Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандар арасында қазақ халқының дәстүрлі өнері – айтыс ұйымдастырылды.
Шара тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде өткізілді. Оның басты мақсаты – ұлттық мәдениетті, қазақ тілін және халқымыздың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ сотталғандардың шығармашылық қабілеттерін, шешендік өнерін, білімін және тапқырлығын дамыту.
Айтыс барысында қатысушылар қазақ тілінде суырыпсалма түрде өлең айтып, адамгершілік пен рухани құндылықтар, туған жерге деген құрмет, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр тақырыптарын арқау етті. Сонымен қатар қазақ тілінің байлығы мен көркемдік ерекшеліктеріне, ұлттық өнердің тұлға тәрбиесіндегі маңызына ерекше назар аударылды.
Мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралар сотталғандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың бойында оң өмірлік ұстанымдарды қалыптастыруға және ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
– Айтыстың тәрбиелік мәні зор. Сотталғандардың өз қабілеттерін танытып, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарға жақындауына мүмкіндік беру біз үшін маңызды. Айтыс – жай ғана ақындық өнер сайысы емес, халқымыздың бай мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Ол ана тілімізді құрметтеуге тәрбиелеп, ойлау қабілетін, есте сақтау мен өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамытады. Осындай іс-шаралар сотталғандардың ішкі әлеуетін ізгілік пен шығармашылыққа бағыттап, олардың рухани тұрғыдан дамуына оң әсер етеді, – деді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық өнерге деген жоғары қызығушылықтарын танытып, мекеменің мәдени өміріне белсенді атсалысты.
Айтыстың өткізілуі сотталғандарды тәрбиелеу, олардың рухани және мәдени тұрғыдан дамуына жағдай жасау, оң құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға ойдағыдай бейімделуіне ықпал ететін кешенді тәрбиелік жұмыстардың маңызды бөлігі болды.


