Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы

Мемлекеттік қызметші — мемлекеттің айнасы, мемлекет басшысының жергілікті жердегі өкілі. Сондықтан мемлекеттік қызметте еңбек ететін әрбір азаматтың кәсібилігі, әдебі, жауапкершілігі мен халықпен қарым-қатынасы мемлекеттік билікке деген қоғамдық сенімнің қалыптасуына тікелей ықпал етеді.

Мемлекеттік қызметші халықтың өтініштері мен сұраныстарына жедел ден қойып, заң талаптарын бұлжытпай орындауға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және қоғамның сенімін нығайтуға үлес қосуы қажет. Сонымен қатар ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, кәсіби білімін үнемі жетілдіру және өзгерістерге бейім болу — бүгінгі мемлекеттік қызметтің маңызды талаптарының бірі.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесі жаңарып, заман талабына сай дамып келеді. Бұл салада жастардың үлесі артып, жоғары оқу орнын жаңа тәмамдаған жас мамандар да мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болуда. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 25–35 жас аралығын құрайды. Бұрын бұл салаға ұзақ жылдық еңбек тәжірибесі бар азаматтар көбірек келсе, бүгінде білімді, жаңашыл ойлайтын, бәсекеге қабілетті жастар мемлекеттік қызметтің дамуына өз үлестерін қосуда.

Дегенмен мемлекеттік қызметке орналасқан әрбір азаматтың алдында үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл қызметте «жас маман» немесе «тәжірибелі қызметкер» деген жеңілдік болмайды. Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес адал әрі сапалы орындауға міндетті. Заңдылықты сақтау, әділдік, кәсібилік және халық мүддесіне қызмет ету — мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары.

Мемлекеттік қызметші тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, өзінің мінез-құлқымен, сөйлеу мәдениетімен, жүріс-тұрысымен және сыртқы келбетімен де қоғамға үлгі болуы қажет. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілер арасында іскерлік стильдегі киім үлгісін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Іскерлік киім — тек сыртқы келбет емес, ол қызметтік мәдениеттің, тәртіптің және мемлекеттік органның беделін арттырудың маңызды бөлігі.

Мемлекеттік қызметтің негізгі мақсаты — халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайту. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметінде адалдық, ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын берік ұстануы тиіс.

Елбасының айқындаған кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті — бүгінгі мемлекеттік қызметтің басты бағыттарының бірі. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жоғары талап қойып, кәсіби білімін үздіксіз жетілдіріп, қызметтік әдеп нормаларын сақтап, халыққа қалтқысыз қызмет етуді өзінің басты парызы деп түсінуі қажет.

Мемлекеттік қызмет — бұл жай ғана мамандық емес, ол елге қызмет ету. Мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғам игілігі үшін адал еңбек ету — әрбір мемлекеттік қызметшінің ең басты міндеті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби деңгейі жоғары, әдепті де парасатты мемлекеттік қызметші ғана мемлекеттің беделін көтеріп, елдің дамуына лайықты үлес қоса алады.

Д.Қамзаев, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот әкімшісі басшысы

Қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау - заңдылықты қамтамасыз...

Спорт денсаулық кепілі

Қазіргі уақытта қоғамда денсаулық сақтау мәселелері басты назарда. Спорт...