Мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігі: заңның жаңа талаптары

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Құжат мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерін орындауына ғана емес, сондай-ақ жұмыстан тыс уақытта жасаған әрекеттері мемлекеттік қызметтің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіруі мүмкін болған жағдайда олардың мінез-құлқына қойылатын талаптарды да күшейтті.

Мемлекеттік қызмет қоғамның сеніміне негізделеді. Сондықтан азаматтар мемлекеттік қызметшіні оның жұмысының нәтижесімен ғана емес, күнделікті өмірде өзін қаншалықты жауапты әрі заңға бағынатын тұлға ретінде ұстайтынына қарай да бағалайды. Мемлекеттік қызметшінің ерекше құқықтық мәртебесі оның жеке жауапкершілігінің де жоғары болуын көздейді.

Заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі екі түрлі әрекет үшін жауапкершіліктің күшейтілуі болды. Олар — көлік құралын масаң күйде басқару және есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын медициналық емес мақсатта пайдалану.

Бұрын мемлекеттік қызметші алкогольдік масаң күйде автокөлік басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаннан кейін оның тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселе бөлек қаралатын. Істің мән-жайына қарай тәртіптік жаза ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрлерінің бірімен шектелуі мүмкін еді.

Енді бұл тәсіл өзгерді. Заң лауазымдық өкілеттіктерді орындауға байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін мынадай әрекеттерді мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға тікелей жатқызады:

— есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын медициналық емес мақсатта пайдалану;

— көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқару.

Мұндай теріс қылықтың жұмыс уақытында немесе жеке уақытта жасалғаны қызметтік салдардың туындауына әсер етпейді. Көлік құралын басқарған кезде қызметтік немесе жеке автокөліктің пайдаланылғаны да маңызды емес. Негізгі мән-жай — заңда мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет ретінде танылған теріс қылықтың жасалу фактісі.

Көрсетілген теріс қылықтардың кез келгенін жасау мемлекеттік қызметшіні атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатуға әкеп соғады. Бұл ретте жұмыстан босату құқық бұзушылықтың өзі үшін көзделген әкімшілік немесе өзге де жауаптылықты алмастырмайды.

Мысалы, көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін мемлекеттік қызметші әкімшілік қамаққа алынуы, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылуы немесе заңда көзделген өзге де жазаға тартылуы мүмкін. Сонымен қатар оның мемлекеттік қызметі тоқтатылады.

Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын медициналық емес мақсатта пайдалану фактісі анықталған жағдайда да мемлекеттік қызметті тоқтату түріндегі дәл осындай қызметтік салдар туындайды.

Жауапкершіліктің күшейтілуі мемлекеттік өкілеттіктер берілген адамдардың ерекше мәртебесіне байланысты. Мемлекеттік қызметшіден заң талаптарын сақтау, айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және мемлекетті лайықты таныта алатынына күмән келтірмейтін мінез-құлық күтіледі.

Мемлекеттік қызмет — қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенімнің көрінісі. Бұл сенімді сақтау үшін мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін атқару кезінде де, жұмыстан тыс уақытта да мінсіз мінез-құлық танытып, заң талаптарын сақтауы және әрбір әрекетінің салдарын жете түсінуі қажет.

Ж. Сәрсен, ҚР МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Точка отсчета МЭКС: электросети Карагандинской области ждёт масштабное обновление

Электросетевое хозяйство Карагандинской области десятилетиями обеспечивало регион электроэнергией, несмотря...

Құмар ойындар мен мемлекеттік қызмет — бір-бірімен үйлеспейтін ұғымдар

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі...

Астанада «4739» деректі фильмінің премьерасы өтті

Астанада ағза трансплантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы...

В Астане состоялся премьерный показ документального фильма «4739»

В Астане состоялся премьерный показ документального фильма агентства «Хабар»...

В НЦПДХ выписали младенца, доставленного санавиацией из Таиланда

Казахстанские врачи совершили практически невозможное: после двух месяцев отчаянной...