Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Семей қалалық пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандар мен №20 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында онлайн форматта телемост өткізілді.
Іс-шара сотталғандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу және олардың қоғамға сәтті бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылды. Негізгі назар ашық диалогқа, өмірлік тәжірибе алмасуға және құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын түсінуге аударылды.
Телемост барысында қатысушылар оқшаулау жағдайындағы және бостандықтағы өмірдің маңызды қырларын талқылады. Пробация есебінде тұрған сотталғандар босап шыққаннан кейін кездесетін қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы айтып, мемлекет, қоғам және жақындарының қолдауының маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, жұмысқа орналасу, әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру және бұрынғы өмір салтынан бас тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ал №20 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар өз ойларымен бөлісіп, жіберген қателіктерінің ауырлығын мойындады. Олардың көпшілігі мұндай кездесулер өмірлік құндылықтарды қайта қарауға, түзелуге деген ұмтылысты нығайтуға және бостандыққа шыққаннан кейін заңға бағынатын өмір сүруге ынталандыратынын атап өтті.
Телемост форматы қатысушыларға өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ашық жауаптар алуға, сондай-ақ бостандықтағы өмірді өзгертуге болатын нақты мысалдарды көруге мүмкіндік берді. Мұндай пікір алмасу болашаққа саналы көзқарас қалыптастырып, қайта құқық бұзушылық жасау қаупін төмендетеді.
— Осындай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар сотталғандардың құқықтық санасын арттырып, олардың қоғамға оң көзқараспен оралуына ықпал етеді, — деді мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нурболат Сапаргалиев.
Мұндай бастамаларды өткізу қылмыстық-атқару жүйесінің сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге және заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған кешенді жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар заманауи өзара іс-қимыл тәсілдерін қолдана отырып жалғасады.


