Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен БССА ректоры Виттория Идрисова қол қойды.
Қол қою рәсімі Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясы делегациясының Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ресми сапары аясында өтті. Кездесу Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылып, жоғары білім мен ғылым саласындағы қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты нығайту аясында өтті. Тараптардың атап өтуінше, бұл келісім білім және ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық жобаларды қолдау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қос дипломды бағдарламаларды іске қосу, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуы және жас ғалымдарды қолдау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өз сөзінде екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстардың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
«Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестігіміз жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгінде көптеген студенттеріміз Мәскеу, Новосибирск, Омбы сияқты ірі ғылыми-білім беру орталықтарында білім алуда. Бұл байланыстар жастардың кәсіби тәжірибе жинақтауына және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл серіктестік екі елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз», — деді ректор.
Өз кезегінде БССА ректоры Виттория Идрисова меморандумның екі тарап үшін де тиімді екенін жеткізді.
«Еуразия ұлттық университетімен орнатылған серіктестікті біз жоғары бағалаймыз. Бұл әріптестік тек екі жоғары оқу орны арасындағы ресми байланыс қана емес, сонымен қатар білім мен ғылымды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды бөлігі. Мұндай байланыстар оқытушылар мен студенттерге жаңа академиялық ортада тәжірибе алмасуға, заманауи білім беру әдістерін меңгеруге және халықаралық деңгейде кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді», — деді ол.
Айта кетейік, Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясы – сыртқы экономикалық қызмет саласына мамандар даярлайтын Мәскеудегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Академия 1931 жылы құрылған.
Бүгінде академия экономика, менеджмент және құқықтану бағыттары бойынша бакалавриат, магистратура және аспирантура бағдарламаларын жүзеге асырады. Әрбір бакалавриат бағдарламасында екі шетел тілін міндетті түрде оқу қарастырылған. Қазіргі таңда студенттер ағылшын, неміс, француз, испан, итальян, португал, қытай, корей, вьетнам және араб тілдерін меңгере алады.


