Заңды тұлғаларды таратудың негізгі құқықтық қырлары

Кәсіпкерлік қызметтің аяқталуын білдіретін маңызды құқықтық рәсім – заңды тұлғаны тарату деп аталады. Бұл процесс ұйымның жұмысын тоқтатумен шектеліп қоймай, сонымен қатар, кредиторлардың құқықтарын қорғауды, қызметкерлермен есеп айырысуды, салықтық міндеттемелерді орындау мен мемлекеттік тіркеу органдарында заңда белгіленген рәсімдерді сақтауды да қамтиды. Соған сәйкес заңды тұлғаны тарату барысында барлық құқықтық талаптарды толық орындау – ұйымның да, оның құрылтайшыларының да мүдделерін қорғаудың басты кепілі саналады.

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сай, заңды тұлға ерікті түрде немесе мәжбүрлі тәртіппен таратылуы мүмкін. Осындағы ерікті тарату – ұйым құрылтайшыларының немесе қатысушыларының шешімімен жүзеге асырылады. Мұндай шешім ұйымның алдына қойылған мақсаттардың орындалуына, қызметінің экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуына немесе басқа да себептерге байланысты қабылдануы мүмкін. Ал, мәжбүрлі тарату сот шешімі негізінде жүргізіледі. Бұған заң талаптарын өрескел бұзу, заңсыз қызметпен айналысу, банкроттық немесе заңда көзделген өзге де негіздер себеп болады.

Тарату кезіндегі негізгі мән-жайлар қандай болмақ?

Ең алдымен, мұндай шешім заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, осы шешім негізінде тарату комиссиясы немесе таратушы тағайындалады. Дәл осы комиссия тарату рәсімінің барлық кезеңдеріне жауап береді.

Келесі бір маңызды мәселе – кредиторлардың құқықтарын сақтау жайы. Заңды тұлғаның таратылатыны туралы ақпарат заңда белгіленген тәртіппен жарияланып, кредиторларға өз талаптарын мәлімдеуге мүмкіндік беріледі. Барлық талаптар қаралып, заңда белгіленген кезектілік бойынша қанағаттандырылуы тиіс. Сонымен қатар, ұйымның барлық мүлкіне түгендеу жүргізіліп, активтері мен міндеттемелері нақты анықталуы қажет. Қарыздар өтелгеннен кейін қалған мүлік құрылтай құжаттары мен заң талаптарына сәйкес бөлінеді.

Бұл кезде салықтық міндеттемелердің толық орындалуы да ерекше маңызға ие. Сондықтан, ұйымның барлық салықтары мен басқа да міндетті төлемдері төленіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті есептіліктер ұсынылуы тиіс. Салық органдары тарапынан тексерулер жүргізілуі де мүмкін.

Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау – тарату рәсімінің маңызды бөлігі. Еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатылып, қызметкерлерге тиісті еңбекақысы, өтемақылары және басқа да төлемдері уақытылы беру көзделеді. Бұдан бөлек, заңды тұлғаның банктік шоттарын жабу, мөрлерін жою, бухгалтерлік және өзге де құжаттарды заңда белгіленген мерзімге архивке өткізу мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс.

Құқықтық тәуекелдер

Тарату рәсімінде заң талаптарының сақталмауы бірқатар құқықтық салдарға әкелуі ғажап емес. Атап айтқанда, кредиторлардың талаптарының орындалмауы, салықтық берешектің қалуы немесе қызметкерлердің құқықтарының бұзылуы – сот дауларының туындауына негіз болады. Кейбір жағдайларда құрылтайшылар мен лауазымды тұлғалар заңнамада көзделген жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Сондықтан тарату рәсімінің әрбір кезеңі заң талаптарына сәйкес және тиісті құжаттармен рәсімделуді қажет етеді.

Заңды тұлғаны тарату негіздері

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 49-бабына сәйкес, заңды тұлға құрылтайшылардың (қатысушылардың) немесе уәкілетті органның шешімі бойынша ерікті түрде, сондай-ақ, заңда көзделген негіздер бойынша сот шешімімен мәжбүрлі түрде таратылуы мүмкін. Бұл норма заңды тұлғаны тарату рәсімінің құқықтық негіздерін айқындайды.

Тарату кезінде назар аударылатын негізгі мән-жайлар:

Тарату комиссиясы құрылған күннен бастап заңды тұлғаны басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер соған өтеді. Комиссия кредиторларды анықтауға, олардың талаптарын қабылдауға, аралық тарату балансын жасауға және заңды тұлғаның мүлкін заңда белгіленген тәртіппен бөлуді қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 50 және 51-баптарында көзделген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші ұйым таратылған жағдайда қызметкерлермен еңбек шарттарын заң талаптарына сәйкес тоқтатып, оларға тиесілі еңбекақыны, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны және заңда көзделген өзге де төлемдерді толық көлемде төлеуге міндетті.

Ал салықтық міндеттемелерді орындау барысында Қазақстан Республикасының Салық кодексінің талаптарына сәйкес бюджет алдындағы барлық берешектер өтеліп, белгіленген салық есептілігі уәкілетті мемлекеттік органға ұсынылуы тиіс. Осыдан кейін ғана заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуден шығару рәсімі аяқталады.

Заңды тұлғаны тарату – бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен жүзеге асырылатын күрделі құқықтық рәсім. Оның заң талаптарына сай жүргізілуі кредиторлардың, қызметкерлердің, құрылтайшылардың және мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты тарату барысында барлық рәсімдердің уақтылы әрі дұрыс орындалуы, қажетті құжаттардың толық рәсімделуі және заңнаманың талаптарының сақталуы ерекше маңызға ие.

Гүлнар Сағынбекова, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Алматыда «Ашық есік күні» өтті: 700-ге жуық тұрғын кеңес алды

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы...

Тіл – ұлттың жаны мен болашағы

Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, халықтың тарихын,...