Қазақ халқы үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны, рухани негізі, тарихи жады мен мәдениетінің айнасы. «Тіл – ұлттың жаны» деген ұғымның астарында терең мән жатыр. Шын мәнінде, тілсіз ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сондықтан ана тіліміздің тағдыры – әрқайсымыздың тағдырымызбен тікелей байланысты.
Тіл халықпен бірге жасайды, бірге дамиды. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Қазақ тілі де ғасырлар бойы ұлтпен бірге қалыптасып, бүгінгі күнге жетті. Ендігі міндет – сол асыл мұраны сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамыту, қолданыс аясын кеңейту.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңында мемлекеттік тілдің мәртебесі айқын көрсетілген. Атап айтқанда, заңның 4-бабында мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екендігі нақты белгіленген. Бұл талаптар сот жүйесіне де тікелей қатысты.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы – заң талабы ғана емес, бұл – кәсіби жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі. Дегенмен, тәжірибеде әлі де болса кейбір істердің орыс тілінде жүргізіліп, кейін аударылуы кездеседі. Мұндай жағдайлар құжаттардың сапасына, құқықтық терминдердің дәлдігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сондықтан сот тәжірибесінде қазақ тілін дамыту – уақыт талабы. Әрбір талап-арыздан бастап, сот актілеріне дейінгі барлық құжаттар мүмкіндігінше мемлекеттік тілде дайындалуы тиіс. Бұл – тек заң нормаларын орындау ғана емес, тілге деген құрметтің нақты көрінісі.
Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік – егіз ұғым. Тілсіз тәуелсіздік болмайды, ал тәуелсіздіксіз тілдің де болашағы жоқ. Осы тұрғыда мемлекеттік тілдің дамуы – ел бірлігінің, қоғамдық келісімнің және ұлттық тұтастықтың кепілі.
Қазіргі таңда қоғамда өзге тілдерді меңгеруге кең мүмкіндік бар. Бұл – заман талабы. Дегенмен, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы әрдайым есте ұстауымыз қажет. Өз тілін құрметтеген адам ғана өз ұлтының қадір-қасиетін терең түсінеді.
Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес қазына. Сондықтан жас ұрпақты ана тілінде еркін сөйлейтін, оны құрметтейтін, терең меңгерген тұлға ретінде тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қазақ тілі – қазақ халқының мәдениеті мен тарихының, рухани дүниесінің айнасы. Оны сақтау және дамыту арқылы біз ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді, дүниетанымымызды сақтаймыз. Мемлекеттік тілдің дамуы – еліміздің халықаралық деңгейде танылуына да ықпал етеді.
Қорытындылай келе, тіл тағдырына немқұрайлы қарау – өз болашағымызға немқұрайлы қарау деген сөз. Сондықтан әрбір азамат, әрбір мемлекеттік қызметкер, соның ішінде судьялар қауымы мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – уақыт талабы ғана емес, ұлт алдындағы қасиетті парыз.
Мұғалжар аудандық соты
әкімшісінің басшысы А.Т.Иманбекова


