қол сермейді, ал бір мейрамханаға қонақ ертіп барғаны бір сəулет ескерткішін тұрғызуға жететін қаржымен тең ірі кəсіпкер балуан тасқа қарапайым тұғыр орнатуға жарамайды. Бұл жердегі ең қынжылтатыны – сол тастарды бір кездері көтерген батыр-палуандардың ұрпақтары, немере-шөберелері, жекжаттарының аталмыш мұраға селқос қарайды. Əулет естелігіне жарты тиын шығармақ түгілі, аз ғана дерек беруге уақыт таппайды. Жақында Торғай-Арқалықта осындай бір қызық персонажға тап болып, əбден азаптандық. Санасының есік-терезесін қағып жүріп, əрең дегенде құндылықтың құнын миясына жеткіздік. Олардың кейбірінің ұшқары түсінігінше, алыстағы Астанадан Абылайхан голливудтық суперменше ұшып келіп, бəрін өзі тауып, тіркеп, реттеп, бұларға тек атақ беріп кетуі керек. Атасының ерлігімен байланысты жəдігер тас топыраққа көміліп, шөп басып, ұмытыла бастағанда, үндемей сырттан бақылап отыру – нағыз масқарашылық емей немене?! Ата-баба аманатын сақтамау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен бас тарту деген сөз. Осыны түсіндіре алмай-ақ қойдық.

– Бұл мəселеге мəдениет пен спортқа жауапты билік органдары араласуы керек емес пе?

– Бұл орайда туризм, спорт, мəдениет саласына тікелей жауапты басшыларды атап жатудың өзі артық шығар. Айттың не, айтпадың не, сөз шығын! Тіптен, осы салаға тікелей кураторлық ететіндердің өзімен ватсап байланыста отырмын. Жүрегі бітеліп қалған. Мына шетте түрлі күштік спорт түрлерінің төңірегіндегі қорлар мен федерациялар, қауымдастықтар өз жарыстарын өткізуден қолы босамай жатыр. Олардың шексіз сайыстары мен турнирлерін өткізіп болуын күтіп жүрміз. Қазақ күресі айналасындағылар əлəулайы бітсе, қалаулайы бар, «үнді, парсы, куба-бразилиялықтарды ұлттық күресімізге үйретіп, тəлім беріп болсын» деп, оларды да мазаламай жүрміз. Бір-екі рет байланысқа шыққанымызда, басшылықтағы біреуі көреалмаушылықпен «арқадан пышақ ұрып» кетті. Амал нешік, біздің бастамаларымыз, заманауи жазушы Ерлан Оспан айтқандай, көбісіне «туынды емес, қуынды» болып көрінеді. Бірақ кінəлай да алмайсың-дүр! Басым бөлігі кітап бетін ашпайтын ортадан не сұрағандайсың? Мұның бəрінің маңызын толық түсіну үшін белгілі бір парасат деңгейі қажет екені де рас.

– Енді не істеу керек?

– Дəл осы себепті біз жалаң сөзбен шектелмей, көпшілікке сүйеніп, нақты əрі жүйелі іс-қимыл жоспарын – толық нұсқаулықты дайындадық. Онда əрбір саналы азамат, əрбір топ, əрбір өңір өкілі қандай қадам жасау керектігі анық көрсетілген. Алгоритім де қарапайым: Əуелі іздеу жəне тіркеу – өз өңіріңіздегі балуан тасты тауып, оның тарихын, өлшемдерін, есімі байланысты тұлғаларды толық анықтап, бізге хабарласу. Одан соң насихаттау – табылған мəліметті əлеуметтік желі мен БАҚ арқылы жұртшылыққа жеткізу. Сосын сақтау жəне абаттандыру – тасқа тұғыр орнатып, айналасын жайластырып, тарихын жазу арқылы туристік-спорттық нысанға айналдыру. Соңыра жоғалған жəдігерлерді қалпына келтіру – тас жоғалса да, дерегі сақталған болса, оның макетін жасап, жергілікті мұражай не мектепте орналастыру, ал бұрыннан белгілі жəдігерлерді жаңарту – мұражай не тұғырда тұрған тастардың деректерін толықтырып, ортақ дерекқорға енгізу.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Дело Нурай: доказательства вместо версий

В СПЕЦИАЛИЗИРОВАННОМ МЕЖРАЙОННОМ СУДЕ ПО УГОЛОВНЫМ ДЕЛАМ ШЫМКЕНТА ЗАВЕРШЕНО...

Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеуге арналған іс-шара өтті

Абай облысы ҚАЖ әйелдер колониясында ұлы ақын әрі ойшыл...

Ұлттық бірегейлік пен рухани құндылықтар мәселелері талқыланған кітап таныстырылымы өтті

2026 жылғы 11 тамызда Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық...

Ыстықкөлдегі жазғы мектеп Орталық Азия мен Қытай медиасарапшыларын біріктірді

14-ші Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінде Орталық Азия...

АБАЙ КҮНІНЕ ОРАЙ КІТАПТЕРАПИЯ ӨТКІЗІЛДІ

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №15 мекемеде Абай...