Олжас Омарұлы Сүлейменов — Қазақстандық поэт, жазушы, әдебиеттанушы, дипломат және қоғам қайраткері 18 мамыр 1936 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Биыл қазақ халқының мақтанышы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері, дипломат әрі зерттеуші Олжас Сүлейменов 90 жасқа толып отыр. Ол – қазақ әдебиетін әлемге танытқан, ұлттық руханияттың дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлға. Оның шығармалары мен қоғамдық қызметі бірнеше буынға рухани күш беріп келеді
Сонау кеңес одағы кезеңінде Олжас Омарұлы жазушылар одағының құрамында болып, 1971–1981 жылдары Қазақстан жазушылар одағының басқарма хатшысы, 1972-1975 жылдары Азия мен Африка елдерінің жазушыларымен байланыс жөніндегі қазақ комитеттің төрағасы қызметтерін атқарған.
1975 жылы «Аз и Я» кітабы жарық көрген. Алайда, бұл кітап Мәскеуде теріс резонанс тудырып, оған тыйым салынған. Содан кейін Олжас Сүлейменовтың туындылары 8 жыл бойы басылымға түспей, ол мүлде кітап жазумен айналыспай қойған.
1980–1984 жылдарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, одан әрі Президиум мүшесі, 1984—1989, 1989—1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1981 жылы ХХVI съезінің делегаты болып сайланған.
1981–1983 жылдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болған.
Сөйтіп, Олжас Сүлейменов қазақ киноматографиясында «Тың толқынның» пайда болуына елеулі ықпалын тигізген.
Олжас Омарұлы тек ақын ғана емес, қазақ елінің мәдениеті мен тарихын халықаралық деңгейде насихаттаған қайраткер ретінде де танылды. Оның поэзиясында ұлт тағдыры, адамзат құндылығы, бейбітшілік пен рух еркіндігі кеңінен көрініс тапты. Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, халықаралық әдеби ортада жоғары бағаланды.
1989 жылдың ақпанында Олжас Сүлейменов халықаралық «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысын құрып, оның Президенті болған. Қозғалыстың негізгі мақсаты – Семей ядролық сынақтар алаңын және дүниежүзіндегі басқа да ядролық сынақ алаңдарын жабу.
Осы бағыттағы қажырлы еңбегінің нәтижесінде антиядролық қозғалыс түпкі мақсатына жетіп, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен полигон түпкілікті жабылып, ядролық қаруды сынауға халықаралық мораторий жарияланған. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа көптеген елдер қол қойған.
Кейіннен «Невада-Семей» қозғалысы «Қазақстан халық конгресі» партиясы болып жаңадан құрылды және 1991–1995 жылдары Олжас Сүлейменов осы партияның төрағасы болған.
Оған қоса, 1994–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып қайта сайланған. Депутаттыққа үміткер болған кездегі Олжекеңнің сайлау алды бағдарламасындағы ең негізгі ұстанымы — Қазақстанда атом сынақтарына тыйым салу болған.
Олжас Сүлейменов 1995, 1996 жылдары Италия, Грекия, Мальта Республикаларындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі болып та жауапты қызметтер атқарған.
Елші қызметінде Олжас Сүлейменов әдеби миссиясын жалғастырып, орыс, түркі-славян тілдерінде де шығармалар жазып, бірнеше кітаптары жарық көрген. Түркітану саласында көрнекті жетістіктері үшін Күлтегін сыйлығына ие болған.
Олжас Сүлейменов өз бойындағы жастық қызба мінез бен сауаттылықты, филологиялық сезімді ұштастыра келгенде, оның өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болғар, мажар, моңғол және түрік тілдеріне аударылған. Ақынның шығармашылығы Францияда да ерекше танымал болған.
Қазақ КСР халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері атанған Олжас Омарұлы Сүлейменов Қазақстан халқының мүддесі үшін жасаған қажырлы еңбектері үшін бірнеше мемлекеттік наградалармен, соның ішінде, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбек Қызыл Туы» орденімен, «1-дәрежелі «Барыс» орденімен, сонымен қатар, Түркия, Ингушетия, Ресей, Украина, Әзербайжан, Жапония, Франция секілді бірнеше елдердің басшылары атынан Қазақстанмен арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталған.
Сонымен қатар, ол көптеген университеттердің құрметті профессоры атағын иеленіп, түркі әлемінің рухани байланысын нығайтуға қызмет етті.
Бүгінде Олжас Сүлейменов – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің абызына айналған тұлға. Оның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы жас ұрпаққа өнеге болып қала береді. Ақынның 90 жылдық мерейтойы – ұлттық мәдениет пен руханият үшін маңызды тарихи белес.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Олжас Омарұлын мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық пен шығармашылық ғұмыр тілейміз.
Жәнібек СЕЙТЖАПАРОВ, Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы


