Қазақстанда Құрылтай сайлауы жақындаған сайын партиялар арасындағы саяси тартыс күшейе бастады. Соңғы күндері өткен съездерде партия өкілдері бір-бірін ашық атамаса да, астарлы теңеу, саяси ишара және идеологиялық айыптаулар арқылы қарсыластарына жауап беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашқы көзге түскен текетірес Respublica мен «Ақ жол» партиялары арасында өрбіді. Астанада өткен Respublica партиясының кезектен тыс съезінде Олжас Құспеков кейбір саяси күштерді сынап, жылдар бойы Парламентте отырса да, нақты мәселе шеше алмағанын айтты.
Оның сөзінше, кейбір саясаткерлер өзін бизнестің қорғаушысы ретінде көрсеткенімен, іс жүзінде нақты нәтиже көрсете алмаған.
Олар өздерін ақалтеке сияқты ұстайды, бірақ шын мәнінде пониге ұқсайды, – дейді Құспеков.
Ол нақты қай партияны немесе қай саясаткерлерді меңзегенін ашып айтқан жоқ. Алайда саяси ортада бұл сөздер кәсіпкерлер мүддесін қорғауды негізгі бағыты ретінде көрсетіп жүрген «Ақ жол» партиясына бағытталған болуы мүмкін деген пікір айтылды.
Кейін «Ақ жол» партиясының съезінде партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса да қарсыластарына жауап қатты. Ол сайлау науқаны басталғалы бері кейбір партиялар «кәсіпкерлердің сөзін сөйлейміз» деп, шын мәнінде басқа позиция ұстанып жүргенін айтты.
Әлеуметтік желілерде өздерін кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы етіп көрсеткенімен, шынайы өмірде мүлдем басқа іспен айналысады. Виртуалды әлемде өмір сүріп, шын өмірде не болып жатқанынан бейхабар секілді, – дейді ол.
Қазыбек Иса қарсыластарының сөзін «Ақ жолдың» нақты жұмысына қарсы қойып, оларды «пілге үрген қанденге» теңеді.
Ақ жолдың» істеген ісінің жүзден бірін де атқара алмай жатып, белгілі мысалдағы пілге үрген қанден секілді күлкілі әрі аянышты күй кешуде, – деді Иса.
Осылайша, Respublica мен «Ақ жол» арасындағы негізгі дау кәсіпкерлер мүддесін кім шын қорғайды деген сұраққа тіреліп отыр. Бірі ескі саяси күштер нақты нәтиже бере алмады десе, екіншісі жаңа партияларды пиар мен әлеуметтік желідегі белсенділікке көбірек сүйенеді деп сынап жатыр.
Партияаралық сын Қазақстан халық партиясының съезінде де жалғасты. ҚХП-ның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бірқатар саяси партияның атауы мен саяси миссиясына қатысты пікір білдірді.
Ол алдымен «Байтақ» партиясының ұстанымына тоқталып, партияның экология және жасыл экономика бағытындағы ұсыныстары мемлекеттік саясаттан несімен ерекшеленетінін нақты көрсетуі керек екенін айтты.
Менде қарапайым сұрақ бар: бұл партияның саяси миссиясы қандай? Мемлекет стратегиялық бағытын әлдеқашан айқындап қойған. Қазақстан жасыл және жаңартылатын энергетиканы дамытып жатыр, ауқымды экологиялық бағдарламалар іске асырылуда. Жасыл экономикаға көшу саясаты мемлекеттік деңгейде жүргізіліп келеді, – дейді Ертісбаев.
Оның айтуынша, егер партия көтеріп отырған бағыт мемлекеттік саясатпен толық сәйкес келсе, онда сайлаушыға ұсынатын жаңа саяси мазмұны анық болуы тиіс.
Сонда заңды сұрақ туындайды: партия қандай жаңа ұсыныс айтып отыр? Оның бағдарламасының ерекшелігі неде? Егер партияның ұстанымы мемлекеттік саясаттан өзгеше болмаса, онда оның саяси жаңалығы қайда? – деді ол.
Ертісбаев Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атауына да тоқталды. Оның пікірінше, «жалпыұлттық» деген ұғым нақты саяси негізді қажет етеді.
Жалпыұлттық деген атау нені білдіреді? Ол қандай негізде қойылған? Елдегі барлық социалистік және социал-демократиялық күштердің атынан сөйлеуге бұл партияны кім уәкілетті етті? – дейді саясаткер.
Ол Қазақстанда солшыл және социал-демократиялық қағидаттарды ұстанатын өзге де партиялар бар екенін, соның бірі Қазақстан халық партиясы екенін атап өтті.
Партия атауы саяси амбицияны емес, нақты шындықты көрсетуі керек, – деді Ертісбаев.
Бұдан бөлек, ол Respublica партиясының атауына қатысты да сын айтты. Ертісбаевтың пікірінше, саяси партияның атауы елдің тілдік және саяси болмысына сай болуы қажет.
Respublica деген атау бар. Әдемі көрінеді, латын қарпімен жазылған. Бірақ осы жерде сұрақ туады: олар нақты мәселелермен айналыса ма, әлде тек атаумен ғана ерекшеленгісі келе ме? – дейді ол.
ЖСДП өкілдері де өз кезегінде партиялар құрамындағы шоу-бизнес пен блогосфера өкілдерінің көбеюіне қатысты пікір білдірді. Партия төрағасының орынбасары Тазабек Самбетбай депутаттық жұмыс кәсіби білім мен тәжірибені талап ететінін айтты.
Сіздер әртістерді немесе блогерлерді біреудің құқығын қорғайтын, құзыретті, белгілі бір білімі мен тәжірибесі бар салмақты депутат ретінде елестете аласыздар ма? Мен бұған қатты күмәнданамын, – дейді ол.
Самбетбай елге экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілетті мамандар қажет екенін атап өтті.
Бізге елді алға жетелейтін қайраткерлер керек. Патриоттар, заңгерлер, экономистер, нақты саланың сарапшылары қажет, – деді ЖСДП өкілі.
Журналистер сұрағына жауап берген ол қазақстандық шоу-бизнес пен блогосфера өкілдерін, соның ішінде «Ирина Кайратовна» тобы мен Аша Матайды да атап өтті. ЖСДП өкілдері салық саясаты бойынша да қарсыластарына сын айтты. Тазабек Самбетбай партия Қазақстанда сән-салтанат салығын және прогрессивті салық шкаласын енгізуді қолдайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, қымбат мүлік иелері мен ірі бизнес өкілдері көбірек салық төлеуі керек, ал табысы төмен азаматтарға түсетін салық жүктемесі азаюы тиіс.
Maybach көлігің миллион доллар тұрса, көбірек ақша төлеуің керек. Табысың көп, бизнесің үлкен болса, батыстың өркениетті елдеріндегідей неғұрлым көп иеленсең, соғұрлым көп салық төлеуің қажет, – дейді ол.
Самбетбайдың сөзінше, ірі бизнес ұзақ уақыт бойы түрлі жеңілдік пен артықшылыққа ие болып келді, енді қазіргі дағдарыс үшін де жауапкершілік алуы керек.
Ол сондай-ақ «Ақ жол» мен Respublica партиялары сән-салтанат салығын енгізуге кедергі келтірді деп мәлімдеді.
Осылайша, Құрылтай сайлауы алдындағы партия съездері тек бағдарламалық құжаттарды бекіту алаңы ғана емес, саяси күштердің бір-біріне ұстанымын ашық көрсететін мінберге айналды.
Бірі қарсыласын ескі жүйенің өкілі десе, екіншісі жаңа партияларды пиарға жақын деп сынайды. Үшіншісі партия атауы мен саяси миссиясына күмән келтірсе, төртіншісі саясатқа шоу-бизнес пен ірі бизнес өкілдерінің келуін құптамайды. Ал бұл тартыстың негізгі өзегі әзірге үш сұраққа тіреліп отыр: кәсіпкерлер мүддесін кім қорғайды, әлеуметтік әділдікті кім шынайы ұсынады және Құрылтайға баратын партиялар нақты саяси мазмұн көрсете ала ма?


