Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған студенттер арасында қазақ күресінен республикалық «ENU BARYSY – 2026» турнирі өтті. Аталған жарыс University Sports Centre спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Бұған дейін тек университет қабырғасында өткізіліп келген бұл дода биыл республикалық деңгейге көтеріліп, еліміздің әр өңірінен келген командалардың басын қосты. Турнирге Астана медицина университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ ұлттық спорт университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының қолдауымен бұқаралық спорт кеңінен дамып, салауатты өмір салты қоғам құндылығына айналып келеді. Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлері ішінде ерекше орын алады. Бүгінде әлемнің 40-тан астам елінде федерациялар құрылып, ұлттық күресіміз дамып келеді. Бұл спорт түрі жылдамдықты, ептілікті, күш пен айла-тәсілдерді ұштастырады. Еліміздің мерейін асқақтатқан самбошы, түйе палуан, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров – біздің университеттің түлегі. Бүгінгі жарыстан оның ізбасарларын көреміз деп сенеміз. Бұл – қажыр мен қайраттың, ерлік пен намыстың жеңісі», — деп атап өтті проректор.
Турнирге құрметті қонақ ретінде күш өнерін дәріптеуші, пауэрлифтинг, армлифтинг және пауэрспорт түрлерінен 17 дүркін әлем чемпионы, 17 дүркін әлем кубогының иегері, 5 дүркін Азия чемпионы, 18 дүркін әлем рекордшысы, Балуан тас ұлттық спорт пен мәдениет академиясының құрметті президенті Арман Сүлеймен қатысты. Ол боз кілемге шығатын балуандарға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың мән-маңызына тоқталды.
«Қазақ күресі – тек күш сынасу емес, бұл – рух биіктігінің, жігердің және ұлттық болмыстың айқын көрінісі. Әрбір балуан боз кілемде ел намысын арқалап, бабалар аманатын жалғайды. «ENU BARYSY – 2026» турнирі – сол дәстүрдің жалғасы, жастарды батылдыққа, төзімділікке және жеңіске деген жігерге тәрбиелейтін маңызды алаң», — деді халық арасында Тас балуан атымен танымал Арман Сүлеймен.
ЕҰУ спорт клубының төрағасы Данияр Рахимжанов турнирдің маңызын ерекше атап өтті:
«ENU BARYSY – 2026 – жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелейтін маңызды сайыс. Кіл мықтының ішінен кім мықты екені турнир қорытындысында анықталады», — деді ол.
Жарыс университет басшылығы мен ENU эндаумент қорының қолдауымен командалық форматта өтті. Әр команда құрамында үш жігіт және екі қыз болды. Салмақ дәрежелері: ерлер арасында – 60 кг, 74 кг, 90 кг; қыздар арасында – 60 кг және 65 кг. Белдесулер бетпе-бет жүйе бойынша ұйымдастырылды. Боз кілем үстіндегі додаға елімізге танымал жаттықтырушылар төрелік етті және «Akan Building» құрылыс компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер, ЕҰУ түлегі Бақытжан Ақан бас демеушілік көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті иеленіп, «ENU BARYSY – 2026» атағына ие болды. Екінші орын Қазақ ұлттық спорт университетіне бұйырса, үшінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қанжығасына байлады.

Жеңімпаз командалар чемпиондық белбеулермен және ақшалай сертификаттармен марапатталды:
I орын – 500 000 теңге
II орын – 350 000 теңге
III орын – 250 000 теңге
Айта кету керек, аталмыш турнирдің ақтық ойындарын Түрікменстаннан ЕҰУ-ға арнайы келген делегация мүшелері де тамашалап, боз кілемдегі рух пен намыстың «найзағайын» көрді.Жеңімпаздарға марапатты ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов, «Akan Building» құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Тағажай Қайрат, ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов тапсырды. «ENU BARYSY – 2026» турнирі жас таланттардың танылып, жаңа есімдердің жарқырай көрінуімен есте қалды және алдағы уақытта ұйымдастырушылар бұл турнирді халықаралық деңгейге көтермек.


