Татуласу институты түзетуді көздейді

Дау шешудің құқықтық мәдениеті қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан. Бұл ретте медиация институтын айрықша атауға болады. Аталған институт қазіргі күні заманға сай жаңғыртылып, тиімді жұмыс істеп келеді. Жалпы алғанда, медиация тараптардың өзара түсіністігі арқылы жанжалды жағдайды шешу, яғни, медиаторды тарта отырып, ерікті түрде жанжалдасушы тараптарды татуластыру рәсімін білдіреді.

Медиация институты ел заңдарының барлығында қарастырылған. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес,  қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратпаған онша ауыр емес не ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленуші, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібінде татуласып, келтiрiлген зиянды өтесе қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.

Өлім жағдайына соқтырмаған, денсаулыққа ауыр зиян келтірмеген ауыр қылмысты алғаш рет жасағандарға  осы баптың бірінші бөлігі қолданылады. Олар кімдер десек,  кәмелеттік жасқа толмағандар, жүкті, жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдер, жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлер, елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан ерлер, осы аталғандар қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Мұндай кезде кәмелеттік жасқа жетпегендерді тәрбиелеу мақсатында мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

Медиация туралы заңның 6-бөлігінде көрсетілгендей, қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген, дауды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды жәбірленушімен татуластыру арқылы дау-жанжалды реттеу туралы келісімді білдіреді. Келісім жазбаша түрде жасалып, қылмыстық процесті жүргізетін органға дереу жіберіледі. Әрі  бұл қылмыстық-процестік заңнамада көзделген жағдайда қылмыстық қудалауды тоқтатуға мүмкіндік беретін мән-жайлар болып табылады.

Егер 68-баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілгендер қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіріп, ол әрекетіне шынайы өкінсе және зиянның орнын толтырса оның қылмыстық жауаптылыққа тартылмау мүмкіндігі бар. 

Қылмыстық процеске медиатордың қатысуы Қылмыстық процестік кодекстің 85-бабымен реттелген. Соған сәйкес, медиатор тараптардың келісімімен медиация рәсімін қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініш пен хабарлама тіркелген кезден бастап және қылмыстық процестің үкім заңды күшіне енгенге дейінгі сатыларында жүзеге асырады.

Татуласу мүмкіндігі сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік, адам саудасына байланысты, топ құрамында, тағы басқа 68-баптың 4-бөлігімен белгіленген қылмыстарды жасағандарға берілмейді.

Бабаларымыз «сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді, сол сияқты адам баласының шалыс басып, қателеспеуіне еш кепілдік жоқ. Мұны ескерсек, медиацияның қылмыстық құқық бұзушылық жасағандарға берер мүмкіндігі мол. Себебі, татуласу институты бірінші рет онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған және жәбірленушімен татуласуға байланысты оң мінез-құлық көрсеткен адамның өз ісінен сабақ алуын, түзелуін көздейді.

Бейнегуль Кайсина,

Наурызбай аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Жаза мерзімінің аяқталуы бойынша бостандыққа шыққандармен жұмыс

БҚО бойынша ҚАЖ департаменті N74 мекемесінің Кезекші бөлім және...

Кассациялық соттарды құрудың маңызы

Құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында сот жүйесінің тиімділігі ерекше рөл...

Әлихан Бөкейханов және құқықтық мемлекет идеясы: тарихи мұра мен заманауи сабақтастық

Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі,...

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылуын жетілдіру мәселелері туралы

Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар! Бүгінгі кездесудің...

Алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершіліктің өзекті мәселелері

Алаяқтық – қоғамдағы ең кең таралған әрі қауіпті қылмыстардың...