Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №19 мекеме қызметкерлері жоғары сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы-на оқуға түсу талаптарымен таныстыру, сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы қызметке қызығушылықтарын арттыру болды.
Кездесу барысында оқушыларға академияға қабылдау ережелері, талапкерлерге қойылатын талаптар, оқу үдерісі мен болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар тәртіп, дене дайындығы және болашақ құқық қорғау қызметкерлеріне қажетті моральдық-адамгершілік қасиеттерге ерекше назар аударылды.
Мекеме қызметкерлері өздерінің қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі жұмыс ерекшеліктері туралы айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Оқушылар белсенділік танытып, оқуға түсу, білім алу және болашақтағы қызмет туралы сұрақтарын қойды.
Мекеме бастығының міндетін атқарушы Айдын Калелов атап өтті:
«Жастармен жүргізілетін кәсіби бағдар беру жұмысы болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Оқушыларды ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы-на түсу мүмкіндіктерімен таныстыру олардың мамандық таңдауға саналы түрде қарауына ықпал етеді. Біз жүйеге ынталы, тәртіпті және жауапкершілігі жоғары жастардың келгеніне мүдделіміз».
Кездесу соңында оқушыларға емтихандарды сәтті тапсырып, болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауларына тілектер білдірілді.


