
2026 жылы 1 тамызда Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрылғанына 25 жыл толалы. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі.
Өткен 25 жыл ішінде сот экономикалық дауларды әділ әрі сапалы қарау арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, кәсіпкерлік ортаның тұрақтылығын нығайтуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға өз үлесін қосты. Сот ұжымы кәсібилік пен адалдық қағидаттарын берік ұстанып, азаматтар мен бизнес қауымдастықтың сеніміне ие болды.
Осы жылдар ішінде сотта өз ісінің білікті мамандары еңбек етті. Олардың қажырлы еңбегі мен мол тәжірибесі сот төрелігінің сапасын арттыруға ықпал етті. Ардагер судьялар мен сот қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ардақты отставкадағы судьясы Аягөз Дәулетбайқызының кәсіби қызмет жолына тоқталамыз.
Аягоз Даулетбайқызы 1960 жылы 26 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Заң саласындағы кәсіби жолын ерте бастап, 1978-1984 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, жоғары заңгерлік білім алған.
Еңбек жолын кадр бөлімінің инспекторы қызметінен бастаған ол, кейіннен заң саласының барлық сатыларынан өтіп, адвокатура, сот жүйесінде табанды еңбек етті. 1991 жылдан бастап судьялық қызметке тағайындалып, Ағадыр аудандық сотының халық судьясы, одан кейін Шет аудандық сотының судьясы,Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты құрылған күннен бастап қызметін абыроймен атқарды.
28 жылдан астам судьялық тәжірибесі, 40 жылға жуық жалпы еңбек өтілі- Аягоз Даулетбайқызының кәсіби біліктілігі мен адалдығының айқын дәлелі. Ол әрдайым заң талаптарын қатаң сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда әділ шешімдер қабылдап, әріптестері мен қоғам арасында зор құрметке ие болды.
Мемлекет пен сот жүйесі оның еңбегін жоғары бағалады. Аягоз Даулетбайқызының «Мінсіз қызметі үшін» 3 дәрежелі медалімен, Қазақстан Республикасы Судьялар одағы мен Жоғарғы Соттың Құрмет грамоталарымен, «Үш би» құрмет белгісімен және бірқатар алғыс хаттармен марапатталған.
Өзінің бүкіл саналы ғұмырын заңдылық пен әділдік қағидаттарына арнаған Аягөз Дәлетбайқызы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның кәсіби жолы, адал еңбегі мен өмірлік ұстанымы кейінгі буын судьялар мен сот қызметкерлеріне әрқашан өнеге болып қала береді.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі


