Кеңес Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ғалымжан Балтабаевтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен ведомстволық бағынысты мекемелердің жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында есепті кезеңдегі департамент қызметінің нәтижелері жан-жақты сараланып, негізгі бағыттар бойынша нақты бағалау берілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жеке құраммен жұмысты жетілдіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері басты назарда болды.
Сонымен қатар кадрлық әлеуетті нығайту, бос лауазымдарды толықтыру және персоналды іріктеу сапасын арттыру мәселелері қаралды. Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №19, 20, 21 және 23 мекемелерінің басшылары баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен өзекті мәселелерді ортаға салды.

Кеңес қорытындысы бойынша мекемелер қызметіндегі анықталған кемшіліктерге қағидатты баға беріліп, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Адам құқықтарын сақтау, азаптаулар мен тергеудің заңсыз әдістеріне жол бермеу мәселелері ерекше бақылауға алынды.
Құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында берілген тапсырмалар жеке құрамға жеткізіліп, жедел-қызметтік қызметтің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған жүйелі шаралар айқындалды.
Кеңесті қорытындылай келе, департамент бастығы Ғалымжан Балтабаев Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті. Осыған орай қылмыстық-атқару жүйесіне заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізу, оның ішінде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жұмысты күшейту негізгі басымдықтардың бірі болатыны жеткізілді.
Сондай-ақ департамент басшысы алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгілеп, барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру, заңдылық пен қызметтік тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.


