Қазіргі заманда ұлттық қауіпсіздік тек әскери немесе арнайы қызметтердің жұмысы ғана емес. Цифрлық технологиялар дамыған сайын қауіптің жаңа түрлері пайда болды: интернет алаяқтық, жалған ақпарат, қаржы пирамидалары мен киберқылмыс. Осындай жағдайда әр азаматтың құқықтық және ақпараттық сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Сарапшылардың айтуынша, қауіпсіз қоғам қалыптастыруда мемлекетпен қатар қарапайым азаматтардың да жауапкершілігі зор. Осы тақырып төңірегінде Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Сейфулла Шыңғыспен сұхбаттасқан едік.
– Ұлттық қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы күресті заң тұрғысынан қалай байланыстырамыз?
– Көпшілік «ұлттық қауіпсіздік» дегенде бірден əскерді немесе мемлекеттік шекараны елестетеді. Алайда, ұлттық қауіпсіздік тек сыртқы қауіп-қатермен ғана байланысты емес. Ел ішіндегі қоғамдық тəртіп пен тұрақтылық та соның маңызды бөлігі. Егер қоғамда алаяқтық, ұрлық, есірткі саудасы немесе интернет қылмыстары көбейсе, адамдар өздерін қауіпсіз сезінбейді. Азаматтар ақшасына, мүлкіне, тіпті жеке деректерінің қауіпсіздігіне алаңдай бастайды. Мұндай жағдайда қоғамдағы сенім деңгейі төмендейді. Сондықтан қылмысқа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, бұл – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Қоғамда заң үстемдігі мен тəртіп сақталса, адамдар өздерін қауіпсіз əрі сенімді сезінеді. Менің ойым ша, ұлттық қауіпсіздік əр азаматтан басталады. Егер əр адам заңды сақтап, алаяқтық əрекеттерге алданбай, күмəнді жағдайларға бей-жай қарамаса, ол да ел қауіпсіздігіне өз үлесін қосады.
– Соңғы жылдары қандай қылмыстар жиілеп кетті?
– Соңғы жылдары ең жиі кездесетін қылмыстардың бірі – интернет алаяқтық. Қазіргі алаяқтар бұрынғыдай көшеде жүріп алдамайды. Олар адамдарға телефон шалып, WhatsApp арқылы хабарлама жібереді, жалған сайттар жасап, жалған жарнамалар таратады. Кей жағдайда өздерін банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырады. Тағы бір өзекті мəселе – қаржы пирамидалары. Əлеуметтік желілерде «инвестиция», «тез табыс», «айына 30–40 пайыз пайда» деген сияқты ұсыныстар жиі кездеседі. Оңай ақша табамын деген үмітпен көптеген адамдар мұндай ұсыныстарға сеніп қалады. Қазіргі қылмыстың ерекшелігі – олардың көпшілігі интернет арқылы жасалады. Яғни, қылмыскердің қолында қару болмауы мүмкін, бірақ телефон мен интернеттің өзі үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
– Қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтыққа қатысты заң қалай жұмыс істейді?
– Бұл салада заңнамалық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодексте алаяқ тыққа қатысты арнайы бап бар. Егер адам интернет арқылы басқа адамдарды алдап, олардың ақшасын иемденсе, бұл да қылмыс болып саналады.Сонымен қатар қаржы пирамидасын құру немесе оны басқару да заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке əкеледі. Қазіргі уақытта мұндай ұйымдарды жарнамалаған адамдардың өзіне де жауапкершілік қарас тырылған. Яғни, «мен тек жарнама жасадым» деп жауапкершіліктен құтылып кету бұрынғыдай оңай емес. Дегенмен бір маңызды мəселе бар: заң көбіне қылмыс жасалғаннан кейін іске қосылады. Ал адам ақшасынан айырылғаннан кейін оны толық қайтару əрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан ең маңыздысы – сақтық. Егер біреу: өте жоғары табыс уəде етсе; қысқа уақытта оңай ақша табуға болатынын айтса; таныстарыңызды шақырсаңыз, қосымша бонус береміз десе, онда бұл қаржы пирамидасының белгілері болуы мүмкін. Мұндай ұсыныстарға аса мұқият қарау қажет. Ғаламтор заманы бір қызық парадокс тудырды: бұрын алаяққа жолығу үшін көшеге шығу керек еді, ал қазір алаяқтық адамның қалтасына сыйған телефон арқылы келеді. Сондықтан құқықтық сауат пен салқынқанды күмəншілдік кейде ең жақсы қорғанысқа айналады.
– Егер азамат алаяқтың құрбаны болса, бірінші кезекте не істеуі керек?
– Ең бастысы – уақыт жоғалтпау. Көп жағдайда адамдар ұялып немесе қорқып, полицияға бірден жүгінбейді. Бұл дұрыс емес. Неғұрлым ерте əрекет етсе, соғұрлым жағдайды шешуге мүмкіндік көбірек болады. Бірінші қадам – банкке хабарласу. Егер ақша банктік карта арқылы аударылған болса, азамат бірден банкке қоңырау шалып, картасын бұғаттауы керек. Бұл алаяқтардың қаражатты əрі қарай пайдалануына жол бермеуі мүмкін. Екінші маңызды қадам – барлық дəлелдерді сақтау. Мысалы, алаяқпен болған хат алмасу, скриншоттар, ақша аударымының түбіртегі, телефон нөмірлері немесе қолданылған сайттың сілтемелері кейін тергеу барысында қажет болуы мүмкін. Үшінші – полицияға арыз жазу. Ал егер жеке деректер, мысалы карта нөмірі, құпия кодтар немесе парольдер белгілі болып қалса, оларды бірден өзгерткен дұрыс. Сонымен қатар адам өзін кінəламауы керек. Қазіргі алаяқтар түрлі психологиялық тəсілдерді қолданады: адамдарды асықтырады, қорқытады, сенімге кіруге тырысады. Сондықтан мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Ең бастысы – сабыр сақтап, дер кезінде дұрыс əрекет ету.
– Азаматтар қандай заңдық қателікті жиі жасайды?
– Ең жиі кездесетін қателіктің бірі – құжаттарды оқымай қол қою. Көп жағдайда адамдар келісімшарттың мазмұнын толық оқымайды. Кейін мəселе туындағанда ғана «мен бұлай болады деп ойламадым» деп жатады. Екінші қателік – барлық мəселені ауызша келісу. Көп адам «келістік қой» деп ойлайды. Бірақ дау туындаған жағдайда ауызша келісімді дəлелдеу өте қиын. Үшінші қателік – мəселені кеш шешуге тырысу. Кей азаматтар проблема пайда болған кезде бірден заңгерге немесе тиісті органға жүгінбей, уақыт өткізіп алады. Ал уақыт өткен сайын жағдайды шешу қиындай түседі. Тағы бір қателік – интернеттегі күмəнді кеңестерге сену. Кей адамдар нақты заңгерге жүгінудің орнына, əлеуметтік желідегі белгісіз кеңестерге сүйеніп əрекет етеді. Сонымен қатар жеке деректерге немқұрайлы қарау да жиі кездеседі. Көп адам банктік карта нөмірін, құпия кодтарды немесе құжат көшірмесін ойланбай жібере салады. Ал шын мəнінде мұндай əрекеттер үлкен мəселелерге əкелуі мүмкін. Өкінішке қарай, тағы бір күрделі мəселе бар. Кейбір адамдар адвокатқа жүгінудің орнына «таныс арқылы мəселені шешеміз» деген белгісіз адамдарға сеніп қалады. Мысалы, біреу «мен бұл істі шешіп беремін», «бəрін реттеп қоямын» деп уəде береді де, белгілі бір ақша сұрайды. Адамдар соған сеніп, қаражат береді. Алайда көп жағдайда мəселе шешілмейді, іс сол күйінде қалады, ал берілген ақша қайтарылмайды. Сондықтан азаматтар бір нəрсені түсінуі керек: егер мəселе заңға қатысты болса, əсіресе қылмыстық іс болса, оны тек заң жолымен ғана шешуге болады. Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – бірден кəсіби адвокатқа жүгіну. Өкінішке қарай, адамдар кейде мұны тым кеш түсінеді.
– Қарапайым азамат өз құқықтарын қорғау үшін қандай заңдарды білуі керек?
– Əрине, барлық заңды жаттап алу міндетті емес. Бірақ əр азамат негізгі заңдардың мазмұнын жалпы түсініп жүргені дұрыс. Ең алдымен, Конституцияны білу маңызды. Өйткені азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары осы заңда көрсетілген. Сонымен қатар Қылмыстық кодекс қандай əрекеттер қылмыс болып саналатынын түсінуге көмектеседі. Ал Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс көптеген айыппұлдар мен əкімшілік жауапкершілікке қатысты мəселелерді қамтиды.Бұдан бөлек, Еңбек кодексі жұмыс істейтін азаматтар үшін маңызды, себебі ол қызметкердің құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң күнделікті өмірде, яғни тауар сатып алу немесе қызмет алу кезінде қажет. Қазіргі уақытта тағы бір маңызды мəселе – жеке деректердің қауіпсіздігі. Əр азамат өзінің ЖСН нөмірін, банктік карта деректерін немесе құпия кодтарын бөгде адамдарға бермеуі керек.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»


