2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум күні ел аумағында ең ірі қоғамдық бақылау миссияларының бірі жүзеге асырылды. «ДАУЫС» қоғамдық бақылаушылар коалициясы Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі дауыс беру учаскелерінде референдум барысын қоғамдық бақылаумен қамтамасыз етті.
Брифинг барысында Коалиция төрағасы Төлеген Күнәділов бақылаушылар жұмысының алдын ала қорытындылары туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы саны 18 мыңнан астам қоғамдық бақылаушы дауыс беру учаскелерінде жұмыс істеп, дауыс беру рәсімдерінің және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді.
Коалиция жұмысы таңғы ерте уақыттан басталды.Коалицияның ахуалдық орталығы мен өңірлік штабтары дауыс беру учаскелері ашылған сәтте, сағат 06:00-де өз жұмысын бастады.Осы уақыттан бастап күні бойы бақылаушылар өңірлік үйлестірушілермен тұрақты байланыста болып, учаскелердегі жағдай туралы ақпаратты жедел түрде ахуалдық орталыққа жолдап отырды.Бұл дауыс беру барысы туралы өзекті мәліметтерді уақытылы алуға, туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге және барлық ақпаратты бірыңғай мониторинг жүйесіне тіркеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар бақылаушылардың алдын ала дайындықтан өткені атап өтілді.
«Бір ай бойы еліміздің барлық өңірлерінде бақылаушыларға арналған жүйелі оқыту жүргізілді.Тренингтер барысында сайлау заңнамасы, бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, учаскелердің ашылу тәртібі, дауыс беру және дауыстарды санау рәсімдері, сондай-ақ дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі практикалық жағдайлар қарастырылды. Сондықтан біздің бақылаушылар өз жұмыстарын сабырлы, сенімді түрде және белгіленген рәсімдер аясында жүргізді», — деді Төлеген Күнәділов.
Коалицияның алдын ала бағалауына сәйкес, дауыс беру процесі жалпы алғанда тыныш, ұйымдасқан түрде және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті.Көптеген учаскелерде бақылаушылар референдум комиссиялары мүшелерінің үйлесімді әрі жауапты жұмысын, белгіленген рәсімдердің сақталуын және бақылаушылармен сындарлы өзара іс-қимылды атап өтті.Бақылаушылар азаматтардың жоғары белсенділігін де тіркеді.Көптеген учаскелерде күні бойы дауыс берушілердің тұрақты легі байқалды.
«Біз азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға деген қызығушылығының артқанын көріп отырмыз.Әсіресе өз бетінше дауыс беруге келген жастардың көп болғаны байқалды. Біздің байқау тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, жастардың ел дамуына деген қызығушылығы артып келеді», — деп атап өтті Төлеген Күнәділов.
Бақылаушылардың мәліметінше, бірқатар дауыс беру учаскелерінде тыныш әрі қолайлы атмосфера қалыптасты.Комиссия мүшелері дауыс беру рәсімін түсінікті түрде ұйымдастырып, азаматтарға кеңес беріп, учаскеде еркін бағдар алуға көмектесті.
Сонымен қатар Коалиция басшысы мүгедектігі бар азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін дауыс беру учаскелерінің қолжетімділігіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.Коалиция мүшелерінің бақылауына сәйкес, учаскелерде ғимаратқа кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін пандустар мен қолайлы кіреберістер қарастырылған, сондай-ақ комиссия мүшелері мен еріктілер тарапынан қажетті көмек көрсетілген.
Бұдан бөлек, бірқатар учаскелерде көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль қарпімен дайындалған ақпараттық материалдар, сондай-ақ Конституцияның негізгі ережелерімен танысуға мүмкіндік беретін аудио нұсқасы ұсынылған.
Айта кету керек, референдумға дайындық аясында «ДАУЫС» коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов елордадағы бірнеше дауыс беру учаскесіне арнайы барып, олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін тексерген. Ол инфрақұрылымның нақты қолжетімділігін бағалау мақсатында учаскелерді мүгедектер арбасымен жүріп өтіп, кіреберіс топтарына, өту жолдарының еніне, дауыс беру кабиналарының орналасуына және учаске ішіндегі кеңістіктің ұйымдастырылуына ерекше назар аударған.
Бақылау барысында жекелеген ескертулер де тіркелді.Коалиция төрағасының айтуынша, олардың басым бөлігі техникалық немесе рәсімдік сипатта болып, жүйелі сипатқа ие болмаған.
«Мұндай жағдайлар кез келген электоралдық процестер барысында кездесуі мүмкін.Мәселен, туыстары үшін дауыс беруге талпыныс жасау, дауыс беру кабинасына екі адам болып кіру немесе жекелеген ұйымдастырушылық мәселелер.Әдетте мұндай жағдайларға комиссия мүшелері жедел түсіндірме беріп отырды», — деді Төлеген Күнәділов.
Оның айтуынша, жалпы алғанда Коалиция бақылаушылары учаскелерде өз қызметін еркін әрі кедергісіз жүзеге асыруға, дауыс беру барысын бақылап, тіркеуге және комиссия мүшелерімен жұмыс тәртібінде өзара әрекеттесуге мүмкіндік алған.
Қазіргі уақытта «ДАУЫС» коалициясы өңірлік үйлестірушілер мен бақылаушылардан келіп түскен ақпараттарды жинауды жалғастыруда.Барлық материалдарға талдау жасалғаннан кейін қоғамдық бақылаудың қорытындылары мен тиісті ұсынымдар қамтылған қорытынды есеп дайындалады.


