Мемлекеттік тіл – сот төрелігін жүзеге асырудың конституциялық кепілі

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі Конституция деңгейінде айқындалған және ол мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының қызметінде міндетті түрде сақталуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны ерекше, себебі сот билігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл норма сот төрелігін жүзеге асыру барысында тікелей қолданылатын конституциялық талап ретінде бағалануы тиіс.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Бұл тұжырым қазіргі құқықтық шындықта мемлекеттік тілдің мемлекеттік институттардың тиімді қызмет етуіндегі рөлін айқындайды.
2026 жылғы конституциялық өзгерістер құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, сот билігінің тәуелсіздігін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Аталған реформалар сот төрелігінің сапасына қойылатын талаптарды арттыра отырып, оның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді.
Сот төрелігінің қолжетімділігі тек рәсімдік мүмкіндіктермен ғана шектелмейді. Ол, ең алдымен, азаматтардың сот процесін түсіну деңгейімен байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, сот ісін жүргізудің мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы – конституциялық қағидаттардың нақты іске асу нысаны.
Абай Құнанбайұлы айтқан: «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деген қағида сот өндірісінде ерекше мәнге ие. Себебі сот процесінде ұсынылатын әрбір дәлел мен уәж тіл арқылы жеткізіледі және құқықтық бағалау да сол арқылы жүзеге асырылады.
Қолданыстағы процессуалдық заңнама сот ісін жүргізу тілін айқындау тәртібін белгілейді және тараптардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір икемділікті көздейді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, талап қоюшылардың мемлекеттік тілді меңгере тұра, талап қою арыздарын өзге тілде ұсынуы сот өндірісінің тиімділігіне кері әсер етеді. Мұндай жағдайларда сот ісін жүргізу тілін өзгерту немесе аудармашы тарту қажеттілігі туындайды, бұл өз кезегінде процестік мерзімдердің ұзаруына алып келеді.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылу деңгейін бағалау мақсатында Орал қаласының №2 соты қызметінің статистикалық деректеріне назар аударуға болады
Мәселен, 2025–2026 жылдар аралығында сот өндірісіне түскен істердің жалпы санынан:
2025 жылға 8 971 іс құраса, оның ішінде 1 237 іс мемлекеттік тілде қаралған істердің үлесі шамамен 14 % құрайды, сәйкесінші, ресми тілде қаралған істердің үлесі 86% деңгейінде қалып отыр;
2026 жылдың 1 тоқсанына 2 780 іс құраса, оның ішінде 347 іс мемлекеттік тілде қаралған істердің үлесі шамамен 12,4 % құрайды, сәйкесінші, ресми тілде қаралған істердің үлесі 87,6% деңгейінде қалып отыр;
Азаматтық істердің жекелеген санаттары бойынша мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі әртүрлі болып келеді, бұл да тілдік тәжірибенің біркелкі қалыптаспағанын көрсетеді.
Аталған статистикалық деректер мемлекеттік тілдің сот жүйесінде формалды түрде қолданылып қана қоймай, оның іс жүзінде кеңінен енгізілу қажеттігін айқын дәлелдейді.
Судья ретінде атап өткім келеді, мемлекеттік тілде жүзеге асырылатын сот төрелігі біріншіден, азаматтардың сотқа деген сенімін арттырады; екіншіден, сот актілерінің мазмұнын дұрыс түсінуді қамтамасыз етеді; үшіншіден, тараптардың теңдігін нақты іске асыруға ықпал етеді; төртіншіден, құқықтарды қорғаудың тиімділігін күшейтеді.
2026 жылғы конституциялық реформалар сот билігінің қоғамдағы рөлін күшейтіп, оның жауапкершілігін арттырды. Осыған байланысты, мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуын кеңейту – тек тіл саясатының емес, құқықтық реформаларды іске асырудың маңызды элементі болып табылады.
Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдануды дамыту мақсатында:

  • сот актілерін мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу;
  • процессуалдық құжаттардың бірыңғай тілдік стандарттарын қалыптастыру;
  • заңгерлер мен мемлекеттік қызметкерлерінің тілдік құзыреттілігін арттыру сияқты бағыттарға ерекше назар аудару қажет деп санаймын.
    Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – сот төрелігінің ажырамас құрамдас бөлігі. Оның сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – құқық үстемдігін қамтамасыз етудің, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғаудың және сот жүйесіне деген сенімді арттырудың маңызды кепілі.

М.Кадырбаев, Орал қаласының №2 сотының судьясы

Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізудің артықшылықтары

Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі: сот оңайлатылған (жазбаша) іс...

Американский авто-путешественник и блогер прибыл в Казахстан

Американский авто-путешественник и блогер Connor, известный под никнеймом @camperghini, прибыл...

Сот кабинеті – азаматтар үшін қолжетімді әділет құралы

Қазіргі цифрлық дәуірде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа...

Парасаттылық пен ашықтық – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі

Сыбайлас жемқорлық – Қазақстанның дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей...

ҚазҰУ-да тең мүмкіндік пен достықты дәріптеген үстелүсті жарысы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үстелүсті спорттық ойындары бойынша...