Қазақта «сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында арқар аңының өте сезімтал, бір-біріне өте жанашыр, ұйымшыл екендерін, топтасып тіршілік етуге бейімделгенін аңғартса керек.
Табиғаттың заңы қатал. Кез келген тіршілік иесінің табиғатта жауы болады. Арқардың басты жауы қасқыр мен адамдар болып отыр. Қасқыр табиғаттың заңымен арқардың кәрі-құртаң, ауру меңдегенін ұстап тамағын асыраса, ал адам баласы саналы түрде арқардың еті мен ай мүйізді басы терісіне қызығып, қастық жасап, заңсыздықпен қылмысқа баратыны белгілі жағдай.
Өткен жылдың қазан айының екінші он күндігі. Қысқы соғымға союға арнаған өрісте жайылымда жүрген түйесін көздеп қайтуды алдын-ала жоспарлап жүрген Арман бүгін күндегіден ерте тұрды. Жол таңдамас «Тойота» автокөлігін сайлап, жолға керек жарағын тез қамдап алды. Сағат 07:30 шамасында «Шопан Ата» қорымына қарай бағыт алып жолға шықты. Жүйткіген көлік әп-сәтте діттеген жеріне тез жеткізді. Іздеген түйесін сол маңнан тауып алып, ауылдан жақындарының көлігін шақыртып, сол көлікке тиеп оларды ауылға қарай бағыттап жолға салып жібереді. Өзі де ауылға кері қайтпақ болып тау етегіндегі жолмен жүріп келе жатып, көлігінің оң жақ қапталы терезесінен жол жиегінде жатырған арқарды көреді. Көлігін тоқтатып, арқардың қасына жақындап барады. Даланың тағы аңы адам жақындағынын сезіп орнынан тұрып қашпақшы болғанда оның аяғының сынғанын көреді. Жаралы аңды оңай ұстап алып көлігінің жүксалғышына салып алады. Кеш батпай үйіне жетіп алған соң, арқарды азық ретінде пайдалану үшін бауыздап сойып еттерін тоңазытқышқа салып жайғастырып қояды. Ел құлағы елу деген.., Арманның арқар ұстап алғаны құқық қорғау органы полицияның құлағына жеткен болу керек, арада бірнеше сағат өткен соң полиция қызметкерлері оның мекен жайына тінту жүргізу үшін келеді. Заң талаптарына сай тінту әрекеттерін жүргізген полиция қызметкерлері тоңазытқыштан арқардың етін, жазғы ас үйден басын, үй ауласынан тұяқ, терісін тауып алады.
Осы оқиға бойынша Арманға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Іс сот отырысында қаралып, Арман өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрап, шын өкінетінін, енді қайталамайтынын, кәмелетке толмаған балаларының барын, жанұя асыраушысы екенін айтып, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Түпқараған аудандық соты істі таразылай келе, кінәлі азаматты Қылмыстық кодекстің (ҚК) 339-1-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, 3 (үш) жыл 6 (алты ) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, ҚК-тің 63-бабын қолданып тағайындалған жазаны шартты деп есептеп жаза тағайындады. Арман алдағы 3 (үш) жыл 6 (алты ) ай мерзім ішінде тиісті органның пробациялық бақылауында болады деп үкім етті.
Қасиетті, киелі мекен маңғаз Маңғыстаудың тұмса табиғатты тау бөктеріне көркемдік сыйлаған арқарымызда киеден құр қалмағандай. Жаралы аңға жанашырлық таныту әрбір азаматтың парызы, ал жанашырлық танытпағанды кие ұратыны айдан анық.
Халқымыз «Арқар өрген жер — ырыс» деп бекер айтпаған. Расыменде өр мінезді таудың рухы болып табылатын, аймүйізді арқарымыз қорғауға лайық.
К.А.Бөлеев, Түпқараған аудандық сотының бас маманы


