Отбасы – әрбір адамның өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Ол қоғамның негізін құрайтын, ұрпақ тәрбиесі мен адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік институт болып табылады. Берекелі отбасы – тұрақты қоғамның кепілі.
Алайда соңғы жылдары тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болып отыр. Отбасындағы жанжалдар мен құқыққа қайшы әрекеттер тек жәбірленушінің құқықтарын бұзып қана қоймай, балалардың психологиялық дамуына, отбасының бірлігіне және қоғамның тыныштығына кері әсерін тигізеді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың жолын кесуге бағытталған нақты құқықтық тетіктер қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.
Әрбір азамат отбасы мүшелерінің құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Даулы мәселелерді күш қолдану арқылы емес, өзара түсіністік пен сыйластық негізінде шешу қажет. Отбасындағы татулық пен бірлік – балалардың бақытты болашағының кепілі.
Қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және құқықтық мәдениетті арттыру арқылы ғана біз мықты әрі берік қоғам құра аламыз.
Ляззат Ильясова, Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы


