Ата-ана құқықтары мен міндеттері

Отбасы қоғамның негізгі әлеуметтік институты болып табылады. Әрбір баланың тұлға ретінде қалыптасуы, оның құқықтық санасының дамуы мен адамгершілік қасиеттерінің орнығуы ең алдымен отбасында жүзеге асады. Сондықтан мемлекет отбасы институтын нығайтуға және баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударады. Осы тұрғыдан алғанда ата-ана құқытары мен міндеттері отбасылық құқықтың маңызды институты ретінде ерекеше мәнге ие.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Аталған конституциялық қағида Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексте нақты көрініс тапқан. Заңнама ата-аналардың балаларына қатысты тең құқықтар мен тең міндеттерге ие екендігін бекітеді. Бұл ретте ата-аналардың құқықтары мен міндеттері баланың дүниеге келуінен бастап туындайды.

Ата-аналардың негізгі құқықтарының бірі – баланы тәрбиелеу құқығы. Тәрбие беру процесі баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға, оның құқықтық мәдениетін дамытуға және қоғамдағы мінез-құлық нормаларын меңгеруіне бағыталуы тиіс. Ата-аналар тәрбиелеу әдістерін өз қалауы бойынша таңдауға құқылы болғанымен, олар баланың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Баланың құқықтарын шектейтін немесе оның денсаулығына зиян келтіретін тәрбиелеу тәсілдеріне жол берілмейді.

Сонымен қатар ата-аналар баланың білім алуына қатысты мәселелерді шешуге құқылы. Олар білім беру ұйымын таңдауға, баланың оқу үлгерімі мен тәрбиесіне қатысты ақпарат алуға, сондай-ақ білім беру процесіне қатысуға құқылы. Білім алу құқығы әрбір баланың конституциялық құқықтарының бірі болғандықтан, ата-аналар оның сапалы білім алуына жағдай жасауға міндетті.

Ата-аналардың маңызды құқықтарының бірі – баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығы. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтық әрекет қабілеттілігі шектеулі болғандықтан, олардың заңды өкілдері ретінде ата-аналары әрекет етеді. Олар мемлекеттік органдарда, білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау мекемелерінде және сотта баланың мүддесін қорғауға құқылы.

Құқықтармен қатар ата-аналарға бірқатар маңызды міндеттер жүктеледі. Ең алдымен олар баланы материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті. Баланы асырау жөніндегі міндет ата-аналардың бірге немесе бөлек тұруына қарамастан сақталады. Егер ата-аналардың бірі өз міндетін орындаудан жалтарса, екінші тарап немесе өзге заңды тұлғалар сот тәртібімен алимент өндіріп алуға құқылы.

Ата-аналардың тағы бір маңызды міндеті – баланың денсаулығына қамқорлық жасау. Бұл міндет баланың қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуді, қажетті медициналық көмекті ұйымдастыруды, оның дене және психологиялық дамуына қолайлы орта қалыптастыруды қамтиды. Баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін әрекеттер ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамау ретінде бағалануы мүмкін.

Отбасылық құқықтың негізгі қағидаттарының бірі – баланың мүдделерінің басымдығы қағидаты. Бұл қағидатқа сәйкес ата-аналардың барлық әрекеттері баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Баланың тұрғылықты жерін анықтау, оны тәрбиелеу, білім беру ұйымын таңдау немесе ата-аналардың арасындағы дауларды шешу кезінде ең алдымен баланың мүддесі ескеріледі.

Ата-аналардың өз құқықтарын теріс пайдалануы немесе міндеттерін орындамауы құқықтық жауаптылыққа әкеп соғады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай жағдайларда ата-ана құқықтарынан шектеу немесе ата-ана құқықтарынан айыру шаралары қолданылуы мүмкін. Әсіресе, ата-аналардың баланы тәрбиелеуден жалтаруы, оған қатыгездік көрсетуі, алкогольдік немесе есірткілік тәуелділікке салынуы сияқты жағдайлар баланың құқықтары мен қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет мұндай жағдайларда баланың мүдделерін қорғау үшін қажетті құқықтық тетіктерді қолданады.

Қорытындылай келе, ата-ана құқықтары мен міндеттері баланың құқықтары мен бостандықтарны қорғаудың, оның жан-жақты дамуы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі кепілі болып табылады. Баланың мүдделерін бірінші орынға қою, оның құқықтарын құрметтеу және ата-аналық міндеттерді адал орындау құқықтық мемлекет пен өркениетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі болып саналады. Сондықтан әрбір ата-ана өз құқықтары мен міндеттерінің мәнін терең түсініп, оларды жауапкершілікпен жүзеге асыруы тиіс.

Қыдырбаева Дильназ Нұрболатқызы, Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Бас маманы – сот отырысының хатшысы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғамның ортақ міндеті

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін...

Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек

Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек — бұл...

Тіл ұлттың аса ұлы игілігі

Тіл ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі....

Қылмыс және жаза тағайындау

Сот қылмыстың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын...