Қазақстанда мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңартылған жүйесі енгізілуде. Реформа конкурстық рәсімдердің ашықтығын арттыруға және мемлекеттік органдарға білікті мамандарды тартуға бағытталған.
Өзгерістердің басты мақсаты — әрбір үміткер өзінің білімін, кәсіби дағдыларын және жеке қасиеттерін көрсете алатын әділ және ашық жүйені құру. Заңнаманы білуге ғана емес, сонымен қатар аналитикалық ойлауға, шешім қабылдауға және командада тиімді жұмыс істеуге ерекше назар аударылады.
Іріктеудің жаңа тәртібі толығымен автоматтандырылған және онлайн режимінде өткізіледі. Бірыңғай цифрлық тіркеу кадр қызметтерінің мамандандырылған порталы арқылы өтеді, онда талаптарға сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі және жеке кабинет қалыптастырылады.
Біріншіден, үміткерлер Қазақстан Республикасының заңдарын білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке және кәсіби құзыреттіліктерін бағалауға арналған тестілеуден өтеді. Қорытынды кезең конкурстық комиссиямен әңгімелесу болып табылады.
Негізгі жаңалықтардың бірі — ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жеке қасиеттерді бағалауға арналған қорытындылар мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеу сертификаттарына ұқсас өткен күннен бастап бір жыл ішінде жарамды болады. Тиісінше, жеке қасиеттерін бағалауға тиісті сертификаты мен қорытындысы бар кандидаттар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға арналған конкурстарға бір жыл ішінде қатыса алады.
Жаңартылған тәртіп басшылық лауазымдар үшін эссе жазу және әңгімелесу кезеңдерінің міндетті өтуін, басшылық емес лауазымдар үшін – практикалық бағалауды айқындайды. Сонымен қатар, атқарушылық лауазымдардың практикалық тапсырмаларының деңгейі лауазым деңгейіне байланысты мазмұны мен күрделілігімен ерекшеленеді.
Конкурстық рәсімдердің мерзімі қысқартылды, құжаттарды қабылдау және қарау үш жұмыс күнін құрайды. Мысалы, өткен жылы конкурстың жалпы мерзімі 15 жұмыс күнінен асты, оның ішінде құжаттарды қабылдау жеті жұмыс күніне созылды.
Алматы қаласында өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде бос лауазымдарға 1200-ден астам конкурс өткізіліп, жеңімпаздар анықталып, 550-ден астам адам тағайындалды. Бір орынға үміткерлердің орташа саны 2 адамды құрады.
Енгізілген өзгерістер қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істеуге дайын жас және бастамашыл мамандардың санын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жаңартылған жүйені енгізу мемлекеттік органдардың кадр құрамының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Алматы қаласы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасы


