Балалар өзіне керегін ғаламтордан тауып отыр

Бүгінгі балалар ақпаратты қайдан алады? Олар өзіне керекті мәліметтерді кімнен сұрайды? Бұл сауалдың жауабы анық. Қазіргі жастардың көп қарайтын, өзіне қажеттіні жиі іздейтін, өзін толғандырған сұрақтарға толымды жауап алатын негізгі алаңы – ғаламтор.

Қазақстанда интернетті пайдаланатын 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың үлесі 92,2%-ға жетті. Қаладағы балалар арасында бұл көрсеткіш 95,9%-ды, ал ауылдық жерлерде тұратындар арасында 87%-ды құрап отыр. Кішкентай ізденімпаздардың көбінесе YouTube, TikTok жəне стриминг платформаларындағы контентті көретінін байқау қиын емес. Себебі, бұл алаңдар балалар сұранысына сай контент жасайды. Тіпті, əр сынып, əр жастағы балалардың қажеттілігін ескере отырып ақпарат əзірлейтіндер бар. Олар өз порталдарының танымалдығын арттырып, жазылушылар санын көбейту үшін мектеп бағдарламасымен бір толқында жүруге күш салады. Мəселен, қазақ тілінен эссе жазу тапсырылса, балалар өзіне қажетті эссенің көңілге қонымды түрлі мəтінін осы контенттерден оңай жүктеп алады. Сол сияқты əр сабаққа бағдарланған порталдар мектеп тапсырмалары бойынша жауаптар дайындап, сынақ кезінде де балалардың қиналмай өз іздегенін табуына жағдай жасайды. Мұндай контенттерді «шпаргалкалар» деп атасақ шындықтан алыстай қоймаймыз. Ал жасөспірімдер Let›s Plays, Roblox, Minecraft жəне Brawl Stars сияқты бейне ойындарды бірігіп ойнап, челлендждер мен влогтарды ұнатады. TikTok жəне YouTubeтағы қысқаметражды фильмдерге деген қызығушылықтың да жоғары екені байқалады. Қысқаметражды, динамикалық бейнелер, музыкалық трендтер, юмор жəне мемдер жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ жасөспірімдер аниме, корей драмалары, американдық жəне отандық телехикаяларды жиі көреді. Қазақстандағы балалар арасында, əсіресе 10-12 жастағылар арасында қазақ тіліндегі контентті тұтынатындар қатары тұрақты өсіп келеді. Соның нəтижесінде жергілікті анимациялық студиялар жəне əлемдік фильмдердің премьераларын қазақ тілінде дубляждау YouTube-та миллиондаған қаралым жинап, кинотеатрларда сатылымға шығып жатыр. Десек те балалар мен жасөспірімдердің əлемдік интернет үрдістеріне бейімделіп, орыс жəне ағылшын тілдеріндегі контентке басымдық беретінін мойындауымыз керек. Өкінішке орай, балаларға арналған шетелдік мықты каналдарды алмастырып, өзіне тартуға отандық мамандардың əлі толық əлеуеті жетпей отыр. «Балапан» сияқты телеарнамыз тынбай ақпарат таратып келе жатқанымен, олардың үнемі жаңа хабарлар ұсынып, бағдарламаларын жиі жаңғырта бермейтіні байқалады. Балалардың тілі қазақша шығып, қазақы таным-түсінікті сіңіріп өсуі үшін бізге «Балапан» сияқты арналармен бірге, ғаламтордағы балалар контенттерін барынша көбейту маңызды. Интернеттегі контенттер, соның ішінде интерактивті сабақтар, білім беру платформалары жəне білім беру ойындары балалардың дос табуына, пікір алмасуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы алаңдардың көмегімен балалар шығармашылық дағдыларын дамыта алады, өз бетінше блог жүргізіп, тілдерді үйрене алады. Ғаламтор балаларға шексіз білім мен қарым-қатынасқа қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғаны рас. Бірақ бұл алаң балаларға бірқатар қауіп тудыратынын да ұмытпауымыз керек. Интернеттегі ақпаратқа шамадан тыс көп уақыт бөлу баланың күнделікті дағдысын өзгертіп, ұйқысыздық, жүйкесінің бұзылуына əкелуі мүмкін. Интернетке тəуелділік, кибербуллинг жəне деструктивті топтарға қатысу қаупі барын да жоққа шығаруға болмайды. Сонымен қатар, үнемі ғаламторда уақыт өткізген балалар мен жасөспірімдердің агрессияға бейім болып, мінезі өзгеретіні де шындық. Бұған қоса, экран алдында ұзақ уақыт отыру жастардың белсенділігін төмендетіп, көру қабілетін нашарлататыны, бел ауруы жəне ұйқының бұзылуына əкелетіні дəлелденіп отыр. Сондықтан балалар контентін сапалы дайындаумен қатар, балалардың денсаулығына залал тигізбеу жағын да ойлау керек.

Т.ИБАШЕВА, «Заң газеті»

В петле коррупции 

ПРЕДСЕДАТЕЛЬ АГЕНТСТВА ПО ФИНАНСОВОМУ МОНИТОРИНГУ ЖАНАТ ЭЛИМАНОВ ОТЧИТАЛСЯ ПЕРЕД...

По следам истины

ОЧЕРЕДНОЕ ЗАСЕДАНИЕ ПО ДЕЛУ НУРАЙ СЕРИКБАЙ ОКАЗАЛОСЬ НЕ О...

8 августа — Международный день офтальмологии: своевременная диагностика помогает сохранить зрение

8 августа отмечается Международный день офтальмологии. Эта дата призвана...