Əлем елдерін алаңдатқан тағы бір соғыс өрті Иранда тұтанды. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды əскери операция бастағанын мəлімдеді. Өкінішке орай зымырандар тек əскери нысандарға ғана емес, бейбіт халыққа да залалын тигізді. Иранның шамамен 20 қаласына, соның ішінде Тегеран, Исфахан, Құм, Шахрияр жəне Тебризге шабуыл жасалды. Алғашқы күні əуе соққысы салдарынан қаза тапқандар саны 148 адам болса, жараланғандар саны 300-ден асты. Оның басым бөлігі – мектеп оқушылары.
Беделді халықаралық ұйымдар екі тарапты бітімге келтіріп, мəселені бейбіт шешуге үндегенімен, қақтығыстың қантөгіссіз тоқтайтын түрі жоқ. Тіпті Иранның жетекшісі Аятолла Əли Хаменеидің өлімі де жағдайды реттеуге көмектеспей тұр. Билік Хаменеидің қайтыс болғанын ресми растап, 40 күндік аза тұтуды жариялағанымен, АҚШ пен Израильге қарсы ұрыс қимылдарынан бас тартпады. Əскери операцияға басшылық ету Иран Ислам Республикасының жаңа жетекшісі сайланғанға дейін Аятолла Əлиреза Арафиге жүктелген. Ал жаңа басшы АҚШ пен Израильдің əрекетін негізсіз агрессия деп бағалап, өз қарсылығы ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Бахрейндегі АҚШ-тың Бесінші флоты штабына жəне Катар, БАƏ, Кувейт, Сауд Арабиясы мен Иорданиядағы АҚШ əскери базаларына соққы жасады. Осылайша саяси алаңдағы жымысқы қадамдардың салдарынан Таяу Шығыстағы бірқатар ел қауіп-қатердің ортасында қалды. Қазір ресми Израиль өз əрекетін «Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеуді» мақсат еттік деп ақтаса, АҚШ Иранның əскери-теңіз күштері мен қорғаныс өнеркəсібін жоюға ниетті екенін алға тартқан. Осы əскери операцияға орай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Бас хатшы Антониу Гутерриш АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған жаппай əскери соққыларын айыптайтынын айтып: «Сондай-ақ Иранның кейінгі əрекеттерін де айыптаймын. Бұл шабуылдар Бахрейн, Ирак, Иордания, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы жəне Біріккен Араб Əмірліктерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзды. Қазіргі жағдай халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр. Əскери іс-қимылдар əлемдегі ең тұрақсыз өңірде ешкім бақылап үлгермейтін оқиғалар тізбегіне əкелуі мүмкін», – деген алаңдаушылығын білдірді. Бас хатшы халықаралық даулар тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс екенін қадап айтты. Қазақстан да əлемдегі төтенше оқиғаға жіті көз тігіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған елдердің халқына қолдау білдіріп, күрделі кезеңде ынтымақтастық пен жанашырлық танытатынын жеткізді. Президент өз үндеулерінде достас əрі бауырлас мемлекеттердің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген əскери əрекеттерді қатаң айыптайтынын айтты. Сонымен қатар Қазақстанның барлық күрделі халықаралық мəселелер мен қарулы қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бауырлас араб елдеріне қолдан келген көмекті көрсетуге дайын екенін білдіріп, олардың жоғары басшыларымен тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға үміт артатынын қаперге салды. Бүгінде Иран аумағында 96 Қазақстан азаматы бар. Сонымен қатар таяу шығыс елдерінде жүрген Қазақстан азаматтарымен де Сыртқы істер министрлігі тұрақты байланыс орнатқан. Ең бастысы əскери қақтығыс орын алған елдердегі Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Құзырлы орган отандастарымызды қауіпсіз əуе кеңістігімен елге алып қайту жолдарын іздестіріп жатыр. Елге жете алмай қалған отандастарымызға жаппай жиналатын орындарға жəне қоғамдық іс-шараларға барудан аулақ болу; жергілікті билік пен ресми ақпарат көздерін үнемі бақылау; құжаттарды əрда йым өзімен бірге алып жүру; мүмкін болатын төтенше жағдайларға да йын болу; Қазақстан дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланыста болу қажеттілігі ескертілген. Қауіпті аймақтардағы Қазақстан елшіліктері отандастарымызбен тəулік бойы байланыста.
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»



