Талап қоюдың өз тәртібі бар

Жұртшылықтың құқықтық сауаты мен мәдениетін көтеру – әділетті, өркениетті қоғам құрудың, сондай-ақ, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін айқын түсінуінің басты кепілі саналады.  Құқықтық білімді жетілдіру үшін ең алдымен заң талаптары мен құқықтық нормаларды білудің маңызы зор. Себебі, бұлар адамның негізгі құқықтары мен міндеттерін білуін, сот төрелігінің рәсімдері мен тетіктерін түсінуін қамтиды. Яғни, заң нормаларынан хабары бар азаматтар құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға, келеңсіздіктердің алдын алуға немесе оларды құқықтық деңгейде шешуге  мүмкіндік алады.

Сондықтан, ел халқын заң талаптарынан хабардар етіп отыру заңгерлер қауымының міндетіне кіреді. Бұл ретте соттар тарапынан атқарылып жатқан шаралар аз емес. Судьялар БАҚ-тарда заңдарды ұдайы түсіндіріп отырады. Осы мақсатта талап қоюдың тәртібіне тоқталамыз.  Азаматтардың сотқа талап қоюды заңға сәйкес беруі әрқашан да маңызды. Олай дейтініміз, азаматтық заңнамамен қарастырылғандай, талап қоюдың бәрі сотқа қабылдана бермейді.

Мысалы, қандай кезде талап қоюды қабылдаудан бас тартылады десек, оның нормалары Азаматтық процестік кодекстің 151-бабымен белгіленген. Соған  сәйкес, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарап, шешуге жатпайтын арыз қабылданбайды. Мұндай жағдайда   талап қоюды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығарылып, онда талап қоюшының қай органға жүгіну керектігі көрсетіледі. Осы себепті, азаматтар сотқа жүгінбес  бұрын заңгер кеңесін алса ұтылмайды.

Осы баптың екінші бөлігімен айқындалғандай, тараптардың арасында дәл сол нысан мен негізге қатысты  шығарылған дауға орай АПК-да көзделген негізде іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы, сондай-ақ, төреліктің нақ сол дауға байланысты шешімі  болған кезде талап қою қабылданбайды. Осы тараптар арасындағы сол нысан мен негіздер бойынша жасалған атқарушылық жазба да талап қоюды қабылдаудан бас тартуға негіз болады.

Талап қоюды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей шығарылып, барлық құжаттарымен қоса арыз берушіге қайтарылады. Мұндай кезде талап қоюшы дәл сол жауапкерге сол нысан мен негіздер бойынша сотқа қайта жүгіне алмайды.  Талап қоюды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымға шағым беру немесе оған прокурордың өтінішхат келтіру мүмкіндігі заңмен берілген.

Талап қоюды қайтару тәртібі АПК-нің 152-бабымен белгіленген. Істердің осы санаты үшін заңмен бекітілген немесе тараптардың шартында көзделген дауды сотқа дейін, соттан тыс реттеу тәртібі сақталмаса, сондай-ақ, оны қолдану мүмкіндігі жойылмаса талап қою қайтарылады. Сонымен қатар, істің осы соттың соттылығына жатпауы, арызды әрекетке қабілетсіз адамның беруі және оған өкілеттігі жоқ адамның қол қоюы, талап қоюшының оны қайтару туралы мәлімдеуі  осындай жағдайларда судья талап қоюды қайтарады.

Талап қоюды қайтарудың бұдан өзге тәртібі аталған баптың басқа бөліктерімен нақтыланған. Талап қоюшының жіберілген қателікті жоюы, оның  дәл осы іс бойынша сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі болмайды. Талап қоюды қайтару туралы соттың ұйғарымына апелляцияға жеке шағым берілген немесе прокурор өтінішхат келтірген кезде шешім түпкілікті болып табылады.

Азаматтық процестік кодекстің 153-бабы қарсы талап қоюға арналған. Мысалы, жауапкер істі сот талқылауына дайындау аяқталмай тұрып бастапқы талап қоюмен бірге қаралу үшін талап қоюшыға қарсы талап қоя алады. Қарсы талап қою, оны қайтару, қабылдаудан бас тарту АПК-нің 148151 және 152-баптарының қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

  Кейде жауапкер істі сот талқылауына дайындау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабар алмай, соның себебінен қатыспай қалуы мүмкін. Ондай кезде қарсы талап қоюды сот талқылауы барысында қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Осы кодекстің 154-бабында көрсетілгендей, қарсы талап қоюды қабылдаудың өзіндік  шарттары бар. Бұдан әрі нақтыласақ, қарсы талап қою алғашқы талап қоюдың есебіне бағытталса, сондай-ақ, оны қанағаттандыру бастапқы талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыруды жоққа шығарса, қарсы талап қою мен бастапқы талап қою арасында өзара байланыс болса, ал оларды біріктіріп қарау дауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелсе, қарсы талап қою қабылданады.

Марат Ибрагимов,

Бостандық аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Меритократия – мемлекеттік қызметтегі әділ өсу жолы

Бүгінде мемлекеттік қызмет жүйесінде әділ әрі ашық кадрлық саясат...

Олжас Сүлейменов — әділет пен руханиятты қатар ұстанған тұлға

Олжас Сүлейменов — қазақ әдебиеті мен қоғамдық өмірінде терең...

Аумақтан тыс соттылық қағидаттары

Аумақтан тыс соттылық – бұл белгілі бір істі қарау...

Президент кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқуды насихаттау және зерделі...