Ерекше іс жүргізудің тиімділігі неде?

Елімізде жүргізіліп жатқан сот реформаларының басты мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы, жылдам, әуре-сарсаңсыз, артық шығынсыз қорғауға бағытталған. Бүгінгідей уақыт бағалы кезде сот істерін мейлінше тез, оңтайлы реттеудің маңызы зор.

Азаматтық процестік заңнамаға сәйкес сот өндірісіне түскен істер бұйрық, оңайлатылған, талап қою, ерекше талап қою, ерекше іс жүргізу тәртібі арқылы қаралады. Бұл тетіктердің әрқайсының өзіндік артықшылығы бар. Соның ішінде ерекші іс жүргізу тәртібі де тараптарға  барынша ыңғайлы.

Ерекше іс жүргізу тәртібі заңды фактілердің немесе мән-жайлардың болуын немесе болмауын сот тәртібімен растау қажеттігі туындайтын істер барысында қолданылады. Азаматтық процестік кодекстің 302-бабына сәйкес сот ерекше іс жүргізу тәртібімен заңды маңызы бар фактілерді анықтау туралы, бала асырап алу туралы өтініштер бойынша, азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану және азаматты қайтыс болды деп жариялау, азаматтың әрекетке қабілеттілігін шектеу туралы, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану, он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның өз табыстарына өз бетінше билік ету құқығын шектеу немесе одан айыру туралы істерді ерекше іс жүргізу тәртібімен қарап, өз кесімін жасай алады.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмағанды толық әрекетке қабілетті деп жариялау туралы, кәмелетке толмағандарды девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше ұстау режимі бар ұйымдарға жіберу, азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу, туберкулезден, алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы істер де ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер қатарында.

Оңалту және банкроттық, азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыстығын анықтау, нотариаттық іс-әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тарту туралы, Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды республикадан тыс жерге шығарып жіберу туралы өтініштер де осы тәртіппен таразы басына салынады.  

Ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерде азаматтардың бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғаудан бұрын, заңдық негізі бар фактілерді, азаматтың құқықтық мәртебесін анықтау басты назарға алынады. Соның ішінде сот тәжірибесінде атқарушылық жазбаның күшін жою, банкроттық, әрекетке қабілетсіз деп тану, заңдық негізі бар фактілерді анықтауға қатысты істер жиі қаралады.

Мысалы азаматтар жақынының қайтыс болу фактісін анықтау мақсатында жиі сотқа жүгінеді. Мұндағы басты себеп – жақынын ақтық сапарға шығарып салуды ойлаған туыстары қайтыс болу фактісін дер кезінде тұрғылықты медициналық мекемеде тіркемейді. Ал медициналық мекемеде тиісті жазба болмаған соң, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы туыстарына қайтыс болу туралы анықтаманы бере алмайды.

АПК-ның 196-бабының 6-бөлігіне сай мұндай істерді сот мүдделі тұлға өкілдерінің қатысуынсыз қарай алады. Әрі бұл даусыз іс. Осы кодекстің 305-бабы 2-бөлігінің 8-тармақшасына сәйкес, сот азаматтық хал актiлерiн жазу органдары қайтыс болуды тiркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгiлi бiр уақытта белгiлi бiр мән-жайларда қайтыс болуы туралы фактіні куәлардың, деректердің негізіне сүйене отырып анықтайды.

Жалпы алғанда,  ерекше іс жүргізу тәртібі сот ісін жүргізуге өтінішті қабылдау кезеңі, істі сот талқылауына дайындау, өткізу және тағайындау сатыларын қамтиды. Мұндай механизм сот әуресінен құтқара отырып, мәселені заңдық тұрғыдан тиімді шешуге пәрменді екеніне азаматтардың анық көзі жеткен.

Байкенова Айгуль,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Жасанды интеллект сот жұмысына серпін береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды цифрландыру және жасанды...

Ашық сот процесі халық сенімін нығайтады

Сот жұмысы ашық, қолжетімді болған сайын азаматтардың сотқа деген...

Талап арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады

Тіл – ұлттың тірегі. Ұлтты өзгелерден ерекшелейтін де, өзіндік...

Төрелік етер төрді сыйлау керек

Сот ақ пен қара анықталып, заңды да әділ шешім...

Жаңа Конституция цифрлық дәуірде адам құқықтарын қорғауды күшейтеді – «Әділ сөз» қорының президенті

Қазақстандағы конституциялық реформа адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, цифрлық...