Қылмыстың мән-жайын анықтау, дәлелдерді жинау, азаматтардан жауап алу, заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау ішкі істер саласындағы тергеушінің күнделікті міндеті. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – Ордабасы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Іңкәр Рашидқызы Қошқарова.
Іңкәр Рашидқызы ҚР ІІМ Алматы академиясын тәмамдап, еңбек жолын 2012 жылы Ордабасы аудандық полиция бөлімінде криминалист қызметінен бастады. Кейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы болып жұмыс істеп, одан кейін жедел-криминалистикалық топтың аға криминалисі қызметін атқарды. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет етеді.
Қызметтегі кәсібилігімен қатар, Іңкәр Рашидқызы көпбалалы ана ретінде де көпшілікке үлгі. Мемлекет басшысының Жарлығымен ол жеті баланы тәрбиелеп өсіргені үшін көпбалалы аналарға берілетін ең жоғары марапат – «Алтын алқамен» наградталды. Оның ішінде екі рет егіз баланы дүниеге әкелген аяулы ана ретінде бұл марапат ерекше мәнге ие.
Сүйікті жар, қамқор ана бола жүріп, ол қызметтік міндеттерін де мінсіз атқарып келеді. Заң мен тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі оның кәсібіне деген адалдығын көрсетеді.
Сонымен қатар тергеуші спортпен тұрақты айналысады. Оның айтуынша, спорт тәртіпке баулиды, жігерді шыңдайды және қызмет барысында қажетті физикалық әрі психологиялық дайындықты нығайтады.
Нәзік жанды әйел болса да, полиция погонының жауапкершілігін көтеріп жүрген Іңкәр Рашидқызы үшін халық сенімін ақтау мен ел тыныштығын сақтау – ең үлкен мәртебе. Оның өмір жолы кәсібилік пен аналық мейірімді қатар ұштастыруға болатынын дәлелдейді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі


