Түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атамыздың: «Өткен күн, кеше – тарих, келер күн, ертең – сыр, ал бүгінгі күн – үлкен сый» деген тағылымы терең сөзі бар. Сол айтпақшы, Қазақстанның құқықтық алаңында әкімшілік әділет институтының пайда болып, қолданысқа енгізілгені күні кеше секілді еді. Содан бері зымырап бес жыл өте шыққан екен. Бұл расында да ұжымдық ізденіске, әріптестік белсенділікке, қызу еңбекке толы бес жыл.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің дайындалып, елімізде 21 әкімшілік сотты жасақтауға қатысты алғашқы қадамдардың жасалған кезі әлі көз алдымызда. Бұл шын мәнінде жоғары дайындықпен, зерделі зерттеу, зерек ой, зиялы пайымдардың нәтижесінде дүниеге келген бірегей бастама болатын. Мұндай ілкімді жобаның артында Мемлекет басшысының ойы, тапсырмасы тұр. Әкімшілік әділет институтының бастауында Президенттің елге болсын, халықтың қалауы қаперге алынсын, азаматтардың құқығы тапталмасын деген шынайы ниеті жатыр. Сол жылдары әкімшілік әділет институтын қалыптастырып, дамытуға атсалысқан кез келген судьяның санасында Президенттің «Азаматтар мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне шағымданған кезде көбінесе теңсіздік жағдайға тап болады. Сондықтан, әкімшілік сот төрелігін осы айырмашылықты азайтатын арнайы дауларды шешу механизмі ретінде енгізу қажет» деген сөзі жаңғырып, алға қамшылап тұрды.
Президент тапсырған, ел күткен жоба межеден табылуы үшін Жоғарғы Сот тарапынан да ауқымды ұйымдастыру шаралары қолға алынды. Республикамыздың әр өңірінде құрылған мамандандырылған әкімшілік соттардың қатарында Маңғыстау облысындағы ммандандырылған әкімшілік сот та бар. Біздің сотты да заманауи ғимаратпен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық мәселелерін шешу, жаңа бағыт бойынша сауатты төрелік жасайтын судьялар шоғырын оқытып, біліктілігін шыңдау бірлескен күш-жігер мен кешенді шараларды қажет етті. Бүгінде Маңғыстау халқы жиі жүгінетін, судьялар шешіміне үнемі алғысын білдіріп келе жатқан әкімшілік сот бір күннің, бір сәттің шаруасы емес. Бұл Жоғарғы Соттың қолдауымен қолданысқа енгізіліп, халықтың шынайы алғысына ие болған маңызды жоба. Бұған күн өткен сайын көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп келеді.
Әкімшілік әділеттің ерекше құндылығы – ол үкімет пен азамат арасындағы мүдделердің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз қудалауды жоюға, мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығын нығайтуға және құқықтық қатынастарға қатысушылар арасындағы ортақ мәселелерді шешуде ынтымақтастық жасауға арналған. Осы аралықта әкімшілік әділет мемлекеттік органдармен арадағы дауларда азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді құралы және заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің тетігі ретінде мойындалды.
Әкімшілік әділеттің негізгі мақсаты – мемлекеттік аппараттың, әкімшілік органдардың және мемлекеттік лауазымды тұлғалардың билікті өз бетінше жүзеге асыруын шектеу. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесін және мемлекеттік органдармен дауларда азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды реттеді.
Түптеп келгенде әкімшілік әділет – Президентіміз бағдар еткен «Еститін мемлекет» идеясының жарқын мысалы. Себебі бұл институт барша қарапайым азаматтардың жария-құқықтық дауларды қарау, шешу, тәжірибе қалыптастырудағы пікір-ұсынысы негізінде құрылып, халықтың талап-тілегі ескеріле отырып дайындалуымен бағалы.
Әрине, салыстырмалы түрде алғанда Қазақстандағы әкімшілік сот төрелігі институты жаңа. Десек те жұмысын енді бастағанымен, институт бес жылдың ішінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Әкімшілік соттардағы ізденістер мен іркілістерге баға беру үшін бірнеше басымдықты арнайы көрсетуге болады.
Біріншіден, әкімшілік әділет халықтың әділ төрелікке деген сенімін нығайтты. Бұған жаңа институт тәжірибеге енгізілген жылдардағы жұмыс жүктемесіне қарап-ақ көз жеткізуге болады. Мысалы алғашқы жылы жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік органдардың әрекеті мен әрекетсіздігіне қатысты 358 шағым түссе, бұл сан жыл сайын сатылап өсіп, 2022 жылы 784, 2023 жылы 971, 2024 жылы 1072, 2025 жылы 1116 шағымға жеткен. Қорытынды анық – бұл жаңа соттарға да, жаңа институтқа да азаматтардың сеніммен қарауының айқын көрінісі.
Оның ішінде мемлекеттік тілде берілген талап арыздар санының да көбейгені қуантады. Айталық 2021 жылы өндірістегі 358 шағымның 88-і қазақша түссе, 2022 жылы 254, 2023 жылы 345, 2024 жылы 444, ал 2025 жылы 427-ні құраған. Талап арыз қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады деген заңдық талапта дәйектелгендей, бұл сандар Маңғыстау облысындағы әкімшілік сотта мемлекеттік тіл мәртебесінің биік екенін дәлелдейді. Әрі бұл сот ұжымының мемлекеттік тілге байланысты заң талаптарын тыңғылықты түсіндіріп, азаматтық ұстанымды айқындауға қатысты үздіксіз жүргізген ақпараттық, насихат жұмысының жемісі деп сеніммен айта аламыз.
Мемлекеттік органдардың әрекеті мен әрекетсіздігіне шағымданған жеке және заңды тұлғалар талабын қарауда да әкімшілік соттар кәсібилігі мен талапшылдығын танытып келеді. Мәселен 2021 жылғы сот өндірісіне түскен талап арыздардың 43,9 пайызы, 2022 жылы 61,3%, 2023 жылы 59,9%, 2024 жылы 60,7%, ал 2025 жылы 55,6 пайызы азаматтар пайдасына шешілген болатын. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл біріншіден мемлекеттік органдардың әкімшілік рәсімдерді сақтамайтынын, құжатқа салғырт қарауының нәтижесі. Екіншіден, азаматтар әкімшілік соттарда көбінесе «соттың белсенді рөлі» мен мемлекеттік органдардың кінәлілік презумпциясының енгізілуінің арқасында жеңіске жетеді. Себебі лауазымды тұлғалар өз әрекеттерінің заңдылығын дәлелдей алмай жатады. Әрі әкімшілік әділетте сот жай ғана процесті бақылаушы емес, дәлелдемелерді белсенді түрде жинауға, құжаттарды сұрауға және азаматтарға өз ұстанымын негіздеуге көмектесетінін ұмытпаған абзал. Үшіншіден, мемлекеттiк орган азамат үшiн мiндеттi шешiм қабылдамас бұрын оның уәжін тыңдауға мiндеттi. Бұл процедураның бұзылуы да сәйкесінше шешiмнiң күшiн жоюға негiз болып табылады. Төртіншіден, мемлекеттік органдардың негізсіз, заңсыз шығарылған шешімдері азаматтар шағымының қанағаттандырылуына түрткі болады.
Әкімшілік әділеттің екінші негізгі функциясы – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттырып, мемлекеттік қызметкерлердің жауаптылығын көтерудегі ықпалынан туындайды.
Бұл институттың пәрменділігі – құзырлы органдарды өз қызметін дәл уақытында, талапқа сай орындауға мәжбүрлейтін заңдық рычагының қолданылуынан көрінеді. Ол рычаг – соттың заңды талабын орындамаған, сот құзырына бағынбағандарға берілетін ақшалай өндіріп алу шарасы. Мәжбүрлеу тетігін Маңғыстау облысының әкімшілік соты 2021 жылы 24, 2022 жылы 32, 2023 жылы 41, ал 2024, 2025 жылдары 44 рет қолданған. Осының өзі құзырлы органдардың әр қадамын байыппен жасап, ақшалай айыппұл арқаламас үшін соттың талабын мінсіз орындауына ықпал еткені анық. Бұл әдіс әкімшілік актілердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етудің де негізгі құралы. Әрі бұл әкімшілік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметтік тәртібін жақсартуға бағытталған және рәсімдік талаптар мен мерзімдерді сақтауға жауапкершілікпен қарауға міндеттейтін бірегей тетік.
Әкімшілік әділеттің тағы бір артықшылығы әкімшілік қалаудың қарастырылуында. Әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылықты бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі. Сот ең бірінші кезекте сот талқылауы барысында әкімшілік қалаудың бар-жоғын тексереді. Әкімшілік қалауы болса «Соттың белсенді рөлі» қағидатының негізінде, тараптарға алдын ала құқықтық пікірін білдіріп, талап қоюшылардың берген талап қоюын кері қайтарып алуына, оның ішінде даудың нақты шешілуіне және тараптардың татуласуына мүмкіндік жасайды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің маңызды жаңалығының бірі – татуластыру рәсімдері. Бұл екі тарапты да қанағаттандыратын және жанжалды азайтатын, ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік беретін ерекше институт. Әкімшілік әділет алаңында ымыраласып, бітімге келгендер санында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Айталық 2021 жылы істердің 16 пайызы татуластыру және медиация арқылы аяқталса, 2022 жылы оның үлесі 13,8% құраған. 2023 жылы тараптардың 14,5%, 2024 жылы 14%, 2025 жылы 13% өзара келісім жасап, бітімге тоқтаған. Бұл әрине медиацияның маңызын көтеру, медиативтік келісімдер санын көбейтуге қатысты кешенді шаралардың әлі де толық нәтиже бере алмай отырғанын көрсетеді. Әкімшілік соттардағы медиация туралы келісімдердің көбеймей отырғаны даулардың жария-құқықтық сипатына байланысты, онда мемлекет яғни құзырлы орган өз өкілеттіктерін еркін жүзеге асыра алмайды, ал азаматтар ымыраға келудің орнына құқықтарын қорғауға басымдық береді. Негізгі себеп – заңнамадағы қатаң ережелермен, лауазымды тұлғалардың жауапкершілікті мойнына алуға құлықсыздығымен байланысты десек қателеспейміз.
Әкімшілік соттардың енгізілуі қоғамда бірыңғай сот практикасының қалыптасып, төрелікте кететін кем-кетікті біртіндеп шешуге көмектесті. Соның арқасында республикадағы әкімшілік соттардың тәжірибе алаңы қалыптасып, әкімшілік істерді қарайтын судьялардың біліктілігін арттыруға, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік туды.
Әкімшілік істерді қарауда кездесетін кем-кетіктердің де барын мойындауымыз керек. Біріншіден, әкімшілік істердегі тәжірибе әлі де біркелкі емес. Осыған байланысты Жоғарғы Сот мемлекеттік органдарға сот төрелігін жүзеге асыру тәжірибесі бойынша үнемі түсініктемелер беріп келеді. Өкінішке орай, мемлекеттік, әкімшілік органдарда ізденіс, құқықтық білімін көтеруге деген ынта төмен. Біліктілігін көтермеген, өзін дамытпаған, өзі ісіне салғырт қарайтын мемлекеттік қызметкерлер жиі қате жібереді. Бұл әкімшілік сотқа арызданатындар қатарын ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органға күмәнмен қарайтын азаматтар санын да көбейтеді. Сондықтан, әкімшілік соттар жұмыс барысында жиі кемшілік жіберетін, қателіктерді үнемі қайталайтын мемлекеттік құрылымдарға ұсыныс хаттар жолдап, кемшіліктерді бірігіп шешу үшін өзара диалог құруға бастама көтеріп келеді.
Мысалы жұмысында үнемі кемшіліктер орын алып, қателіктерге жүйелі түрде жол беретін құзырлы органдарға жеке ұйғарымдар қабылданып, түйткілдің дұрыс тарқатылуына күш саламыз. Әкімшілік сот 2021 жылы 30, 2022 жылы 145, 2023 жылы 131, 2024 жылы 156, ал былтырғы жылы 184 жеке ұйғарым қабылдаған. Жыл сайын осындай ескертулер мен ұйғарымдар жіберілгеніне қарамастан, салық дауларында кемшіліктер ұдайы қайталанады. Сонымен бірге жеке сот орындаушылар қызметіне де үнемі сын айтылады. Біз бұл кемшіліктерді көрсетіп қана қоймай, әкімшілік соттың алаңында дөңгелек үстел, кездесу, семинарлар өткізіп, құзырлы орган өкілдерімен мәселені бірігіп талқылаймыз. Мұндай екі жақты ашық диалогтың түйткілдерді дер кезінде, оңтайлы шешуге көмегі көп.
Тағы бір айта кетерлігі, бұрын жария-құқықтық дауларда сотта дәлелдеу ауыртпалығы жеке тұлғаларға тиесілі болатын. Ал қазір керісінше, шағымның негізсіз екенін құзырлы органдар дәлелдеп шығуы тиіс. Өкініштісі сол, әкімшілік органдардың соттарға ұсынған іс материалдарының сапасы көбінесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, өз әрекетін дәлелдеу позициясы әлсіз, нәтижесінде соттар мемлекеттік органдардың жұмысын орындауға мәжбүр болады. Бұл жағдай, ішінара, мемлекеттік органдардағы құқықтық бөлімдердің әлсіз жұмысының салдары болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта оңтайлы шешуді қажет ететін мәселенің бірі де осы болмақ.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар жұмысын бағалаған кезде әкімшілік соттардың шешімін назарда ұстай отырып, рейтинг қалыптастырудың маңызы да, тиімділігі де зор. Себебі шағымдардың азаматтар пайдасына шешілуінің өзі мемлекеттік құрылымдағы кемшіліктің барын көрсетеді. Ал егер әкімшілік соттың шешімі мемлекеттік орган қызметін бағалауда ескерілер болса, бұл құзырлы органдардың қызметін үйлестіруге, жетілдіруге ықпал етіп, мемлекеттік қызметкерлер жауаптылығын көтеруге әсерін тигізер еді.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы әкімшілік сот төрелігі заманауи қиындықтар мен жауапты мемлекеттік талаптарды ескере отырып дамудың жаңа толқынына қадам басты. Бес жылдық белесте қол жеткізген жетістіктер аз болған жоқ, алдағы меже – әкімшілік әділет институтының қолданысын әрі қарай арттырып, заңдық механизмдерді мейлінше халықаралық талаптарға сай жандандыруға бағытталуы тиіс.
Исатай СМАТОВ,
Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы


