Қазіргі таңда тіл мәселесі – кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен рухани тұтастығының негізі. Қазақстан Республикасы үшін мемлекеттік тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол – елді біріктіруші, ұлттық бірегейлікті сақтаушы басты күш.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі — ел егемендігінің символы. Кез келген мемлекеттің дербестігі оның рәміздерімен ғана емес, ең алдымен тілінің қоғамның барлық саласында қолданылуымен өлшенеді. Қазақ тілі – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған мәдени мұрасының, салт-дәстүрі мен дүниетанымының алтын діңгегі.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осындай әр алуан мәдениеттер тоғысқан ортада мемлекеттік тіл «ортақ байланыс көпірі» қызметін атқарады. Оның негізгі бағыттары:
- Тілді білу – өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына, оның тарихы мен құндылықтарына деген құрметінің белгісі.
- Мемлекеттік басқару мен заң шығару ісінде бір ғана тілдің үстемдік құруы елдің ішкі саясатының жүйелілігін қамтамасыз етеді.
- Мемлекеттік тілді меңгеру – кез келген азамат үшін мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде және басқа да кәсіби салаларда табысқа жетудің кепілі.
Бүгінгі таңда тілдің қолданыс аясы тек күнделікті тұрмыспен шектелмейді. Жасанды интеллект, цифрландыру және сот ісін жүргізу сияқты күрделі салаларда мемлекеттік тілдің орны ерекше. Тілдік ортаны дамыту арқылы біз мемлекеттік аппаратының халыққа жақындығын және ашықтығын қамтамасыз етеміз. Әсіресе, құқықтық салада мемлекеттік тілді қолдану – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың басты тетігі.
Қазақ тілі – Қазақстан халқының басын біріктіретін, рухани жаңғыруға бастайтын басты күш. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату – елдігімізді нығайтып, болашақ ұрпаққа тұтас әрі қуатты мемлекет қалдырудың кепілі.
Айгүл Сулейменова, Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің басшысы


