«Ел даусыз болмас» дегендей, дау кез келген қоғамда кездесетін құбылыс. Алайда, сол дауды реттеудің тиімді, мәдениетті тәсілі болуы керек. Ол медиация.
Бірақ, даудың барлығын дерлік сот тәртібінде шешу біріншіден мүмкін емес екендігін, екіншіден ол тараптардың ойындағы шешім болмайтындығын ұмытпаған жөн. Өйткені соттың қандай да бір іс бойынша қабылдаған шешімі екі жақты бірдей қанағаттандырады деуге болмайды. Ондай сот шешімі әрине бір тараптың құқығын жоғары, ал екіншісін төмен қойғандай болып көрінетінін қоғамда орын алып жатқан пікірталастан білуге болады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алға қойған реформаларының бірі — соттардың жүктемесін азайту, мүмкіндігінше істерді бейбіт жолмен, бітімгершілікпен шешу болып табылады.
Осыған орай, қазіргі кезде татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге қызықтыруға, қоғамдағы шиеленістерді азайтуға, төмендетуге оң ықпал ететін «Медиация туралы» заңы қарқынды жалғасын табуда.
Елімізде татуластыру рәсімдерін жүргізу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен (әрі қарай – ҚК), Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексімен (әрі қарай – ҚПК), Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексімен (әрі қарай – АПК), Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен (әрі қарай – АК), Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен (әрі қарай – ӘРПК) және Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен (әрі қарай – ӘҚБтК) қарастырылған.
Заңнамалардың талаптарына сәйкес татуластыру рәсімдерін жүргізу — тараптар сотқа жүгінген уақытта азаматтық, қылмыстық, әкімшілік пен әкімшілік рәсімдік істерді өндіріске қабылдау және қарау кезінде де жүргізіліп жатқан өндірістің кез-келген сатысында келісіммен аяқтай алады деген сөз. Сонымен қатар, медиация арқылы тараптардың татуласуы судьяларға түсетін жүктеменің де төмендеуіне әсерін тигізетіні анық.
Ал қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар арасындағы дауды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған тұлғаның жәбірленушімен татуласу жолымен реттелген келісімді білдіреді.
Өз кезегінде келісім ҚПК-мен көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын немесе оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады. Ал дауды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
Алайда, медиацияны қылмыстық істердің барлық санаты бойынша қолдануға жатпайтынын ескеру қажет, яғни онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолдануға болады.
Мәселен, егер тараптар арасында дауды реттеу туралы келісімге қол жеткізілсе татуластырушы судья тараптар қол қойған келісімді бекітіп, сот ұйғарымын шығарып, сонымен іс тоқтатылады.
Өкінішке орай, қазіргі таңда қоғамымызда жасөспірімдер арасында да қылмыстар, әкімшілік құқықбұзушылық көп орын алуда. Мәселен, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 2025 жылдың 12 айында барлығы 61 қылмыстық іс қаралса, оның ішінде 27 қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мен сотталушының татуласуларына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Яғни, сотталушы жәбірленушіге келтірген зиянды толық өтеуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылған.
Тәжірибеге сүйенсек, кәмелетке толмаған кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқық бұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды, түсінбейді, жеткілікті ұқпайды. Сол себептен, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысын ерте кезеңде алдын алудың және оны болдырмаудың негізгі құралы ретінде әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын және ашық түрде сөйлесіп, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы қажет.
Қорытындылай келе, қандай болмасын туындаған дауды бітімгершілікпен (медаиция, сот медиациясы, билер кеңесі арқылы) аяқтаудың қоғамда мейлінше кең тарауы, әділетпен ұштасқан екі жаққа да жағымды және тиімді қанағаттанарлық шешім болуының кепілі.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ләззат Сейтханқызы Байтленова



