ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН БІТІМГЕРШІЛІК РӘСІМІН ҚОЛДАНУ

Медиация жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК),  «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі — Заң) реттеледі, заңда көзделген жағдайда профильдік заңнама нормалары қолданылады.

«Медиация туралы» Заңның 2 — бабына сәйкес, медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі болып табылады.

Бұрын Заңның 1 — бабының 3 — бөлігінде «тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолданылмайды.» деген тікелей норма болды. Бұл норманың қазіргі редакциясына сәйкес «тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қолданылады». 

Әкімшілік істер бойынша тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі аяқтай алады.

Сот тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды процестің бүкіл сатысында реттеуге жәрдемдеседі. 

Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны әкімшілік іс өзінің іс жүргізуіндегі судья жүргізуі мүмкін.

Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жазбаша түрде жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Егер өкіл қол қоятын болса, сенімхатта медиация келісімін жасау құқығы міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Тараптардың татуласуына жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде жол беріледі. Әкімшілік қалау дегеніміз әкімшілік органның, лауазымды адамның заңнамада белгіленген мақсаттарда және шектерде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі болып табылады.

Медиациялық келісімнің шарттары орындалатындай болуы керек, сонымен қатар, сот шығыстарын, оның ішінде өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлу тәртібін қамтуға тиіс.

Медиация туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот осындай келісімді бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Медиация келісімнің шарттары заң талаптарына қайшы келсе, және медиация шарттары басқа да адамдардың құқықтарын бұзатын болса, жауапкерде әкімшілік қарау болмаса, сонымен қатар медиацияға өкілеттігі жоқ тұлға қол қойса сот оны бекітуден бас тартады.

Медиация туралы келісім сот тәртібімен бекітілген жағдайда, ӘРПК-нің 138 – бабының 2- тармағының 9) тармақшасына сәйкес талап қою қайтарылады, бұл өз кезегінде талап қоюшыға сол талаппен қайтадан сотқа жүгінуге кедергі келтіреді. Бұл ретте, мемлекеттік баж салығы да қайтарылуға жатады.

Медиация талаптарының орындалу мерізімін тараптар өзара келісіп отырып анықтайды. Егер медиация туралы келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда, келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша берілетін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Сонымен қатар, медиация туралы келісімін бекіту туралы ұйғарым орындалмаса сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

Жалпы дауды медиация тәртібімен шешудің басымдылықтары көп, ол туралы үнемі айтылады: дау тез арада шешіледі, уақыт үнемделеді, сот процестеріне жұмсалатын қаражат, оның ішінде мемлекеттің де қаражаты үнемделеді, тараптар дауды өзара қолайлы шарттар негізінде реттей алады. Қоғамдағы кикілжіңді азайтуда медиацияның маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Осылайша мемлекеттік мекемелер, лауазымды тұлғалар дауды медиациямен реттей отырып, әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін толық қамтамасыз ете алады.

А.Ж.Абилгазина, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Мектептегі құқықтық мәдениет

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мамандары №56 жалпы...

Ана тілім — өз тілім

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі туралы айтылып...

Жаралы арқардың киесі

Қазақта «сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі...

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық.

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Қазақстан құрылысшылар одағы президенті болып Ақан Бақытжан сайланды

РОЮЛ Қазақстан құрылысшылар одағы Ақан Бақытжан ұйым президенті болып...