Конституция – әр мемлекеттің басты заңы. Осы заң шеңберінде мемлекеттегі азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы қорғаудың тетігі жасалып, қоғамдық қатынастарды әділ реттеудің механизмі дәйектеледі. Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, отыз жыл уақыт жас мемлекеттің қалыптасып, дамуына, аяғынан тік тұруына қызмет етті. Отыз жылда еліміз әлемге танымал болып, өзінің бейбітшілікті сүйетін, татулық пен тыныштықты дәріптейтін, достық пен әріптестікке адал екенін нақты іс жүзінде дәлелдеді. Осындай маңызды қадамдарда Конституциямыз қорған болды.
Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Ата Заңды да жаңғырту, бүгінгідей цифрлық дамуға бет алған тұста мемлекеттің стратегиялық бағыт-бағдарын құқықтық тұрғыдан қорғаудың жаңаша тетіктерін қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Міне соған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасап, Конституциялық реформалар бойынша зерттеу жүргізуді құзырлы органдарға тапсырған болатын. Президент тапсырмасынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, Қазақстан Конституциясының жобасы әзірленді. Бұл топқа еліміздегі мықты құқықтанушы ғалымдары, білікті заңгерлер, мемлекет пен қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері енген болатын. Осы іріктелген топ мемлекеттік саясаттағы, ел дамуындағы бүгінгі өзгерістерді, әлемдегі жаңа талаптарды ескере отырып Конституция жобасын әзірлеуге тыңғылықты дайындалды. Соның нәтижесінде қалыптасқан Бас құжаттың жобасы көпшілік талқысына шығарылып, референдум уақыты 15 наурызға белгіленді.
Дәл осы референдум Қазақстан халқының азаматтық белсенділігінің қаншалықты өскенін, құқықтық сауаттылығының мейлінше жоғарылағанын көрсетті. Оны заң жобасы жарық көргеннен бастап талқыға қатысқан азаматтардың санынан, айтылған пікірлерден алуандығынан байқауға болады.
Мәселен талқы кезінде Конституция бойынша құрылған жұмыс тобына ел азаматтарынан мыңнан аса ұсыныс түскен. Осы ұсыныстардың ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Әрбір азаматтың сауалына дер кезінде жауап беріліп, ұсынысы ашық талқыда зерделенді. Орынды, лайықты деген пікірлер Конституциядан орын алды.
Референдумға дауыс беруге құқығы бар қазақстандықтардың 73,12 пайызы қатысқан. Бұл – керемет нәтиже. Дауыс бергендердің 87,15 пайызы құжат жобасын жақтаған. Осылайша көпшілік дауыспен Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданып, соған сәйкес келер жылдан бастап 15 наурыз ел күнтізбесіндегі мерекелік күннің біріне айналып отыр.
Жаңа Конституцияда жаңашылдығы көп. Мұнда негізгі бағыт адам, оның құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға бағытталған. Сондай-ақ сот төрелігіне қатысты нормалар айтарлықтай күшейіп, адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда бекітіліп отыр. Екі палаталы Парламент таратылып, орнына Құрылтай жұмысын бастамақ. Халық кеңесін құру мен Вице-президент институтын енгізу де ел өміріне үлкен өзгеріс әкеледі деп сенеміз.
Н.Серикова,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы


