Онлайн соттар қалыпты үрдіске айналды

Қазақстандық сот тәуелсіздік алған кезден бері үлкен реформаларды басынан кешірді. Осы үздіксіз жүргізілген реформалар мен ұдайы қолға алынған жаңа бастамалардың көмегімен сот жұмысын жандандыруға, судьялар қызметін оңтайландыруға, ең бастысы, халықтың соттағы әуре-сарсаңын азайтуға қол жеткізілді. Екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелген тәуелсіздіктің жемісі де, жеңісі де көп. Мұндай өзгерістерді тәуелсіздік алған кездегі сот пен бүгінгі сот жұмысын салыстыра отырып байқау қиын емес.
Осыдан отыз бес жыл бұрын қазақстандық сот қандай еді? Сол тұстарда төрелік етіп, жаңа өзгерістердің басы-қасында жүрген аға буын өкілдері сот отырысын өткізетін зал таппай, жұмыс жасауға лайықты жағдай жоқ болса да кәсібіне деген адалдықты сақтап алға жүрді. Тараптардың да сотқа келуге көлік таба алмай, жол таба алмай, алыстан сот отырысына жетуі мұң болған еді. Әріптері дұрыс басылмайтын, лентасы шұрқ тесік машинкамен жұмыс істеу, бір жұмыс бөлмесінде үш-төрт судьяның қатар отырып жұмыс жасауы оңай болмағаны рас.
Ал қазір республиканың барлық өңіріндегі соттар жаңа, заманауи жөндеуден өткен ғимараттарда жұмыс істейді. Сот отырыстары залдары кең де жарық, әрі толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталған. Соның арқасында сот отырыстарын түгелдей қағазға түсірудің қажеттілігі жоқ. Сот процесінің қатысушылары мен мән-жайы туралы қысқаша ақпарат пен процесс жазылған таспаны кез келген уақытта сұратуға, қайта қарауға мүмкіндік бар. Бұл судьялар мен сот хатшыларының жұмысын жеңілдетіп қоймай, сотқа деген негізсіз арыздардың туындауына тосқауыл қойды.
Судьялар мен сот мамандары да заманауи компьютерлермен қамтамасыз етілген. Онда жұмыс істеу, ортақ базадан мәліметтерді жедел алу, сұратылған деректерді тауып беру іздену оңай әрі ыңғайлы.
Жаңа технология жетістіктерін пайдалануда да ізденістер жоғары. Бұл соттың ішкі жұмысын жеңілдетіп қоймай, сонымен бірге азаматтардың да сотқа деген қолжетімділігін жақсартты. Мәселен қазір азаматтар сотқа арыз-шағым, материалдары мен сұрауларын онлайн жолдап, қажетті құжаттар мен анықтамаларды қашықтан ала алады. Сандық технологияны еркін меңгерудің арқасында көптеген істер онлайн қаралып, шалғай ауылдардағы, шетелдердегі куәгерлердің қашықтан сот отырысына қатысуы қалыпты үрдіске айналды. Тікелей желілерде көрсетілген «Бишімбаев ісі», «Шерзат соты» секілді шулы сот отырыстары отандық соттың үнемі дамып, ізденетінінің нақты көрінісі болса керек.
Соңғы онжылдықта ақпарат пен технологияның мүмкіндіктері көз ілеспес жылдамдықпен дамып кетті. ІТ-технологияның дендеп енгізілуінің арқасында еліміздің сот жүйесі 2020 жылы басталған пандемия кезінде де кедергісіз жұмыс жасай алды. Карантин шектеулеріне қарамастан, азаматтардың арыз-шағымдарын «Сот кабинеті» арқылы онлайн қабылдау бір сәтке тоқтаған жоқ.
Бүгінде азаматтар сот отырысына «WhatsApp», «Zoom» бағдарламалары арқылы қосылады. Бұған дейінгі сот залдарына орнатылған ДБҚ қондырғылары, сот ғимараттарындағы бейнеконферец байланыс жұмысты жеңілдетті. Тез арада интернет жылдамдығы арттырылып, мәселелер оң шешімін тапты. Мұндай жаңашылдықтар азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, әуре-сарсаңын азайтуға айтарлықтай көмегін тигізіп келеді.
Соттар бұл жетістіктермен тоқтап қалмасы анық. Қазір бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мақсатында сот актілерін бір базада жинақтау, судьяларға ортақ тәжірибе қалыптастыруға көмектесу, сот жұмысына жасанды интеллект жетістіктерін енгізу, робот-судьялар қызметін жандандыру бағытында іргелі ізденістер қолға алынуда. Мұның барлығы халықтың сотқа деген сенімін нығайтары талассыз.


Маржан Суранчиева, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Закон и порядок – ценность каждой семьи

В учреждении №19 Департамента уголовно-исполнительной системы по области Абай...

Ортақ меншікті бөлу тәртібіне өзгеріс енгізілді

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы...

Медиация институтына – 15 жыл

Сот – ақ пен қараны анықтап, азаматтардың құқығы мен...

Системная модернизация

ИЗВЕСТНО, ЧТО СРЕДИ КЛЮЧЕВЫХ НАПРАВЛЕНИЙ РАЗВИТИЯ СТРАНЫ ГЛАВА ГОСУДАРСТВА...