Мас күйінде көлік жүргізген жандарға жанашырлық танытып, олардың жауапсыз әрекетін ақтаудың қажеті жоқ. Себебі, алкоголь мен есірткі секілді зиянды өнімдерді тұтынғанына қарамастан көлікке отырғандар өзіне ғана емес, маңайына қатер төндіреді.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу комитеті ұсынған мəліметке көз жіберсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 23 000-нан астам жүргізуші мас күйінде ұсталып, сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Бұл көрсеткіш биыл азайды деп айта алмаймыз. Мас жүргізушілердің кесірінен материалдық шығынға батып, көлігі жарамсыз болып қалғандар қатары айналамызда баршылық. Алкоголь мен есірткіге уланған жүргізушілердің қоршаған ортаны бүлдіріп, тəртіпті бұзатыны да ешкімге таңсық емес. Ең қиыны мұндай жауапсыз жүргізушілер кесірінен талай кінəсіз жүргінші жол көлік апатына тап болып, денсаулығынан ажырауда. Бұдан бөлек мас жүргізушілер қаншама тағдырдың мезгілсіз үзілуіне түрткі болды десеңізші. Бір жүргізушінің жауапсыз, ойсыз əрекеті талай тағдырдың бүлініп, көптеген отбасына қайғы жамауда. Жалпы көлік рөліне алкогольдік, есірткілік масаң күйде отырған азаматтарға берілетін жауаптылық төмен емес. Əкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сай көлік құралын алкогольдік, есірткілік жəне уытқұмарлық масаң күйде басқарған, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік жəне уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергендер он бес тəулікке əкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.Мұндай əкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау жəне құқық тəртiбiн құрметтеу рухында тəрбиелеуге, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Бір қызығы, масаң күйде рөлге отырғандардың өзін ақтау үшін айтатын сылтауы əрқилы. Біреулер полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашып, жазаның үстіне жаңа жаза қосып алып жатса, енді бірі уақыт созсақ қандағы алкоголь құрамы білінбей қалар деген үмітпен медициналық тексеруден бас тартып жатады. Ал құзырлы орган өкілдерінің заңды талабына бағынбағандарға арнайы жауаптылық бар. Сондықтан, жазадан қашуды емес, азаматтар көлік жүргізудің жауаптылығын сезінгендері дұрыс. «Ата-анам ауырған соң амалсыз рөлге отырдым», «Отбасылық немесе қызметтік жағдайға байланысты шұғыл шаруаларды шешу үшін көлік жүргізуіме тура келді» деп өзінің теріс əрекетін түсіндіруге тырысатындар да табылады. Алайда, бүгінде біздің елімізде жеткізу қызметі жоғары дəрежеде дамыған. Өзіңнің де, жақындарыңның да, қара жолдағы басқа азаматтардың да басын қауіпке тікпеу үшін осындай арнайы қызметтерге жүгінген абзал. Бір сəттік қателік бірнеше адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Адамның өмірі, денсаулығы қайта қалыпқа келмейтіні əрқашан қаперде ұсталғаны дұрыс. Бірақ, алғашқы жазадан сабақ алмай, жүргізуші куəлігінен айырылған азаматтардың мас болып қайта көлікке отыратындары да кездеседі. Бұл əрекет үшін азаматтарға əкімшілік жаза емес, қылмыстық жаза беріледі. Əрине, жаза да өтелер, жауаптылық та ескірер. Дегенмен, бүлінген тағдырды өзгерту өте қиын. Жол жүру ережелері баршамызға ортақ. Оны бұзу – қара жолдағы қайғыны көбейтеді. Себебі жол қателікті кешірмейді.
Жанболат БЕРДЫБЕКОВ, Алматы қаласы əкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты əкімшісінің басшысы


