1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Конституциясы отыз жылдан аса уақыт ел дамуына серпін берді. Алайда қоғам дамыған сайын заңға, құқықтық құрылымға қатысты талаптар өзгерді. Соған сай Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Бұл қоғамда Жаңа Конституцияны дайындау қажеттігі туралы пікірдің қалыптасуына түрткі болды. Осылайша халықтың пікіріне құлақ асқан Мемлекет басшысы кезекті Құрылтайда Ата Заңға өзгерістер жасау кезек күттірмейтінін айтып, құжат жобасын дайындауға бастама көтерген еді.
Осы тапсырмадан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып Қазақстан Конституциясының жобасы әзірленді. Үлкен ізденіс, терең талқы негізінде көпшілік қолдауына ие болған Конституция жобасына 15 наурызда Қазақстан халқы дауыс берді.
Дәл осы референдум Қазақстан халқының азаматтық белсенділігінің қаншалықты өскенін, құқықтық сауаттылығының мейлінше жоғарылағанын көрсетті. Талқы барысында азаматтардан мыңнан аса ұсыныс түскен. Оның барлығы жобаны зерделеу барысында назарға алынды. Дәл осындай белсенділікті референдумға келіп, өз дауысын беруге ынталы жандардың санына қарап та болжауға болады. Биылғы референдумға дауыс беруге құқығы бар қазақстандықтардың 73,12 пайызы қатысқан. Бұл – керемет нәтиже. Дауыс бергендердің 87,15 пайызы құжат жобасын жақтаған. Осылайша көпшілік дауыспен Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданып, соған сәйкес келер жылдан бастап 15 наурыз ел күнтізбесіндегі мерекелік күннің біріне айналып отыр.
Жаңа Конституцияда ерекше атап өтерлік жаңашылдықтар аз емес. Конституцияда сот төрелігіне қатысты нормалар айтарлықтай күшейген. Сондай-ақ адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда нақты бекітіліп отыр. Екі палаталы Парламенттің таратылып, заң шығармашылық қызметінің Құрылтайға жүктелуі де негізгі өзгерістің бірі. Сонымен қатар, Халық кеңесін құру мен Вице-президент институтын енгізу елдегі басқару сапасын арттыруда және қоғамдық диалогты нығайтуда пайдалы.
Салтанат Рамазанова,
Алматы облысы
Кеген аудандық сотының судьясы


