Бұрын әлеуметтік желідегі парақша артында нақты адам отырады деп ойлайтынбыз. Оның эмоциясы, дауысы, пікірі, бәрі шынайы көрінетін. Қазір бұл түсінік өзгеріп жатыр. Себебі интернет кеңістігінде «синтетикалық аккаунттар» көбейді. Олар адамға ұқсайды, адамша сөйлейді, тіпті аудитория жинап үлгереді. Бірақ олардың артында тірі адам болмауы мүмкін. Жасанды интеллект дамыған сайын deepfake технологиясы да қатар жетіліп келеді. Бірнеше жыл бұрын мұндай видеоларды сапасыз мимикасынан немесе бұлыңғыр кадрынан байқауға болатын. Ал қазір нейрожелі жасаған бейнелер шынайылыққа тым жақындап кетті. Әсіресе TikTok пен Instagram секілді қысқа форматтағы контент платформаларында фейк пен шынның арасы білінбей барады.
Мысалы, Tiktok желісінде Саяна есімімен танымал мына Алматылық блогер арудың парақшасы жасанды интеллект көмегімен жасалған. Яғни мыңдаған көрермені бар аруды оқырман шынайы адам екен деп қалады.

Фото: Sayana.bae инстаграмынан
Бұл — нейрожелі құрастырған цифрлық образ. Осындай синтетикалық кейіпкерлер қазір әлеуметтік желіде көбейіп келеді. Олар контент түсіреді, жарнама жасайды, аудитория жинайды. Кейбір брендтердің өзі жасанды интеллект жасаған инфлюенсерлермен жұмыс істей бастаған. Мамандардың айтуынша, мұндай аккаунттардың танымал болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, жасанды интеллект «идеал образ» жасай алады. Ол шаршамайды, қателеспейді, үнемі трендке сай контент ұсынады. Екіншіден, аудитория қысқа әрі эмоцияға толы контентті тез қабылдайды. Ал оның шынайы не жасанды екенін көп жағдайда тексеріп жатпайды. Сонда Deepfake деген не?
Deepfake — адамның түрін, дауысын немесе қимылын жасанды интеллект арқылы көшіру технологиясы. Бүгінде бір адамның бірнеше фотосы мен аз ғана дауыс жазбасының өзі жеткілікті. Арнайы бағдарламалар оны сөйлетіп, күлдіріп, тіпті ешқашан айтпаған сөзін айтқызып қоя алады. Қазір әлемде толықтай жасанды интеллект жүргізетін аккаунттар пайда болды. Олар күн сайын контент жариялайды, трендке қатысады, жарнама жасайды. Кейбірінің миллиондаған оқырманы бар. Көпшілік оның артында нақты адам жоқ екенін білмеуі де мүмкін.
IT маманы Жарқын Сейітовтың айтуынша, синтетикалық контентті анықтау жыл сайын күрделеніп барады.
Бұрын deepfake-ті бет қимылынан немесе дыбыстың кешігуінен аңғаруға болатын. Қазір технология мүлде басқа деңгейге өтті. Жасанды интеллект адамның дауысын ғана емес, сөйлеу стилін, эмоциясын да көшіріп жатыр. Кей жағдайларда кәсіби мамандардың өзі бірден ажырата алмайды, — дейді ол.
Ең қауіптісі — ақпаратқа деген сенімнің әлсіреуі дейді мамандар. Егер кез келген видео жасанды интеллект көмегімен жасала берсе, онда қоғам ненің шын, ненің жалған екенін ажыратудан қалады. Бұл әсіресе саясат, медиа және қоғамдық пікір үшін үлкен қауіп.
Қазір әлеуметтік желіде «Жасанды интеллектпен жасалған» деген белгі пайда болған. Бұл парақшадағы контенттің рас өтірігін анықтап, оқырманға шынайы ақпарат жеткізуге көмектеседі. Дейтұрғанмен, сарапшылардың пікірінше, болашақта интернет қолданушыларына тек цифрлық сауаттылық емес, сыни ойлау қабілеті де аса қажет болады.
БАТТАЛОВА ДАРИЯ


