БАЛАЛАР КОНТЕНТI: ҚАУIПСIЗ ОРТА ҚАУIПТI АҚПАРАТТАН ҚОРҒАЙДЫ

Қазіргі заманның баласы ойын алаңынан гөрі экран алдында көбірек уақыт өткізеді. YouTube, TikTok сияқты платформаларда балаларға арналған түрлі видеолар, ойын-сауық бағдарламалары мен блогерлердің контенті күн сайын көбейіп келеді. Бір қарағанда, мұның барлығы тек көңіл көтеруге арналғандай көрінеді. Алайда мамандар балалар көретін контент олардың ойлау жүйесіне, мінез-құлқына және дүниетанымына әсер ететінін айтады. Бүгінде көптеген ата-ана баласының телефон немесе планшет арқылы қандай контент көріп отырғанына алаңдайды. Себебі интернет кеңістігінде пайдалы әрі дамытушы материалдармен қатар, тәрбиелік мәні күмән тудыратын видеолар да аз емес. Бұл жағдай балалардың ақпаратты қабылдауына, тілдік дамуына және мінез-құлқына белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін. Осы орайда балаларға арналған контенттің сапасы, оның тәрбиелік маңызы және баланың психологиясына әсері – қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Балалар қандай контент көруі керек? Әлеуметтік желідегі видеолар олардың дамуына қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін біз Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық білім үйлестіру орталығының дарынды балалармен жұмыс жөніндегі әдіскері, отбасы және балалар психологы Гүлбану Батырғалиқызымен сұхбаттастық.

– Қазіргі таңда балалардың көп уақыты YouTube, TikTok сияқты платформаларда өтеді. Мұндай контент балалардың психологиясына қалай əсер етеді?

– Бүгінгі заманда балаларды YouTube пен TikTok сияқты платформалардан толықтай ажырату мүмкін емес. Сондықтан басты мəселе – оны мүлде қолдандырмау емес, керісінше, осы құралдарды балаға пайдалы бағытта пайдалануды үйрету. Баланың психологиясына кері əсер ететін ақпараттардан қорғауда ата-ананың рөлі өте маңызды. Егер ата-ана баламен үнемі серіктес ретінде сөйлесіп, қандай ақпараттың пайдалы, ал қайсысының зиян екенін түсіндіріп отырса, бала біртіндеп мұндай контенттің қауіпті екенін түсіне бастайды. Сонымен қатар ата-ана баламен бірге пайдалы əрі танымдық ақпараттарды қарап, оның қызығушылығына көңіл бөліп отырса, бұл баланың дамуына оң əсер етуі мүмкін. Яғни интернеттегі контентті дұрыс бағытта пайдалану баланың психикасына теріс əсер етпейді.

– Көңіл көтеруге арналған контент пен тəрбиелік контенттердің айырмашылығы қандай? Балаларға қайсысы көбірек əсер етеді?

– Əрине, бала үшін тəрбиелік мəні бар контенттің пайдасы əлдеқайда жоғары. Бірақ баланың жас ерекшелігін ескеру өте маңызды. Тəрбиелік мазмұндағы контент міндетті түрде күрделі немесе ресми болмауы керек. Оны ойын, қызықты сюжет немесе түрлі шығармашылық тəсілдер арқылы көрсетуге болады. Егер тəрбиелік контент баланың жасына сай, қызықты форматта ұсынылса, ол баланың ойлау қабілетіне де, психикасына да оң əсер етеді. Мұндай контент баланың дүниетанымын кеңейтіп, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі.

– Кейбір видеоларда агрессия, дөрекі сөйлеу немесе орынсыз əзілдер кездеседі. Мұндай контенттің балаларға не берері бар?

– Бұл жерде ең үлкен жауапкершілік ата-анада деп айтуға болады. Егер бала ата-анасымен сенімді қарым-қатынаста өссе, үй ішінде психологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптасса, сырттан келген ақпараттың əсері соншалықты күшті болмайды. Ал керісінше, егер бала үнемі сын естіп, қолдау мен мейірімді сезінбейтін ортада өссе, ол сырт қы ортадан, соның ішінде интернеттен көрген агрессияны қабылдап, соған еліктеуі мүмкін. Кей жағдайда бала үйде жетіспеген мейірім мен қолдаудың орнын сырттағы агрессивті немесе жағымсыз контент арқылы толтыруға тырысады. Сондықтан бала көретін контентті бақылаумен қатар, ең алдымен отбасында сенімді əрі қолдаушы атмосфера қалыптастыру өте маңызды.

– Баланың интернетте көретін контентін ата-ана бақылауы керек пе, əлде толық шектеу дұрыс емес пе? Егер бала белгілі бір блогерге еліктеп кетсе, атаана қалай əрекет етуі керек?

– Баланың интернетте қандай контент көріп жүргенін ата-ана бақылап отырғаны дұрыс. Бірақ бірден «болмайды» деп толық тыйым салу əрқашан тиімді бола бермейді. Себебі балаға қатты шектеу қою оның психикасына кері əсер етуі мүмкін. Кей жағдайда бала мұндай тыйымды қысым ретінде қабылдап, қырсықтық немесе қарсы əрекет көрсетуі ықтимал. Егер бала белгілі бір блогерге қызығып, соған еліктей бастаса, ата-ана ең алдымен баламен сөйлесуі керек. Бала неліктен сол блогерді қарайды, оған не ұнайды – осының бəрін түсінуге тырысқан жөн. Балаға бірден «ол дұрыс емес» деп айту дұрыс тəсіл емес. Керісінше, ата-ана баланың деңгейіне түсіп, оның ойын тыңдап, пікірін білуі маңызды. Мұндай жағдайда ата-ана баламен диалог арқылы жұмыс істеуі керек. Мысалы, «Бұл блогер саған несімен ұнайды?», «Оның жасаған ісінің қандай пайдасы бар?», «Ол сенің жасыңа сəйкес келе ме?» деген сияқты сұрақтар арқылы балаға ойлануға мүмкіндік беру қажет. Қазіргі заманда балалар ақпаратты тез қабылдайды жəне өз пікірін қалыптастыра алады. Сондықтан баланы толық шектеуден гөрі, онымен ашық сөйлесіп, дұрыс бағыт көрсету əлдеқайда тиімді.

– Балалардың блог жүргізуіне қалай қарайсыз? Бұл олардың психологиясына əсер етуі мүмкін бе?

– Жалпы, балалардың блог жүргізуіне мен қарсы емеспін, керісінше, белгілі бір деңгейде қолдаймын. Себебі блог жүргізудің артында үлкен еңбек жатыр. Мұндай тəжірибе балаға көпшілік алдында сөйлеуді, өз ойын еркін жеткізуді жəне сенімді болуды үйретеді. Сонымен қатар бала ерте жастан еңбекқорлыққа да үйренуі мүмкін. Əрине, мұндай жағдайда ата-ананың рөлі өте маңызды. Бала блог жүргізген кезде ата-ана оның жанында болып, түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны дұрыс. Баланың қызығушылығын тежемей, керісінше, қолдап, бірге жұмыс істесе, бұл балаға болашақта өз бағытын табуға көмектеседі. Мысалы, осындай тəжірибелер арқылы бала 20 жасқа келгенде өзіне ұнайтын саланы ертерек анықтап алуы мүмкін. Дегенмен бұл жерде бір маңызды нəрсе бар – уақыт шектеуі. Баланың назарын тек блог жүргізуге ғана толық аударып қою дұрыс емес. Бала өмірінде оқу, демалыс, қарым-қатынас сияқты басқа да маңызды дүниелер болуы керек. Сондықтан ата-ана баланың уақытын дұрыс реттеп, тепе-теңдікті сақтауға көмектесуі қажет. Егер блог жүргізу дұрыс ұйымдастырылып, ата-ана тарапынан бақылау мен қолдау болса, бұл баланың психологиясына кері əсер етпейді. Керісінше, ол баланың жауапкершілігін арттырып, еңбекқорлыққа тəрбиелеуі мүмкін.

– Балаға пайдалы, дамытушы контент қандай болуы керек?

– Ең алдымен, балаға арналған контент оның пікірін тыңдай отырып, қабілетін дамытуға бағытталғаны дұрыс. Əр баланың қызығушылығы əртүрлі болады. Сондықтан контент баланың өз мүмкіндігін ашуға, жаңа нəрселерді үйренуге жəне ойлануға жетелейтіндей болуы керек. Қазіргі кезде балалардың көбі телефоннан көз алмайтыны жасырын емес. Көп жағдайда ата-аналар жұмысбасты болғандықтан, бала үйде уақытын телефонмен өткізуі мүмкін. Сондықтан балалардың назарын пайдалы дүниелерге бұру өте маңызды. Осы мақсатта мен балаларға арналған «армандар картасы» жобасын дайындадым. Бұл карта баланың алдына мақсат қойып, соған қадам жасауына көмектеседі. Яғни, бала өз армандарын жазып немесе белгілеп қана қоймай, сол мақсатқа жету үшін белгілі бір уақыт ішінде əрекет етеді. Мысалы, 30 күн бойы бала өз мақсатына байланысты түрлі тапсырмалар орындап, нəтижеге жетуге тырысады. Бұл процесс барысында балаларды ынталандыру үшін түрлі мотивациялық сыйлықтар да қарастырылған. Мұндай тəсіл баланың назарын тек телефонға емес, өз дамуына, өз мақсатына бағыттауға көмектеседі.

Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»

Театр иллюзий: мечты и реальность 

УГОЛОВНОЕ ДЕЛО ПО БЕСПРЕЦЕДЕНТНОМУ ОБМАНУ 90 ТЫСЯЧ ВКЛАДЧИКОВ, ВОВЛЕЧЕННЫХ...

Тіл – адамзат қоғамындағы ең маңызды құндылықтардың бірі

Ол адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, ой-пікірін білдіруіне және мәдениетін...

Армрестлингтен Әлем чемпионы атанған полицей оқушыларға шеберлік сабағын өткізді

Әлемдік спорт аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатқан тәртіп сақшылары жас...

Исчезнувшая семья: следствие нашло ответ

РЕЗОНАНСНОЕ ДЕЛО В АТЫРАУСКОЙ ОБЛАСТИ ПОЛУЧИЛО РАЗВЯЗКУ. ТРАГЕДИЯ, НАЧАВШАЯСЯ...

Референдум күні әр екі сағат сайын дауыс беру барысы туралы ақпарат беріліп отырады

Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге дайындық жұмыстарын...