Адамзат үшін ең басты құндылық ол оның отбасы. Ешқандай жетістіктер де, байлық та отбасын алмастыра алмайды. Отбасының ең маңызды қызметінің бірі – балаға дұрыс тәрбие беру. Өйткені отбасының, яғни ата-анасының балаға берген тәрбиені ешбір қоғамдық тәрбие алмастыра алмайтыны анық. Өйткені Ана мен Әкенің орны бөлек.
Алайда, қазіргі таңда неке бұзу туралы азаматтық істер санының артуы – қоғамдағы өзекті мәселе болып отыр.
Ия, соңғы жылдары соттарда қаралатын неке бұзу туралы азаматтық істердің саны артып келеді. Әсіресе жас ерлі-зайыптылардың ажырасуға деген бейімділігі байқалады. Бұл – тек құқықтық мәселе ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық және экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты құбылыс десе де болады.
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан әрбір некенің бұзылуы ерлі-зайыптыларға ғана емес, балалардың тәрбиесіне, олардың психологиялық жағдайына және қоғамның тұрақтылығына да әсер ететін құбылыс.
«Махаббат – екі адамның бір-біріне қарауы емес, бір бағытқа қарауы» деген сөз бекер айтылмаған болар. Өйткені, шаңырақ көтерген жастардың арасында қазіргі таңда әр-түрлі түсініспеушіліктер, факторлар көп туындайды. Яғни, неке бұзу туралы талаптардың көбеюіне әртүрлі себептер ықпал етеді. Мәселен, ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігінің болмауы, тұрмыстық жанжалдар, материалдық қиындықтар, отбасылық жауапкершіліктің төмендеуі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, зиянды әдеттер және ұзақ уақыт бірге тұрмау сияқты жағдайлар бар. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы өмір сүру салтының өзгеруі мен әлеуметтік желілердің ықпалы да отбасылық құндылықтарға белгілі бір деңгейде әсер етуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ерлі-зайыптылар арасында кәмелетке толмаған ортақ балалар болса немесе олардың бірі некені бұзуға келіспесе, неке бұзу мәселесі сот тәртібімен қаралады. Мұндай істерді қарау кезінде сот ең алдымен отбасыны сақтап қалу мүмкіндігіне назар аударады. Сонымен қатар, заңда көзделген жағдайларда ерлі-зайыптыларға татуласу үшін 1 айдан 6 айға дейін мерзім берілуі мүмкін.
Соттың негізгі міндеті – некені бұзу ғана емес, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, әсіресе балалардың құқықтарын қорғау. Осыған байланысты соттарда татуластыру рәсімдері мен медиация институтын қолдануға ерекше көңіл бөлінуде. Егер тараптар өзара келісімге келуге ниетті болса, медиатордың көмегімен дауды соттан тыс немесе сот барысында бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік бар.
Жалпы, отбасы институтын нығайту – тек соттардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп білемін. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық сауаттылықты арттыру, жастарды отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу және дауларды келісім арқылы шешу мәдениетін қалыптастыру – неке бұзу туралы істер санының азаюына ықпал ететін маңызды шаралар.
. Мәселен, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2026 жылдың 6 айында неке бұзуға 1142 талап арыз түсіп, 977 ісі қаралған, оның 637 талап арызы қанағаттандырылған, яғни 637 ерлі-зайыптылардың некесі бұзылған деген сөз.
Неке бұзу бойынша келтірілген статистика, әрине, мәз емес. Ажырасқаннан кейін некелері бұзылған ерлі-зайыптылардың тек өздері ғана емес, сонымен қатар олардың балалары да моральды тұрғыдан зардап шегетіні анық.
Қорытындылай келе, берік отбасы – тұрақты қоғамның негізі. Әрбір азамат отбасын сақтаудың маңызын түсініп, өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаларын ұстанған жағдайда ғана қоғамдағы ажырасу көрсеткішін төмендетуге болады.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Саида Махаметқызы.


