Абай облысы бойынша ҚАЖД қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінің қызметкерлері Семей қаласындағы №8 балалар үйіне барды. Іс-шараның негізгі мақсаты — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсету, сондай-ақ тәрбиеленушілерге қамқорлық пен мейірім сыйлау болды.
№8 балалар үйі — балалардың өмір сүруіне, тәрбиеленуіне, білім алуына және болашақта өз бетімен өмір сүруге бейімделуіне қажетті жағдай жасайтын маңызды әлеуметтік мекеме болып табылады. Осындай кездесулер рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтып, мейірімділік пен әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға ықпал етеді.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлері тәрбиеленушілерге сотталған азаматтардың қолымен жасалған жұмсақ орындықтар мен балаларға арналған төсек-орын жабдықтарының жиынтықтарын табыстады. Бұл бастама сотталғандарды қоғамдық пайдалы жұмыстар мен қайырымдылық шаралары арқылы әлеуметтік бейімдеудің жарқын үлгісі болды.
Біздің тәрбиеленушілер үшін қоғам тарапынан қамқорлық пен қолдауды сезіну аса маңызды. Осындай кездесулер балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жақсылыққа деген сенімдерін арттырады және олардың назардан тыс қалмайтынын көрсетеді. Көрсеткен көмектері мен балаларға деген ықыластары үшін мекеме қызметкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз, — деп атап өтті №8 балалар үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрғалиева Рымхан.
Мұндай іс-шараларға қатысудың балалар үшін де, сотталған азаматтардың өздері үшін де маңызы зор. Тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі — сотталғандардың бойында жауапкершілік, адамгершілік және қоғамға пайда келтіруге деген ұмтылысты қалыптастыру. Олардың қолымен жасалған бұйымдар — жай ғана тұрмыстық заттар емес, бұл — игі іске қосылған үлес әрі қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсету мүмкіндігі. Осындай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, әлеуметтік жауапкершілік, гуманизм және өзара көмек құндылықтарын дамытуға ықпал ететін болады, — деп атап өтті сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.


